Қайыржан ТӨРЕЖАН .Шыңғысханның ескерткіші Қазақстанда неге жоқ?

450776_1404551827_250_186_0ЮНЕСКО-ның шешімімен соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы деп жарияланған ұлы қолбасшы Шыңғысханды Азияны мекендеген ежелгі халықтардың әрқайсысы өз жағына тартқысы келеді. Ресей Федерациясы аумағына кіретін Бурятияда Шыңғысханның шешесі Оянға ескерткіш қойылмақшы. FlashSiberia агенттігі таратқан бұл ақпарат Баргузин дацанының (монастырь) ширээтэ ламасы Цыден Намжиловтің аузынан шыққан екен.
Жергілікті билік Баргузин дацанының аумағына Моңғолияда жасалған Оянның (бурят, моңолдар оны Оулэн деп атайды) ескерткішін жылдың аяғына дейін орнату үшін қаржы жинауға хабарландыру жариялапты. Ламаның мәлімдеуінше, Оулэн осы Баргузин өңірінде туған болып шықты. Буряттардың аңызы бойынша оның жерленген жері Оронгой өзені бастау алатын Хамар-Дабан тауының төсінде, 1550 метр биіктіктегі жотадаға қорым болып саналады.
«Оэлун бурят қызы болған. 1212 жылы Шыңғысхан шешесінің еліне жол тартты. Сол кезде оның жүріп өткен жолында адамдар табынатын екі киелі орын пайда болды. Оның бірі симметриялық конус түріндегі үлкен тастардан жасалған обоо (оба). Оэлунға қойылған обооның биіктігі 15-18 метр, ал диаметрі 50 метр болады. Екінші обоо моңғол халқының түпкі атасы Бурдун-Шоноға қойылған. Бұл төбені Шыңғысхан Бурхан Галта Уула (Киелі отты төбе) деп атапты. Оронгой өзенінің сағасындағы Баржагар жартасында қызыл боямен ежелгі ұйғыр тілінде «Ехэ эзэнэй эхэ орон» ( Ұлы ханның шешесінің отаны) деген жазулар болған» деген уәж айтады лама Цыден Намжилов.
Буряттар Шыңғысханның шешесі Бурятияда туып, осы жерде өлген дегенге осындай бұлыңғыр ғана айғақты алдыға тартады. Бірақ ол жазулар Шыңғысханның шешесіне арналып жазылды ма, басқа біреуге жазылған ба – оған ешқандай дәлел жоқ. Өйткені әлгі жартастағы жазу 1906 жылы Моңғолияға темір жол салған кезде жойылып кеткен екен. Бірақ соңғы кездерде бұл жерді қасиетті деп санайтын адамдардың саны көбейген. 2012 жылы Шыңғысханның 800-жылдығына байланысты Ресей Сангха дәстүрлі буддасы және лама Итигэловтың Пандито Хамбо институтының ұйымдастыруымен бұл жерге экспедиция жасалыпты.
Сөйтіп, буряттар Шыңғысханды жиен қылып алды. Болса болар. Арада бірнеше ғасырлар өтті, қазірдің өзінде кімді кім біліп жатыр. Уақыт өткен сайын ұлы адамдар бәріне ортақ болып кететін сияқты. Қазір Астанадағы балаларды жапонның айкидо күресіне жаттықтырғысы келіп жүрген Голливуд актері Стивен Сигал да бойында Шыңғысханның қаны бар екендігін мәлімдеді. Болса болар. Ал енді мына қисынсыз әңгімеге не айтуға болады?! 2003 жылы харьковтық тарихшы ғалым Александр Зинухов өзінің кітабында Шыңғысханның украиналық екенін өзінше дәлелдеп шықты. Оның зерттеулерінше, Шыңғысханның шешесі Оян – славян қызы, оның есімі – Елена. Ал әкесі – Исаак атты еврей. Ұлы қолбасшы Моңғолияда емес, қазіргі Украина жерінде, Дон мен Днепр өзенінің ортасында дүниеге келген. Шыңғысхан туралы ертеректе жазылған жылнамалар мен аңыздарды алға тарта отырып Александр Зинухов «моңғолдар орыс жеріне басқа жақтан келмеген, олар XIII ғасырда осы маңды мекендеген. Хазар даласында туып, өмір сүрген Шыңғысхан Шығысты жаулауға аттанған. Оның әскері орыстар мен түркілерден құралған» дейді.
Әлемді билеген ұлы қолбасшыны зерттеуге ғұмырын арнаған атақты жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин Шыңғысханның қазақ екенін дәлелдейтін фактілерден тұратын төрт томдық тарихи жазып жатыр. Шыңғыс империясының негізін қалаған қият, керей, найман және меркіт тайпаларының тектері түрік екені тарихи факт. Шыңғысханның әкесі Есугей баһадүр қият тайпасының көсемі болатын, шешесі – қоңырат. Шыңғысханның әйелі Бөртенің руы қоңырат. Оны басқаша бұру кімге, не үшін қажет болды екен?
