D0BE1CCF-2EFC-4179-B460-3929860B5FED_mw800_mh600_sЙемен Республикасын азаматтық соғыс өрті шарпуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының эмиссары Джамаль Беномар Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осылай деп мәлімдеме жасады. Эмиссардың мұндай мәлімдеме жасауына негіз де жоқ емес. Йемендегі үкіметтік күштер мен шиіттердің хуситтік топтары арасындағы қақтығыс ел ішіндегі жағдайды бейбіт түрде реттеуге мүмкіндік бермей отыр. Осыны ескерген БҰҰ-ның өкілдері Йеменде азаматтық соғыстың тұтануы мүмкін деп дабыл қағуда.
Арабия түбегінің Оңтүстік және Оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Йемен мемлекеті Араб республикасы мен Йемен Халық Демократиялық Республикасының ерікті түрде бірі­гуі нәтижесінде құрылған. Бұл елде аз­а­маттық соғыс бұған дейін де бол­ған. Тарихқа жүгінсек, азаматтық со­ғыс Йеменді 1962 жылы шарпыды. Сол жылы полковник Абдалла ас-Саляль басқарған офицерлер тобы ұйымдастырған әскери төңкерістен кейін Солтүстік Йеменде республикашылдар мен Хамидаддин династиясының монархиясын қолдаушылар арасындағы 8 жылға созылған азаматтық соғыс бас­талып кетті. 1963 жылы Оңтүстік Йеменде де азаматтық соғыс орын алды. Ұлттық майдан мен британдықтардың отаршылдық билігіне қарсы азаттық майданы арасындағы қарулы қақтығыс 1967 жылға дейін созылған. Дәл осындай қарулы қақтығыс Йеменде 1994 жылы қайта басталды. Бұл жолғы текетірес Йемен Үкіметі мен Йемен социалды партиясының арасында өрбіді. Йемен социалды партиясы Оңтүстік Йеменнің 1990 жылға дейінгі егемендігін қайта қалпына кел­тіріп, тәуелсіз мемлекет ретінде қалып­тастыруды көздеген болатын. Алайда бұл қарулы қақтығыстың соңы Йемен үкіметінің жеңісімен аяқталды. 20 жылға жуық уақыт азаматтық соғыстан алыс болған Йемен Республикасына 2014 жылы соғыс бұлты қайта үйірілді.
Бүгінгі күні Йемен Республикасына қауіп төндіріп отырған қақтығыс өткен жылдың 8 шілдесінен басталды. Дәл осы күні хуситтер өздерінің алғашқы қадамын жасап, Амран қаласын күшпен басып алған. Тамыз айының ортасында хуситтер мұнай өнімдеріне арналған субсидияның қысқаруына наразылық білдіріп, көтерілістер ұйымдастыра бастады. Өйткені мұнай өнімдеріне қатысты субсидияның қысқаруы елдегі жанармай бағасының екі есе қымбаттауына әкеп соқтырды.
Ал қыркүйек айының ортасында текетірес тіптен шиеленісіп, Йемен Республикасының астанасы Сана қаласының төңірегінде үлкен қақтығыстар орын ала бастады. Бірнеше күн ішінде хуситтер қарулы қарсылық танытқан күш құрылымдарына тойтарыс беріп, Сана қаласындағы мемлекеттік мекемелерді күшпен басып алды. 2014 жылдың 15 қазанында хуситтер Ибб қаласын оп-оңай бағындырды. Хуситтерге бұл қаланы күзетіп тұрған қауіпсіздік күштері мен жергілікті тұрғындар қарсылық танытпаған. Одан кейін хуситтер Дамар қаласын бақылауға алды. Осылайша, хуситтер Йеменнің барлық қалаларын жаулап алуға тырысты.
2015 жылдың 17 қаңтарында тағы да бір тосын жағдай орын алды. Ел астанасында президент кеңсесінің басшысы Ахмед Авад бен Мубаракты белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Әрине, елдегілер мұның артында хуситтер тұр деген қорытынды шығарды. Арада екі күн өткенде Сана қаласында тұтанған қақтығыста бір адам қаза тауып, үш адамның жарақат алғандығы туралы хабар тарады. Мұнымен тоқтамаған хуситтер Сана қаласының орталығында орналасқан Йемен Республикасының премьер-министрі Халид Махфуз Бахахтың резиденциясын қоршауға алды. Шиіттердің хуситтер тобы мен Йемен әскері президент сарайының маңында қақтығысқан. Осы қақтығыстың нәтижесінде шиіттерден жасақталған «Аңсар Алла» қозғалысының қарулы тобы президент сарайын бағындырды. Сарай үшін болған қарулы текетіресте 9 адам қаза тауып, 60-тан астам кісі жараланған. Күн сайын жалғасқан қарулы қақтығыстың тоқтайтын түрі байқалмады. 20 қаңтар күні «CNN» телеарнасы Сана қаласында белгісіз біреулердің америкалық елшіліктің көлігіне оқ атқандығы туралы хабар таратты. Дәл осы күні қарулы күштер қолбасшысына да қастандық жасалыпты. Елдің шығысында орналасқан Хадрамаут провинциясының Эль-Катн ауданында генерал Яхьи Абу Аваджа мінген көліктің жолына жарылғыш зат қойылған. Жойқын жарылыс пен атылған оқтардың әсерінен бұл күні 5 сарбаз ажал құшты. Одан кейін президент резиденциясынан шығып бара жатқан Қорғаныс министрі Махмуд ас-Субайхқа шабуыл жасалады.
Хуситтердің дәл осы күні Йеменнің президенті Абд Раббо Мансур Хадиге шабуыл жасағаны да белгілі болды. Осы сәтте «Аңсар Алла» ұйымы саяси кеңесінің мүшесі Хамза әл-Хуси көтерілісшілердің президентті тақтан түсіру туралы ойы жоқ екен­дігін мәлімдеді. Олардың көздегені – Мемлекет басшысы сарайының аумағында орналасқан қоймадағы қару-жарақтарды көтерілісшілерге беруден бас тартқан әскери қызметкерлерді арандату. Бүлікшілер әуелі мемлекеттің қоймасындағы қару-жараққа қол жеткізуді мақсат еткен. Президент сарайын басып алған бүлікшілердің көшбасшысы Абдель Малик әл-Хуси биліктен елдің барлық аймағындағы қауіпсіздік мәселесін жедел түрде шешуді талап етті. Әсіресе, Йемен Республикасының орталығында орналасқан Мариб провинциясындағы қауіпсіздік мәселесін тезірек шешу ұсынылды. Сондай-ақ, бүлікшілер Конституция жобасын әзірлеуде бар­лық тараптардың сұранысын қана­ғаттандыруды міндеттеді. Мәлім­деме жасаған хуситтердің көшбасшысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінен де, өзге мемлекеттерден де қорықпайтындығын және кез келген жағдайға дайын екендіктерін айтты. Өздерінің талаптарын билік өкілдеріне ұсынған көтерілісшілер Сана қаласындағы бақылауды күшейту үшін президент сарайының күзетін ауыстырды.
Биліктегі басты тұлғаларды қолға түсірген хуситтер 21 қаңтар күні Йемен президентімен қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келгендей болды. БАҚ-та жарияланған ақпараттарға сүйенсек, екі тарап та Йеменді федералды мемлекетке айналдыратын жаңа Конституцияның қайта жасалатынына келісті. Сондай-ақ, келісім бойынша билікте хуситтер де болуы тиіс деген міндеттеме көрсетілетін болды. Ал бүлікшілер тарапына мемлекеттік мекемелерді қоршап тұрған қарулы күштерін алып кету жүктелді. Сонымен қатар, олар президент канцеляриясының басшысы Ахмед Авад бен Мубаракты босатулары тиіс.
21 қаңтар күні хуситтердің қар­сыластары Таиз қаласында наразы­лық акцияларын ұйымдастырды. Ал Аден қаласында билік өкілдері тарапынан әуежайды жабуға бұйрық берілді. 22 қаңтар күні президент Хади отставкаға кету үшін өтініш жазды. «Sputnik» агенттігі «Йемен депутаттар палатасының төрағасы ел президенті Абд Раббо Мансур Хадидің отставкаға кету туралы өтінішіне байланысты шұғыл отырыс өткізбекші. Оған дауыс беру 24 қаңтарға дейін созылады. Бірақ отырыс ақыры болмады» деп жазды. Ал 25 қаңтарда Йемен президенті Абд Раббо Мансур Хадидің отставкаға кету туралы өтінішін қайтарып алғандығы туралы хабар тарады. Бұл туралы ақпарат құралдарының таратқан хабарлары да әр түрлі болды. Президенттің отставкаға кету туралы өтінішін қайтарып алғандығы жөніндегі алғашқы ақпаратты «әл-Жазира» арнасы хабарлады. Билікпен келісімге келуге тырысқан хуситтердің әрекетінен еш пайда болмағандықтан, олар өздерінің қарулы әрекеттерін әрі қарай жалғастыра бастады. 26 қаңтар күні бүлікшілер Сана қаласындағы мемлекеттік универ­ситетті күшпен басып алды. «Әл-Арабия» телеарнасы 27 қаңтар күні Йеменде ұлттық құтқару үкіметі құрыла­тындығын хабарлады. Мұндай шешім БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің эмиссары Джамаль Беномардың қатысуымен қабыл­данған. Осы күні хуситтер Ахмед Авад бен Мубаракты босатты.
Қаңтар айында да мәмілеге келе алмаған көтерілісші хуситтер тобы ақпан айының алғашқы күнінде елдің саяси партиясына мынадай ультиматум қойды: егер үш күн ішінде үкімет құрамы қайта жасақталмаса, бүлікшілер өздерінің шешімдерін жариялайды. Ультиматумның мерзімі 4 ақпан күні аяқталды. Ал 5 ақпанда хуситтердің жаңа «конституциялық декларация» қабылдағаны белгілі болды. Йемендегі саяси күштердің көпшілігі елді бір жыл бойы басқаратын президент кеңесін құруға келісті. Президент кеңесінің құрамына бес адам кіреді, оны Оңтүстік Йеменнің бұрынғы президенті Али Насер Мухаммед басқарады деп шешілді.
Көктемнің алғашқы айында Йемен­дегі текетіреске исламшылдар ұйымы да килікті. «Әл-Каида» исламшылар ұйымы хуситтерге қарсы шабуыл жасады. Осы шабуылда 27 адам қаза тауып, 10 адам жараланды. Исламшылдардың алғашқы нысанасы – Әл-Бейда қаласындағы стадион болды. Өйткені бұл стадионды хуситтер жаттығу алаңы ретінде пайдаланатын еді. Қақтығыс кезінде бүлікшілердің 10 адамы қаза тапты. Қақ­тығыстан кейін Альзахир ауданын­дағы мектептің жанында террорист өз-өзін жарып жібереді. Бұл мектепте нақ сол уақытта шиіттердің «Хути» қоғамының жиналысы өтіп жатқан. Террорлық әрекеттен 8 адам құрбан болса, 12 адам жарақаттанды. 8 наурыз күні осындай қақтығыстың әсерінен тағы да 17 адам қаза болды. Әл-Бейда провинциясында «Әл-Каида» ұйымының хуситтерге қарсы шабуылынан 12 адам жер жастанды. Мариб провинциясында да тағы да осындай бейберекетсіздіктен 5 адам қайтыс болды. 2015 жылдың 12 наурызында хуситтер Сауд Арабиясымен шекарада орналасқан Саад провинциясында әскери жаттығуларын бастады. Оқу-жаттығу жұмыстарына Йемен әскеріне тиесілі қару-жарақтар пайдаланылған. Әскери жаттығу жұмыстарын бастаған хуситтер араға 4 күн салып, яғни 16 наурыз күні Йеменнің премьер-министрі Халед Махфуз Бахахқа бостандық берді. Сонымен қатар, бір айдан астам уақыт үй қамағында болған өзге де үкімет мүшелерін босатты. Наурыз айының жиырмасында Сана қаласындағы Бадр және Әл-Хашуш мешітінде террористер жарылыс жасады. Екі мешіттегі жарылыстың әсерінен қаза болғандар саны 150-ге жетті. Бұл террорлық әрекетті «Ислам мемлекеті» ұйымы мойнына алды. 21 наурызда «Әл-Каида» ұйымы Әл-Хута қаласын бақылауға алды. Исламшылдар осындай қатал ұрыстар арқылы 29 адамды өлтірді, оның 27-сі әскери қызметшілер.
Йемен астанасы Сана қаласынан бас­тау алған қақтығыс Таиз қаласына да жетті. Елдегі ірі қалалардың бірі – Таизды бүлікшілер басып алды. Көтерілісшілер қазір әуежай, сот ғимараты мен әуе және әскери базаны бақылауға алған. Таиз қаласын бүлікшілер ешбір соғыссыз жаулап алды. Бүлікшілер ешкімді аямады. Көзден жас ағызатын газ шашып, оқ жаудырған. Қаладағы қарулы қақтығыстан бір ереуілші қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Таиз ел астанасы Санадан Йеменнің оңтүстігіндегі портты қала Аденге барар жолда орналасқан. Бүлікшілер Сананы осы жылдың басында жаулап алған болатын. Содан ел президенті бүлікшілерден қашып, Аденге барып бас сауғалап, ақыры ол қаланы уақытша астана етіп жариялады. Ал бүлікшілердің көшбасшысы елдегі қақтығысқа лаңкестік ұйымдар кінәлі дейді. Елдегі заңды үкімет пен бүлікшілер арасындағы текетірестің соңы азаматтық соғысқа әкелуі мүмкін. «Бейбіт келісім – алға жылжуға мүмкін­дік беретін бірден-бір жол. Екі тараптың қайсысы болмасын, елдегі қақтығысты ушықтырып, Йемен елі енді Ирактың, Ливия мен Сирияның кебін киюі әбден мүмкін», – деді Қауіпсіздік кеңесінің отырысында БҰҰ эмиссары Джамаль Беномар. Қауіпсіздік кеңесі Йемендегі бүлікшілердің әрекетін қатты айыптады. Сонымен қатар халықаралық құзырлы орган қазіргі президент Абд Раббо Мансур Хадидің билігін заңды деп танитынын айтып отыр.
Ал Йемен Республикасындағы қару­лы қақтығыстар әлі де тоқтаған жоқ. Сондықтан әлем елдері Йеменде «азаматтық соғыс орын алуы мүмкін» деген болжамның расталатынына сеніп отыр. Йемендегі жағдайдың қашан тұрақталатыны әзірге беймәлім.

Әсел Әнуарбек

http://turkystan.kz/

Рубрика: