Гүлшарат Жұбаева: «Әке серті»-нің орны бөлек мен үшін! Сұхбатымызды қандай сұрақтан бастайын, Гүлшарат?

– Маған бәрібір. Қалауыңыз білсін.

– Сізді осы уақытқа дейін мезі қылған сұрақ қандай деп сұрағым кеп отыр…

– «Келін»… Мен қазір осы фильм төңірегіндегі сұрақтарға жауап бергім де келмейді. «Осы рөлге қалай түстіңіз, не үшін түстіңіз?» деген сұрақтар мені әбден мезі етті. Менің барлық әртістік қабілетімді сол «Келінмен» өлшейді. Фильм түсірілгелі 8 жыл өтті, әлі күнге дейін құлағыма тыныштық жоқ.

– «Менен журналистер осы жөнінде сұраса екен» дейтін мәселелеріңіз бар ма?

– Тек қана «Келінге» түсіп, одан кейін шығармашылығым тоқтап қалған жоқ. «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Әке серті», «М-агент», «Қарашаңырақ» бар. Бірақ, сіздің әріптестеріңіз оларды елеп-ескермейді, айналып келіп, «Келінді» айта береді… Менің бір түсінбейтінім, осы тақырыпты қайта-қайта көтере берудің керегі не? Бұл – менің кино әлеміндегі алғашқы қадамым. Ол үшін мені жексұрын етіп көрсетудің қажеті жоқ. Бұл – «Қазақфильм» мемлекеттік дәрежеде түсірген фильм. Маған ол фильмге түсу оңай болған жоқ. Іштей көп арпалысып барып шешім қабылдадым.

Алматыға бәрін тастап келдім. Өз мамандығым бойынша заңгер де болғаным жоқ, жүрегім өнерді қалады. Менің мұндай мүмкіндікті жіберуге хақым жоқ еді. Өнердегі алғашқы қадамымның осылай басталғаны өкінішті, әрине. Сол кезде «осындай рөлге алғашқы және соңғы рет түсіп тұрмын» деп айтқанмын. Фильмнің ортасына келгенде жылап, ары қарай түскім де келмеді. Киноға түсерде мені қаншама ағалар «бұл – қазақ өнері. Кино мемлекеттің қаржысына түсірілгелі отыр. Осы фильм үшін қаншама адам жұмыс істеп жатыр. Мойныңа жүктелген міндетті аяғына дейін жеткіз!» деп көндірді. Жан-жағымдағы әртістер де, режиссер Ермек Тұрсынов та маған қолдау көрсетті. Мәселенің бас-аяғында болмаған кісілер қазір ғаламторда мен туралы «ол қыз басқа елден келген» деп жағымсыз пікірлер жазып жатыр екен. Иә, мен оралманмын, оны жасырған да емеспін, жасырмаймын да.

– Сөзіңіз аузыңызда, сізді бір сайтта Ресейдің Краснодар аймағында дүниеге келген деп жазыпты. Сол рас па?

– Ол жақта біз азғантай уақыт тұрдық. Қазір онда менің туыстарым тұрады. Өзім Өзбекстанда туып-өскенмін. 2001 жылы отбасымызбен Атырауға көшіп келдік. Ата-анам менің өнер адамы болғанымды қаламады. Сол кісілердің ақылымен заңгер мамандығын алдым. Бірақ, бәрібір музыкалық училищеде алған біліміммен Атырау қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрына биші болып орналастым. Сонда жұмыс істеп жүргенімде, режиссер Талғат Теменов мені байқап қалып, Алматыға шақырды. Осылайша, менің Алматыдағы өмірім басталды.

– Сіздің Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында хореографтың ассистенті болып жұмыс істегеніңізден хабардармыз. Ал қойылымдарда қандай рөлдеріңіз болды?

– Театрдағы рөлдерім маған киноға түскеннен кейін беріле бастады. Оған дейін хореограф, педагог болып қызмет атқардым. Керемет актриса болдым деп айтпаймын. «Бұлбұлдар түнінде» кіші сержанттың, «Тұншыққан сезімде» Нәзидің рөлін сомдадым. Бірақ, менің кәсіби білімім болған жоқ. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын!» деген сөз бар. Мен әртіспін деп сахнаны босатпай, кез келген рөлге ұрына бергенді жөн санамадым. Кәсіби білім алғанның жөні бөлек екен.

– Актерлік мамандықты оқып алғыңыз келмей ме?

– Театрда жүргенде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түскен едім. Сол кезде тұрмысқа шықтым, ақылы бөлімде оқыдым. Осы себеппен оқуымды Бішкекке ауыстырып, сол жақтан бітіріп шықтым. Мамандығым – кино және телевизия саласының продюсері.

– Еркін Рақышевтың «М-агент» атты фильміне түстіңіз. Ол кісімен бірге жұмыс істеген қалай екен?

– Еркін Рақышев – болмысы қазақы режиссер. Фильмдерін қолжетімді бағамен түсіреді. Жалпы, әрбір актриса әртүрлі режиссермен жұмыс істеп көргісі келеді. Еркін ағадан көп нәрсе үйрендім.

– Бұл режиссерді кей мамандар «әуесқой» деп те сынап жатады…

– Еркін аға әуесқой режиссер болса да, халыққа не керек екенін жақсы түсінеді. Оның көзқарасы кәсіби режиссерлердің көзқарасынан бөлектеу. Әртістерге еркіндік береді. Әуесқой, кәсіпқой деп бөле берудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Ізденіп жүрген азаматқа қолдау көрсету керек.

– «М-агентте» елестің рөлін ойнадыңыз. Алматыға алғаш келгеніңізде, сізді таныстарыңыздың «звонок» деп атағаны рас па?

– Иә, ол рас. Театрдағы әріптестерім де көп айтатын. Мені жапондық фильмнің қорқынышты кейіпкеріне ұқсатса керек.

– Өзіңізді «Сіз кімсіз, Ка мырзада?» төбелескіш қыздың образында көрдік. «М-агенттегі», «Келіндегі» және телесериалдардағы рөлдеріңіз бір-біріне ұқсамайды, өзіңізді әртүрлі амплуада көргіңіз келетіндігі байқалады. Қай образ жаныңызға жақын?

– Маған ең жақын образ – «Әке сертіндегі» Шынардың образы. Драмалық рөлдерді жақсы көремін. Рөлдерімді бір-біріне ұқсатпауға тырысамын. Бұл ерекшелігімді сіз ғана айтып отырсыз. Журналистер маған келген кезде тек қана «Келінді» айтады (күлді).

Болатын іс болды, кино жарыққа шықты. Одан кейін де мені жалаңаштанатын сахналары бар бірталай фильмге шақырды. Мен үзілді-кесілді қарсы болдым. «Бір рет сондай фильмге түсті, демек, бәріне түсе береді екен» деп ойлаған болар.

– «Караван» газетіне берген «Я не хочу быть постельной актрисой» деген сұхбатыңызды оқыған едім.

– Иә, осы сөзді мен барлық жерде айтып жүрмін. Бір қынжылтатыны, киноға түскен кезде мені «қазақ өнері үшін құрбандыққа бар!» деп ақыл айтқан өнердегі ағаларымның бірде-біреуі кейін басу айта алмады, араша түспеді.

Тойларға барып, ән айтып, би билер алдында мені «Келін» фильміне түскен актриса» деп ортаға шақырады. Журналистер үйге келіп, ата-енемді, бала-шағамды түсіріп кетеді. «Келін» туралы айтпаңыздаршы» деп қанша өтінсем де, фильмдегі тура жалаңаштанатын тұсты көрсетіп, өздеріне рейтинг жасайды. Неге «Қарашаңырақтан» немесе «Әке сертінен» үзінді алмайды? Болмаса, мені неге жай ғана актриса деп айта салмайды? Отбасымызбен бірге бағдарламаны көреміз деп теледидар алдына жиналамыз. Ал, көретініміз рейтинг қуған арзан хабар боп шығады.

– «Келінді» кез келген жерге жапсыра бермеңдер!» деп неге алдын-ала ескерту жасамайсыз?

– Айтып жүрмін, бірақ, мені тыңдап жатқан ешкім жоқ, Роза!

– Сюжеттерді қарасам, ата-енеңіз сіздің өнеріңізге құрметпен, түсіністікпен қарайтын секілді. Қайынатаңыздың сізді «ақ бұлттан жасап алған қызым» деп еркелететіні рас па?

– Ол рас. Ата-енеме ризамын. Ол кісілер мені үнемі қолдап отырады.

– Сіз сахналық костюмдер тігесіз, әлеуметтік желіде өзіңіз әзірлеген тағамдардың мәзірімен бөлісесіз, продюсерлік орталығыңыз да бар. Өзіңізге осы әрекеттің барлығы сынға ұшыраған рөліңізді ақтап алу секілді көрінбей ме?

– Жоқ, бұл ақталу емес. Бұл – менің жақсы көретін ісім.

– Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысыз. Сіздің өміріңіз халықтың көз алдында өтіп жатыр. Кейбір әртістер сұхбаттан қашады. Олардың ғаламторда жеке аккаунттары жоқ, сондықтан болар, құлағы да тыныш. Осындай құпиялылыққа қалай қарайсыз? Сіздің тарапыңызға айтылып жатқан негатив пікірлерді, бәлкім, азырақ оқып-білер ме едіңіз дегенім ғой…

– Жолдасым кейде маған осы мәселе бойынша ескерту жасайды. Соңғы кезде біздің үйде күнде түсірілім болып кетті. Бала-шағаммен, ата-енеммен бірге тұратын қазақтың қарапайым келіндерінің бірімін, бір азаматтың некелі жарымын. Халық менің шынайы өмірде қандай адам екенімді, қазіргі тұрмысымды көрсін. Оның не құпиясы бар?

– «Фейсбук» әлеуметтік желісінде бейтаныс кісілердің сізден өздеріне ұшаққа билет сатып әперуін өтінгенін жазған едіңіз.

– Халық бізді өте ауқатты тұрады деп ойлайды (күлді). Жолдасым екеуміз алғаш отбасын құрған кезде пәтер жалдап тұрдық. Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезде «осы үйде ұзақ аялдай тұрсақ екен» деп армандайтынмын. Бес жыл ішінде жер алып, үй салып, ата-енемізді Алматыға көшіріп әкелдік.

– Бір сұхбатыңызда «мені шетелдіктер төбелескіш қыздың рөліне көп шақырады. Фильмге түсуге менің тіл білмегенім кедергі болып отыр» деп айтыпсыз. Жалғыз кедергі сол болса, дубляж бар емес пе?

– Әрине. Бірақ, одан басқа да мәселелер бар. Келісім берейін десем, ол фильмдер біздің елде түсірілмейді. Ал, мен 3-4 айлап отбасыммен бірге ары-бері жүре алмаймын. Мен үшін отбасымның беріктігі маңыздырақ.

– Сіз режиссердің актрисасысыз ба?

– Әртістер өзінің ойындағы дүниесін рөліне қосқысы келеді, ол – заңдылық. Бірақ, режиссер бәрібір өзінің дегенін істетеді. Өз туындысы болғандықтан, ол кейіпкерін көбірек таниды. Сондықтан, режиссердің айтқанынан шықпау керек деп ойлаймын.

– Жақында сіздің «Өмірді сүйгендерге» деген алғашқы әніңіз жарық көрді. Сахнаға ән айтып шығуыңызға не себеп болды?

– Бұған дейін де ән айтып жүргенмін. Ал, «Өмірді сүйгендерге» менің алғашқы авторлық әнім десем болады. Сөзін Ринат Зайытов, әнін Ұлықпан Жолдасов жазды. Біраз уақыт «ән айтсам қалай болады?» деп ойланып жүрдім. Бір күні Лаки Кесоглу ағамызбен ақылдастым. Ол кісі еліміздегі ең мықты деген вокалистердің бірі ғой, даусымды қойды, ұзақ дайындалдық. Екі жыл дайындықтан соң, Лаки Константиновичтің рұқсатымен осы әнімді жаздырдым. Мен күнде ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, әншілік жолды қуам демеймін. Халық өз бағасын бере жатар. Қабылдаса, қабылдайды, болмаса, ренжімеймін. Бастысы, мен жүрегіме жақын дүниені жарыққа шығарғым келді.

– Әнші, биші, тігінші, актриса… Сіз өзіңізді кім ретінде көресіз?

– Актриса! Кастингтерге жиі барамын. Өтпей қалып жатқан сынақтарым да бар. Фильмге түсуге шақырту түссе, жолдасым екеуміз ақылдасамыз. Ол фильмнің сценарийін бастан-аяқ оқып шығады, продюсерлермен өзі сөйлеседі. Қазір жолдасым да киноға түсіп жүр (күлді). Қайбір жылы бір бағдарламада мен туралы «ол қыздың «Келіннен» кейінгі тағдыры қиын болды, күйеуімен ажырасып кетті» деген жалған ақпар айтылыпты. Мұны көрген енем «халық көрсін» деп, жолдасым екеумізге бір фильмде қатар түсуге ұсыныс жасады. Ол кезде мен емізулі баламмен үйде отырған едім. Осылайша, күйеуім екеуміз «Әке сертінде» бірге ойнадық.

– Өткен жазда берген бір сұхбатыңызда «қазірге дейін 400-дей сахналық костюм тіктім» деген екенсіз. Алуан-алуан перделер, жапқыштар тігетіндігіңізден де хабардармын. Тапсырыс қабылдайсыз ба?

– Иә. Бұйырса, жақын арада тапсырыспен ұлттық ою-өрнекті жапқыштар шығара бастаймын. Осы жылы үлкен бір цех салсақ деп жоспарлап отырмыз. Бір-екі айдан кейін сахналық етік, туфлилер шығара бастаймыз. Алдымен, құрал-жабдықтарын түгендеп алуымыз қажет. Киімдерді қазақы ұлттық нақышпен, халыққа қолжетімді бағада тіккім келеді. Қазір осы бағытта ізденіп жүрмін. Шүкір, беталысымыз жаман емес сияқты.

– «Шабыт» орталығының жұмысымен қысқаша таныстырып өтсеңіз.

– Алғашында бұл орталықта 2 қызметкер бар еді. Жарты жылдай жарнама үшін тегін жұмыс істедік. Қазір ұжымда 50 адам бар. Тойларда қазақтың салт-дәстүр, жөн-жоралғысын (үйлену тойы, беташар, қыз ұзату, сыңсу, мерейтой, сүндет той, бесік той, тұсаукесер рәсіміне театрландырылған сахналық көріністер) жасаймыз. Тойханаларды сәндейміз, тойбастардан бастап, қыздың жасауына дейін тігеміз. Әнші, биші, аниматор, асабаларымыз бар.

– Осындай қосымша жұмыстар сіздің өнеріңізге кедергісін келтіреді деп ойламайсыз ба?

– Шамам жеткенше барлығына үлгеруге тырысып жүрмін. Мен қол қусырып отыра алмайтын тынымсыз адаммын. Үнемі қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген ұнайды.

– Қандай кейіпкеріңізді күтіп жүрсіз?

– Тамаша бір драмалық кейіпкерімді күтіп жүрген жайым бар. Ауыр, психологиялық рөл болса, тіпті қатып кетер еді. Егер, мен режиссер болсам, атамекеніне оралған қазақтар туралы бір кино түсірер едім. Әр отбасының Отанына оралу тарихы әрқилы. Олардың атамекенге оралғандағы алғашқы әсері, көрген қуанышы мен қиыншылығы, осындағы ортаға сіңісуі туралы бір фильм болса деймін. Кейбір қандастарымыз елімізді жерсінбей, қайтадан келген жағына кетіп қалды. Осында өз кәсібін ашып, өсіп-өркендеген бауырларымыз да бар. Солардың тағдырын фильм арқылы көрсеткісі келетін режиссерлер болса, атамекенге оралған қазақтың бір қызы ретінде өз идеямды қосар едім. Жақсы тақырып емес пе? Меніңше, халықтың жанына жақын фильм болатын сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет!

– Гүлшарат Жұбаева 1985 жылы 12 шілдеде Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген.

– 2000 жылы Нөкіс қаласындағы музыкалық училищенің «хореография» бөлімін, 2003 жылы Ташкент қаласындағы заң колледжін тәмамдаған.

– 2008 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді.

– Атырау қаласындағы М. Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында балетмейстер, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық — балалар мен жасөспірімдер театрында хореограф, актриса болып қызмет атқарған.

– 2014 жылы Бішкек қаласындағы Б. Бейшенәлиев атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтын бітірген.

– Таэквондодан спорт шебері.

– ҚР тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері.

Әңгімелескен Роза ӘРЕН,

Aynaline.kz

http://alashainasy.kz/

Рубрика: