84345a4e3449192557f385f7ee49d3f8Абай ОМАРОВ (коллаж)

Әрбір мемлекет үшін демографияның ала­тын орны ерекше. Қазақстан үшін  бұл мә­се­ле аса өзекті. Өйткені жер көлемі жағынан әлем­де тоғызыншы орында тұрсақ, ха­лық саны бо­йын­ша 62-ші орынды місе тұ­туға тура келіп тұр. Зерттеушілер мынадай ау­қымды аумақты игеру үшін халық саны 200 млн болуы керектігін ай­тады. Ендеше, сол межеге қалай, қашан жетеміз? Қазақстан халқын 2050 жылы 30 миллионға жеткізу ме­желеніп отыр. Бірақ бүгінгі қарқынмен сол белесті де бағындыруымыз қиын сияқты.

Тәуелсіздік алған 20 жылдағы де­мо­гра­фиялық жағдайымыз қалай? Күні кеше 17 млн адамнан астық деп жаһанға жар салдық. Бұл соншалықты тақиямызды аспанға ата­тын­дай көрсеткіш пе? Алысқа бармай-ақ, көр­ші ала шапанды ағайын­дарм­ен са­лыс­тырып көрейік. 1989 жылғы санақ бойынша  Қа­зақстан халқы 16 млн 466 мың адамды құраған екен. Ал қа­зір  17 млн адамға же­тіппіз.  Яғни 20 жылда  400-500 мың адамға ғана өсіппіз. Дәл осы уа­қыт ара­лығында Өз­бек­станда халық саны бір­неше млн адамға кө­бейіп үлгеріпті. Айталық, 1989 жылы доппы киген өз-аға­ла­рымыз 19,8 млн  болса, биыл бұл елдегі жұрт­шылық саны 30 млн-нан асып жы­ғыл­ған. Сонда бас-аяғы 20 жылда ол елдегі тұрғындар 10 млн адамға арт­­қан екен. Еліміздегі мұндай көрсеткішті ма­­мандар ішкі және сыртқы миграциялық тол­қумен сабақтастырады.

                                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мұрат НАСЫМОВ, саяси ғылымдарының кандидаты, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің оқытушысы:

– Бұл тұрғыда жаңалық ашудан ау­лақ­пын. Оның себебін бәріміз де бі­леміз. Бір кездері Қазақстанда жер­гілікті ұлттың үлес салмағы 42 пайызға де­йін төмендеп кеткенін жақсы білеміз. Қалғанын қазақ жеріне түрлі себеп­тер­мен қоныс аударған өзге этнос өкілдері құрағаны белгілі. Соңғы дерек көз­де­ріне сүйеніп көрсек, жиырма жылдың ішін­де өзге ұлттар саны азайып бара жат­қанын аңғаруға болады. Мәселен, орыс­тарды алып қарайық. 1989 жылы біздегі орыс­тардың саны 6 млн 536 мың адам­ды құраған екен. Кейінгі есептеулерде олар 3,7 млн адамнан ас­пай­тыны бел­гілі болды. Сонда жиыр­ма жылдың ішін­де орыстар 3 млн адам­ға жуық азайған. Демографияда осы­ның өзі аз салмақ емес. Сондай-ақ өзге этнос өкілдері арасынан өзбек пен ұйғырдан басқасының барлығы азайып ба­рады. Атап айтқанда, 90-шы жыл­дар­ға дейін елімізде 1 млн адамға жуық немістер тұратын болса, қазірде олар­дың саны 200 мыңға да жетпейді. Бір сөзбен айтқанда, өзге ұлттар өзде­рі­нің тарихи Отандарына оралуға ше­шім қа­был­да­ған. Есесіне қазақтар саны 5 млн адамға көбейген. Яғни, 1989 жы­лы елі­мізде 6 млн 536 мың қазақ тұр­са,  соң­ғы есепте 11 миллионнан ас­қан екен. Яғни, демография мәсе­ле­сінде жер­гілікті ұлт өкілдері үлкен рөл ат­­қа­рып отыр. Маманның айтқаны кө­ңіл жұ­бат­қанымен, бізде бұл тұрғыда про­­бле­ма баршылық. Ертеде әрбір қа­зақ от­басында ең кем дегенде бес-алты ба­­ладан болушы еді. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ондай шаңырақ  өте аз кездеседі. Тіпті көп балалы болуды ескінің қалдығы деп қарайтын болдық. 

Қайсыбір жылдарда демография мә­се­лесі сәл-пәл кідіріп қалғанын бәріміз ұмыт­қан жоқпыз. «Бұл халықтың тұр­мыс­тық-әлеуметтік жағдайының төмен бо­луынан қалыптасты» дедік. Одан кейінгі жыл­дарда елдің жағдайы жақсарды. Де­генмен демография дүмпуі орын ала қойған жоқ.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қа­зақ ұлты жиі шоғырланған Оңтүстік Қа­зақ­стан, Маңғыстау, Қызылорда об­лыс­та­ры бала туу жөнінен көш басында келеді. Өкінішке қарай, өзге этнос өкілдері басым Сол­түстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қа­зақстан, Қостанай өңірлері халықтың са­нының өсуі жөнінен «минусқа» кіріп ке­тіпті.

Кей мамандар демография өсіру үшін ана мен балаға жасалатын  қамқорлық өз дең­гейінде болуы тиіс. Қазақстан хал­қы­ның көбеюі мен азаюын қалт жібермей қа­дағалап жүрген демограф Мақаш Тә­ті­мов:

– Отбасыға, әйелге, балаға деген қам­қорлық бізде жоқ емес, әрине, бар. Бірақ жет­кілікті дәрежеде емес. Біздегі балаға бе­рілетін жәрдемақы­ны салыстырмалы түр­де айтсақ, Украинаға қарағанда 1,5 есе, Белоруссияға қарағанда 2 есе, ал Ре­сейге қарағанда 5 есе төмен екен. Құр ән­ше­йін «беріп жатырмыз, алып жатырмыз» деп айтамыз, шынын айтқан­да, жас отба­сы­ларға, аналарға жағдай жасау жағы кем­шін болып отыр. Осы орайда мен  қа­жетті ұсынысымды айтайын. Мысалы, Ал­тын алқаны жетінші балаға береді, Күміс ал­қаны алтыншы балаға береді. Ал төр­тін­ші, бесінші бала қайда қалады сонда? Не­гіз­гі елді өсіретін осы төртінші және бесінші ба­ла емес пе? Қалада жоғалып кеткен төр­тінші бала мен ауылда сирек кездесетін бе­сінші баланы қазір қайта қалыптастыру ке­рек. Алтын мен күміс бар болса, неге қо­ла­ алқаны шығармасқа. Бес баланы бо­сан­ған анаға қола алқаны тағайық. Әл­бет­те, көп балалы отбасыларға әлеуметтік тұрғыда көмек болуға тиіс. Бұдан бөлек, отбасында төрт-бес баланың әкесі болып отырған ерлерді де ынталандыру керек-ау, – деп ағынан жарылыпты.

Қазақстан халқының санын қарыштап өсіру үшін не істеу керек?  Бұл тұрғыда Франция елінің тәжірибесін пайдаланған артық емес секілді. Онда өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап халық санын өсіруге аса мән берілген. 1946 жылдары балу тууды көтермелеу саясатына мән беріліп, бұл тұрғыда қаржылай көмек көрсетілген. Соның арқасында 1946-1974 жылдар аралығында француз жұрты 12,1 млн адамға артқан екен. Қазіргі таңда осындай саясатты демографиялық өсімі жоқ елдердің бірқатары қолға алып отыр.

Иә, Қазақстан үшін демография – өзек­ті тақырыптың бірі. Оны жолға қоюға біз­де барлық мүмкіндік бар. Тек әзірге бұл мә­селеге аса мән бермей отырған сияқ­ты­мыз.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

http://alashainasy.kz/main/44677/

Рубрика: