Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 34 мыңнан аса жетімекті мем­­лекет өз бақылауына алып, бір бөлігі интернат типіндегі балалар үй­ле­рін­де тәрбиеленуде. Сондай-ақ қамқорлық пен патронаттық институ­тын дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді.

Бірақ қамқорлыққа алудың да, патронаттықтың да қордаланған мәселелері жеткілікті. Соның бірі – өз ба­­ламдай көріп, бауырыма басам деп қамқорлыққа алған жандардың өгейлік көрсетіп, ұрып-соғуы. Осы мәселені көтерген «Қамқорлықтағы және патронаттық отбасындағы жетім балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстел басына жиналғандар, әлеу­мет­тік жетімдіктің алдын алу, қиналған отбасыларға қолдау көрсету, қамқо­рлыққа алынған балаларды қорғау сынды өзекті мәселелерді ортаға салды.
– Қазіргі кезде қоғам жетім балалардың тағдырына бей-жай қарамай, оларға кө­мек қолын созуға тырысқанына қарамас­тан, зорлық-зомбылық көрсету фактілері­мен бетпе-бет кездесіп жатамыз. Осындай жағ­дайда оған «кім және қашан көмекке келу керек» деген ұзақ пікірталасты доға­рып, бірлесе, тез және нәтижелі қимыл­дай­тын кез жетті. Өйткені ата-ана қамқор­лығынсыз қалған баланың онсыз да тағ­дыры ауыр, әр күні қиын, – дейді Қам­қоршылар одағының директоры Әлия Қаңтарбаева.
Ал «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шол­пан Байболова жетімдер үйіндегі жеткін­шектерді тек түрлі мереке қарсаңында ғана еске алып, бір реттік акциямен шек­телеті­німізді айтып қынжылады: «Бүгінде балалар үйінің тәр­биеленушілері ішер ас пен киер киімге жары­май отырған жоқ. Оларға мемлекет бар­лық жағдайды жасап жатыр. Бізді балалар үйінен шыққаннан кейінгі жағдайы алаң­датады. Мереке кез­дерінде келіп, тәтті-пәтті мен ойыншық үлестіріп қана қоймай, бір баланы жеке қамқорлыққа алып, оның қоғамдық өмірге бейімделуіне, бір мамандықты мең­геріп, жұмысқа орнала­суына ықпал етсек, ұтарымыз әлдеқайда көп болар еді» деп түйіндейді қозғалыс жетекшісі.
Мемлекеттің қарамағындағы балалар­дың көпшілігінің әке-шешесінің көзі тірі екені көп айтылады. Тек айтып қана қой­май, қиын жағдайға кезігіп, таңдау алдын­да тұрған от­басыларға қолдау көрсету қа­жет деп пайым­дайды «Ковчег» ұйымы­ның өкілі Марина Сугакова. Ішкілікке салынып кеткен үш балалы ананың зиян­ды әдеттен арылып, өз балаларына қам­қорлық жасауға көмектес­кендерін мысалға келтіре отырып, ұйым өкілі бұл мәселеде жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын алға тартады.
– Арамызда қиын жағдайға тап бола­тын отбасылар көп. Осындай отбасыларды қолдау орталықтары қажет. Алайда отбасын қолдау орталықтарын құрғаны­мызбен, қоғам тарапынан еш қолдау болмаса, шығар нәтиже аз, – деп тұжы­рым­дайды.
Алматы қаласы ІІБ Ювениалдық по­ли­ция бөлімінің басшысы Лейла Әліп­бае­ва­ның де­регіне сүйенсек, қамқор­шы­лардың тәрбие­сін­де баланы ұрып-соғу дерегі соңғы рет 2011 жылы тіркелген. Лейла Аманбай­қызының ай­­туынша, бала­ларға қатысты зорлық-зом­бы­лық көрсету жылдан-жылға азайып келеді.
– Біз өз қызметіміздің аясында ата-ана­сы тарапынан болсын, қамқоршы та­рапынан болсын, зәбір қөрген балалардың құқығын қорғаймыз. Биыл бұндай дерек тіркелген жоқ. Тек «Челлленджер» атты жеке балабақ­шаның тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал балалар тәрбие­сімен айналыс­пайтын Алматы қаласы бойынша 1000-нан аса «неблагополучный» отбасы бар. Осындай отбасындағы балалар киер киім, ішер ас, жатар орынға жарымай күн кешеді. Алайда қандай қиын күн кешсе де, ата-ана баласынан, бала анасынан айырылғысы келмейді. Біздің жасөспірімдер ісімен айналысатын инспек­торларымыз олармен тығыз жұмыс жасайды. Ата-ана құқығынан айыру өте қатаң жаза екенін білеміз, бірақ бала үшін осындай қадамға баруға мәжбүр боламыз. Соңғы 11 айдың ішінде 29 әке-шеше ата-ана құқығы­нан айырылды, – дейді Ювениалдық полиция бөлімінің басшысы.
Ал ата-ана құқығынан айырылғандардың ұл-қыздары балалар үйіне жіберіледі. Яғни әлеуметтік жетімдердің қатарын толықтыра­ды деген сөз…

 

Үмітжан Жапар

http://www.aikyn.kz/articles/view/38933

 

Рубрика: