Қазақ әдебиеттану ғылымында өзінің әу бастан індетіп келе жатқан белгілі бір тақырыбы бар ғалым – Уәлихан Қалижанов. Жуырда ғалымның әдебиеттану саласы бойынша «Ойкөз» деп аталатын кезекті кітабы жарық көрді. Екі бөлімнен тұратын бұл еңбекте, негізінен, зерттеу өзегіне ай­нал­ғандар – бүгінгі таңдағы әдеби үрдістер мен тәуелсіздік лебімен келген жекелеген туындылар.

 

 

Автордың «Репрессияланған эпостар» деп аталатын мақаласы «Қазақ әдебиеті» га­зетінде жариялана салысымен, қалың оқыр­манның назарын аударды. Бұл ма­қаланың жазылуына өзек болған жайт – 1953 жылы 11-12 сәуір күндері Ғылым ака­­­демиясында қазақтың эпостық жыр­ларының талқылануы. Ғасырлар қойн­ауы­нан жеткен бұл ұлттық рухани мұралар социалистік рухқа сай келе ме, жоқ па, оларға деген партиялық көзқарас қандай болмақ деген мәселе зиялы қауым өкіл­дерінің басым көпшілігін толғантқаны сөзсіз. Тоталитарлық жүйе осы жырлардан теріс пиғыл, таптық астар іздеп әлекке түскені белгілі.

Баяндамашы, әдебиеттанушы ғалым Мә­лік Ғабдуллин өз баяндамасын орыс ті­лінде жасап, оның арты қызу пікірталасқа ұла­сыпты. Мақала авторы баяндамашы та­рапынан сын садағына ілінгендердің қа­тарында М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұ­қа­нов, Б.Кенжебаев сынды ұлттың рухани тіректері болғанын және екіжақты пі­кірталастардың ең алдымен ғылыми емес, саяси мәнге ие болғанын атап көрсетеді. Осы мәжілісті талқылау барысында автор­дың тек ақпараттық деңгейде қалып қой­май, өз тарапынан ғылыми талдаулар да жасай білуі де – жаңаша ойлау барысындағы ізденіс жемісі. Тәуелсіз Қазақстанның р­у­хани мұрасы сол ұлт патриоттары ұстанған по­­зицияның берік  екендігін  дәлелдеп  шық­­қанына назар аудара отырып, тұшым­ды түйін­дер жасайды.

Жинақтағы көлемді де сүйекті мақа­ла­ның бірі – «Әңгіме өзегі – заман, қоғам, адам». Мұнда кітап авторы Қазақстан Рес­публикасы тәуелсіздік алғаннан бері өмір­ге келген әңгімелерге ғылыми сараптама жа­сайды. Ғалым ретінде алдымен назар ау­даратыны – осы бергі кезеңде туған шы­ғармалардың бойындағы көркемдік ерек­шеліктер мен ұлттық және адамзаттық құн­дылықтардың көрініс табуы. Талдауға түс­кен шығармалар қарамы едәуір. Олар­дың арасында бұрын сын назарына  ілін­бей, қағыс қалып жүрген шығармалар да кез­деседі. Зерттеу нысанына ілінгендердің ішінде Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділов, Б.Нұр­же­кеұлы, Т.Нұрмағамбетов, М.Мағауин, Н.Дәуітаев, Р.Мұқанова, Т.Ахметжан, Н.Ораз және т.б. прозашылардың әңгімелері бар.

Кітап авторы кейінгіжылдары дүниеге кел­ген әңгімелерді талдай отырып, баса на­зар аударатыны – олардың көркемдік дең­гейі, ұлттық сипаттардың көрініс табуы, замана көлденең тартып отырған өзек­ті проблемалардың игерілуі сияқты екі-үш мәселе. У.Қалижановтың «Проза жан­рындағы кесек-кесек дүниелері ар­қылы келелі мәселелерді көтеріп жүрген, озық туындыларымен қазақ оқырман­да­рының көз қуанышына айналған, әдебиет алыптары шоғырының белді өкілдерінің бірі – Қазақстан халық жазушысы Шерхан Мұртаза. «Ш.Мұртаза әңгімелерінің бар­лығына дерлік ортақ ерекшелік – ұлттық мінездің ашылуы» (60-б) деген пікіріне бас­қа да әдебиеттанушылардың бас изей­тіні сөзсіз.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және  өнер институтына директор болып келгелі У.Қалижановтың бастамасымен бүгінгі әде­биеттану мен өнертану ғылымдарын уа­қыт талаптарына сай одан әрi дамыту ба­ғытында істеліп жатқан шаруалардың өзі бір төбе.

 

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы

http://www.aikyn.kz

Рубрика: