АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Қайыржан ТӨРЕЖАН .Қаруыңды тапсыр!…

DSCN5698(2)Биылғы жылдың 9 айында Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары құқық қорғау органдарына өз еріктерімен 2800-ден астам атыс қаруларын тапсырды, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Елімізде ерікті түрде қару тапсыру шарасы жыл сайын өткізіледі. ІІМ жыл сайын миллиондпған қаржы бөліп, мыңдаған атыс қаруларын тұрғындардан сатып алады. 1 қаңтардан бастап жыл аяғына дейін тұрғындардың қолында заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды  сатып алу  бойынша кезекті акция  өткізіледі. Қазіргі кезде барлық облыстық, аудандық ішкі істер бөлімдерінде сыйақы белгілеу жөніндегі  комиссия  жұмыс істеуде.  Осы акция бойынша  оңтүстікқазақстандықтар жыл басынан бері полицияға 2873 қаруды өз еріктерімен өткізіп беріпті.

ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасындағы лицензиялау тобының инспекторы Асхат Шарафутдиновтың айтуынша, акция кезінде ішкі істер органдарына 2770 азамат келіп, травматикалық қаруларын тапсырды. Бұл қолда бар қарулардың 96 пайызын құрап отыр. Акция жыл басында басталған. Алғашқы айларда облыс тұрғындары ондаған қару ғана тапсырған екен, ал жылдың ортасына қарай оңтүстікқазақстандықтар қаруларынан белсендірек арыла бастады. Заңсыз сатып алынған қаруларын өткізгендер  үшін жақсы сыйақы тағайындалған.

Қаруды өз еркімен тапсырғандарға оның түріне қарай әрбір бірлігіне ақшалай қаржы беру қарастырылған. Оның тәртібі төмендегідей. Қаруларды қабылдау және рәсімдеу қалалық, аудандық ішкі істер органдарында азаматтың жазбаша өтінішінің негізінде жүргізіледі. Арнайы комиссиялар сыйақы мөлшерін анықтау барысында қару-жарақтың техникалық жағдайын үш санат бойынша ескереді:

— 1 санатқа жатқызылған қару үшін ұсынылған бағаның 90% төленеді, 2 санатқа 70%, 3 санатқа 50% төленеді. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды, травматикалық және газ ататын тапаншаларды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды.

Осылайша, ішкі істер департаменті «Оса» тапаншасы үшін 44 мың теңге төлесе, МП-355 қаруы үшін 250 мың теңгеге дейін ақша төлеген.  Бүгінде облыс тұрғындарына 106 млн жуық теңге төленіпті. Қаржылай сыйақыны полицейлерге қаруымен бірге рұқсат қағазы бар адамдар ғана алды, ал лицензияның мерзімі өтіп кетсе 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеген. ІІД мәлімдеуінше,  халықты қарусыздандыру аймақтағы криминалдық жағдайға оң әсерін тигізеді, қылмыстың алдын алудың тиімді әдісі болып табылады. Қару тапсыру акциясы 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Осы мерзімнің ішінде заңсыз қаруларын өткізіп сыйақы алып үлгермегендері қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.