Алтын Орда тарихын ұзақ уақыт зерттеген белгілі ғалым, «Страна Моксель», «Москва Ордынская» атты тарихи кітаптардың авторы Владимир Белинскийдің айтуынша, Кеңестік тарихшылар қаншама бұрмалағанмен, Шыңғыс ханның қазақ екендігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. Шыңғыс ханның ұрпақтары, Алтын Орда хандарының барлығы Моңғолстанда емес, қазақ жерінде отырғанының өзі-ақ осыны білдіреді. Ұлы әміршінің империясында түрік тілінде сөйлеген. Шыңғысханның шын есімі қазақша Теміршын деп оқылады. Ұлы әміршінің түрік екеніне ғалымның келтіретін қисындары көп. Шығысқа жасаған ұлы жорығы алдында Шыңғысхан билігі барлық түрік тайпаларын мойындаған. Сондықтан Қазақстан аумағында Шыңғысхан әскері мен көшпенділер арасында соғыс болмаған. Шыңғысхан империясы құрыла бастаған кезде-ақ наймандар және басқа да тайпалар оның құрамына енген. Өткен жылы тарихшы Владимир Белинский: «Жақын арада Шыңғыс ханның қазақтан шыққаны ресми түрде мойындалады. Өзіндік көзқарасы болғанмен, Қазақстан Ресей мен Қытайға әлі жалтақтағаны болмаса, тарихта жазылған мифтерге сенгісі жоқ» деген ойын жариялады.
Ресейдің белгілі тарихшысы Мұрат Аджи да өз еңбектерінде осындай пікірлерін жазады. Теміршын Алтайдан шыққан түркі тайпаларының өкілі. Шыңғысхан империясында айналымда болған металл ақшаның бетіне түркіше жазылуы соның дәлелі. Олардың көбінде «Қазақ», «Алаш», «Аха Қан» деген түркіше жазулар бар. Ал моңғол тайпалары Шыңғысханның Қытайға жасаған ұлы жорығы алдында ғана осы империяға кірген. Моңғолдарда хандық титулы болмаған, түрікке тән есімдері де жоқ. Осындай дерктердің өзі моңғолдардың Теміршынға ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдеп тұр.
– Шын мәнісінде Шыңғысхан тарихы – ең алдымен түрік халықтарының тарихы. Оның ішінде ежелгі қазақ тарихының ең толымды кезеңдерінің бірі. Шыңғыс хан және ол ғұмыр кешкен заман турасындағы тарихи жәдігер атаулы – саусақпен санауға келмейді. Небәрі үш кітап – Ата-Мәлік Жувәйни жазған “Жихангердің тарихы” және Рәшид-әд-Дин құрастырып, қалыптаған “Жинақты тауарих”. Бұл өзгеше екі еңбек Шыңғыс хан тарихын жан-жақты әрі толық қарастырады, дерегі мол және даусыз, нақты. Осы қатардағы тағы бір ерекше мұра – тарихи нұсқадан әдеби эпосқа бейім “Қастерлі шежіре”. Бұдан соңғы жарым-жартылар: Нәсәуи жазған, Шыңғыс ханның Сартауыл жорығы турасында шынайы мағлұмат беретін “Жәлел-әд-Диннің ғұмырбаяны”, осы кезеңге қатысты біршама ақпар, дерегі бар Ибн әл-Асир мен Жүзжани жазбалары; заманалық енді бір мәнді куәлік – Түстік Қытай елшісі Чжао Хуң қалдырған “Мэн-даның толық сыпаттамасы” және дао сопысы Чаң Чуннің “Батысқа саяхаты”. Болды, бітті. Айтпақшы, кейіннен таңбаға түскен «Юань ши” – “Юань тарихының” тиесілі тармақтары және “Әулие-жихангердің жеке жорықтары” аталатын шағын жазба, бәрі де қытай жәдігері. Әлбетте, Шыңғыс хан құрып кеткен империя, оның байырғы жұрты турасында бірталай сыпаттама, деректер жинақталған басқа да еңбектер бар. Карпини, Рубрук, Марко Поло… әр кездегі әрқилы елшіліктер есебі дегендей. Шыңғыс ханның өзі емес, заманы және басқа да жағдаяттар төңірегінде. Жинақтай келгенде, адамзат тарихындағы аласапыран, аса күрделі, тұтас бір дәуірге қатысты ескілікті тұма деректер әжептәуір, сонымен қатар, төрт тарапты түгендейтіндей көп те емес, – дейді жазушы Мұхтар Мағауин.
Сонымен, жоғарыда келтірілген ғалымдардың зерттеулерін сараптай отырып Шыңғысханның шешесіне қатысты әңгімені қорытындылайтын болсақ, оған бурят тұрмақ моңғолдардың да ешқандай қатысы жоқ деп айтуға болады. Осы жерде мынандай тағы бір деректі келтіре кетейік, XXI-ХІІІ ғасырлардағы демографиялық көрсеткіштерді салыстырып қарағанда, сол кездегі моңғолдардың саны 50-60 мың адамды ғана құрайды екен. Ал Шыңғыс ханның әскері 300 мың адамнан асқаны белгілі. тарихшы Александр Бушков былай деп жазады: «Моңғол жазуы ХVІІ ғасырда қалыптасты. Сондықтан да қазіргі кезеңде Шыңғыс ханға жақын болып келетін ешқандай жылнама деректер жоқтың қасы». Сондықтан моңғолдар да, буряттар да, украиндықтар да өз ұлтының байырғы тарихына айрықша мән беріп, ақиқатты ажыратып алуы керек сияқты. Ал Оянның ескерткіші Баргузинде емес, Қазақстанның Сарыарқасында тұруы тиіс. Шынында да, Қазақстанда Шыңғысханға немесе қазақтың ұлы даласына билігін жүргізген Ұлы әміршінің тұңғыш ұлы – Жошыға осы уақытқа дейін неге бірде бір ескерткіш орнатылмаған?

Загрузка...

Добавить комментарий

You must be logged in to post a comment.