АЛТЫНОРДА
Блог Гайнижамал Шекей

Ғайнижамал ШЕКЕЙ. ЖОЛ АЙЫРЫҒЫНДАҒЫ РЕСЕЙ: КЕЛЕШЕККЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН КЕШЕГІГЕ МЕ, ӘЛДЕ АРТҚА ТАРТАТЫН БОЛАШАҚҚА МА?

украинаАлғашқы президенттік мерзімнен кейін барлығы түсінікті болды: Ельциннің өзінің мұрагері ретінде Путинді таңдауы және тоталитаризмнен демократияға көшудің қиындыққа толы алғашқы он жылдығынан кейін оның қолына Ресей Федерациясын тапсыруы – орасан зор саяси қате болды. 2004 жылы осындай тақырыптағы мақалада мен келеңсіздіктер тұрғысынан, о кезде оған негіз жеткілікті болған еді,  «Ресей саясатында Путин мұрагер ретінде кім?», деген сұраққа жауап іздеген едім.

Ельциннің үлкен қатесі. Жердің 1/6 бөлігіндегі коммунистік диктатураны тарихтың қоқысына жіберу үшін Тарих басқарушы партноменклатурадан Горбачев пен Ельцинді таңдады.  Тағдыр Горбачевқа СОКП соңғы бас хатшысының және КСРО соңғы билеушісінің  ролін дайындаса, Ельцин үлкен мелекеттің посткоммунистік, посткеңестік билеушілері арасындағы   өз еркімен партиялық-номенклатуралық мәнсаптан бас тартқан алғашқы  коммунист болды. Ол жартылай ыдыраған империяның құлдырап, келмеске кетуінің алғашқы кезеңінде ел басқарып, саяси сахнаға шыққан еді.

Атап айтарлығы, олардың екеуі де жаңа, либералдық-демократиялық формация деп аталатын кезеңнің ұлы мемлекеттік қайраткерлері деңгейіне көтеріле алмады – сірә, жігері, дағдысы, күші жетпеген болар. Алайда бұл олардың кінәсі емес, жолдарында тұрған қырсық. Өйткені ұлы істерді атқару үшін алыптар, рухы еркін ұлы тұлғалар қажет. Бірақ ондай тұлғалар, өкінішке орай, болмады, сондықтан Тарих «барына базар болды»…

Алып аумақтағы социалистік лагердегі, оның ішінде, КСРО-дағы халықты коммунистік зомбылықтан азат ету жөніндегі Ұлы миссия үш кезеңнен тұрды – ескі тәртіпті қирату, өтпелі кезең және жаңа қоғамдық қатынастарды құру. Яғни, екі мыңжылдықтың тоғысында,  20 ғасырдың соңы мен 21 ғасырдың басында Жаратқан ием алға қойған осындай өркениетті жаһандық мақсатты, кем дегенде, үш адам жүзеге асыру керек еді.   Тиісінше, олардың алғашқысы ескі жүйені қиратса, екіншісі ауысуды жүзеге асырса, ал үшіншісі – демократияны енгізіп, «зұлымдық» империясын қалпына келтіру мүмкіндіктерін жойып, тоталитаризмге жол бермеуді жүзеге асыру керек еді.

Ресей әлі күнге дейін империялық тұманда адасып жүр. Әдетте, «барлығы Алланың қолында» дейміз. Бірақ Ресейге келгенде, кейде Жаратқанда шарасыз болады екен. Тағы да барлығы көкте жоспарлағандай болмады, яғни Жаратқанның жоспары қайтадан іске аспады. Өйткені ақын айтқандай «Ресейді ақылмен түсіну мүмкін емес», ол қайтадан барлығын басқаша істеді. Орыстар осы жолы барлығын ойдағыдай жасағысы келген шығар, бірақ тағы да әдеттегідей болды. Олар империя қиратты, он жыл бойы елді, ең топастардан басқасын, бүкіл өркениетті заманауи әлем тұрған демократиялық жолға  қойды. Енді, қисыны келіп тұрғанда, ары қарай демократияны дамытып, «жабайы капитализмнен» өркениетті дамуға көшу керек еді.

Жоқ, үшінші кезеңде билікке, оны мүлдем беруге болмайтын адам келді. Бұл қате тарихи жағымсыздығы жағынан Ресей және заманауи әлем үшін Ельциннің қызметтен  кетер алдында өзі қатты өкінген Шешенстанда соғыс бастау туралы шешімімен пара пар болды. Өйткені Путин ең болмаса, орта қолды саясатшы немесе генерал-маршал шендеріне, ғылыми-экономикалық атаққа ие тұлға, не  кәсіби дипломат болса жөн ғой, жоқ, ол арнайы қызметтің орта буындағы ешкімге белгісіз мыңдаған офицерлерінің бірі ғана болатын.

Сонда бұл қалай болды, ешкімге белгісіз адам Ресейдегі жоғары билікке қалай қол жеткізді?! Атап айтарлығы, осындай күрделі елде империя, идеология, қоғамдық формация күйреп жатқан күрделі кезеңде, экономикалық, геосаяси, ішкі саяси, демографиялық, аумақтық және басқа қиындықтар шырқау шегіне жетіп тұрған кезеңде ол қалай ешқандай күш жұмсамай билікке қол жеткізді?

Бұл жерде тек бір, жоқ, тіпті, үш тағдыршешті фактор өзінің  қатерлі ролін атқарды: не Ельцин әсіре сақтанды, не оны көптеген жылдар бойы миына сіңген коммунистік сана адастырды, немесе ол «жақсы бала» Володя Путиннің түріне қарап алданды. Ельцин осындай бейкүнә жас азамат соншалықты құлым, соншалықты жауыз болып шығады деп ойламаған болар, сірә.

бог

Алғашқы президент өзінің билік құрған кезеңінің соңына қарай, ол кезде «жаңа Ресей» деп есептелінген мемлекетте Борис  Ельцин бұрынғы тоталитарлық режим толық күйреп, демократия идеалдары түпкілікті жеңіске жетті деп кәміл сенген болатын. Ол «өзіме жүктелген тарихи миссияны толық орындадым» деген кәміл сенімде болды.  Сөйтіп, «посткеңестік Ресейді демократия жолына қойдым» деп, өз еркімен өкілеттігінен бас тартты. Оның үстіне, Ельцин кезеңінің соңына қарай елдегі және шет елдегі көптеген қайраткерлер Ресейдегі демократиялық үрдістердің кері айналмайтынына кәміл сенген еді. «Жаңа» Ресей ТМД аумағында демократиялық өзгерістердің флагманы болып танылды. Міне, осы кезде «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты», демекші, саяси сахнада  Путин деген біреу пайда болды.

Болар іс болды, енді не істейміз? Саясатта сара жол жоқ екні бесенеден белгілі. Жаңа Ресейдің тақ мұрагеріне алып мемлекет те, «Ресейді болжау  мүмкін еместігінен» сескенетін бүкіл әлем де үлкен үміт артты. Алайда Путиннің  «дәретханада жоямыз» («мочить в сортирах») деген даңқа айналған сөзі эпиграф болған екінші шешен соғысы басталды. «No comment», демекші, мұндай сөз саптауға біздің алып, қосарымыз жоқ. Путиннің осындай қырғынға негізделген бағыты содырлықтың өршуіне әкеліп соқты. Одан кейін ел ішінде «саяси реформалар» басталып, олардың оғаштығы әлемдік қауымдастықты «who is mister Putin?» деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүр етті.

Ресей демократияға апаратын жолдан тайқыды

Бұрын-соңды болмаған путиндік саяси реформалауды Еуропадағы, АҚШ-тағы және Ресейдің өзіндегі саяси бақылаушылар Ресейдегі демократиялық үрдістерді тоқтатудың басы ретінде қабылдады. Қоғамымызда бұл «кеңестік кезеңге оралу», «содырлыққа қарсы күрес демократиялық институтарды бұзуға себеп емес» деген әңгімелер айтыла бастады.

2004 жылы путиндік «саяси реформалау» «атқарушы билік бірлігі конституциялық принципін жүзеге асыру ұлт бірлігінің қажетті шарты» деп берілді. Бұған федералдық мемлекетті «федерациясыздандыру»,  РФ субъектілері басшыларын РФ Президентінің ұсынымымен заң шығарушы жиналыстардың сайлауы кіреді. Әлем мұны демократиялық үрдістердің тоқтатылуы және мемлекеттің емес, жеке Путин билігінің нығайтылуы деп қабылдады.

Сол кезде федералдық құрылымды әкімшілік-аумақтық бөлінумен алмастырған «ұлы державалық империяны», «ұлы Ресейді» қайта жандандыруға бағытталған бағдар қабылданды. Мүндай империялық пиғылдар енді путиндік Ресейдің Қақақстанды, Өзбекстанды, Тәжікстанды, Қырғызстан мен Түркіменстанды тәуелсіздігінен айырып, РФ Ортаазиялық округі ретінде өзіне қосып алу ниетіне айналды. Бұл жөнінде Украинадағы жағдай орын алған кезде Жириновский және Лимонов сияқты әумесерлердің ауызымен айтылды. Айтпақшы, 2014 жылға қарай федерация субъектілерінің көпшілігі «өз еркімен» РФ субъектісінің «президенті» жоғары лауазымынан бас тартты, енді олар жәй «басшы» деп аталады, ал Президент біреу – Путин.

Ал сол кезде, яғни 2004 жылы, тіпті, Ельцин былай деп, мәлімдеуге мәжбүр болды: «Беслан трагедия жол айырығы іспетті болды. Осы трагедиядан кейін ел өзгерді, ол қазір басқа. Билік тез, әрі қатаң әрекет етуге міндетті. Алайда мен ел басшылығы қолданатын шаралар Ресейдің соңғы он жылда қол жеткізген баға жетпес құндылықтары саналатын демократиялық еркіндіктер арнасында болатынына кәміл сенімдімін. Өйткені еркіндікті тұншықтыру, демократиялық құқықтарды шектеу – содырлардың жеңісі. Тек демократиялық мемлекет содырлыққа тойтарыс бере алады».

Путин – «тышқан аңдыған мысық». Путин мырзаның сыртқы саясаттағы әрекеті ішкі істердегідей өзіндік ерекше сипатқа ие. Шын мәнінде, «чекистер әруақытта чекист болып қалады» деген рас екен. Президент лауазымы ең басынан оған лайық емес еді. Ол тышқан аңдыған мысық іспетті, қарсыласын аңдып, оның ниетін білуге тырысады, содан кейін  құрбандық жаңылыс басқанда, тарпа бас салады.

Бүкіл әлем қауымдастығы жақсы біледі: егер Путин үндемей, бұғып қалып, іркіліс жасаса – онда, одан ойламаған әрекеттер күткен абзал. Грузиямен болған жанжалда да солай болған еді, terrible Путиннің қолында келесі құрбан – Украина. Бұл ел Ресейдің тұншықтырушы «бауырмал» құшағынан құтылуға ұмтылуда, бірақ ол украиндықтарды қанға бөктірсе де өз ықпалынан шығаратын түрі жоқ.

Мұндай жағдай Грузиямен де болған, оны Путин өзінің «қолбала президенті» Медведевтің қолымен салқынқандылықпен бөлшектеп тастады. «Вован-Димон» тандемі бес күндік соғыс нәтижесінде грузиндерді де, олардың Путиннің «жауынгершілігін» дұрыс бағалай алмаған батыстағы одақтастарын да «тақырға отырғызып» кетті.

Бірақ Путин ол кезде өзінің саяси беделіне нұқсан келтірмес үшін жұмыс сапармен Қиыр Шығысқа аттанып кеткен еді. Сөйтіп, Медведев тарихта агрессор болып қалды. Осылай Путин өзінің жұптасына сыйға тартылған «президенттік мерзімі» үшін «қарызын» қайтарды. Өйткені өмірде әр нәрсенің құны бар, оны төлеу керек, оның үстіне, «Ресей империясының тағы» сияқты сыйлық  үшін. Ал бүгін ол өзін сескенбей бүкіл әлемге қарсы қоюда. Ал әлем қолын жайып: «Путин нақты өмірден қол үзген сияқты» деуде.

Президент Путиннің қателіктері. Осылай президенттік алғашқы екі мерзім өте шықты, одан кейін Медведев «сыйлаған» төрт жылдық «демалыстан» кейін, «халық қызметшісі» барлық күш-жігерін қайтадан халыққа «қызмет етуге» жұмсады. Енді міне, уақыты ұзарған үшінші мерзімі ортасына жақындап қалды. Ал жүк, яғни Ресей орнынан қозғалар емес: жол айырығында – қайда барсаң да тығырыққа тірелесің.

Жүзеге асырылған «бүкіл елді путиндендіру» түрлі наразылықтар тудырды, сөйтіп, әділ емес сайлау, үкіметке қарсы жаппай митингілер орын алып, «оккупай Абай» форматындағы билікпен текетірес басталды, ал бұл өзкезегінде саяси тұтқындардың жаңа толқынының пайда болуына ұласты. Нәтижесінде, не «Путин и Ко», не оның саяси көріпкелдері, тіпті, Құдайдың өзі де – ешкім ресейлік транзиттің соңғы аялдамасын анықтауға ешкім қабілетсіз.

Сонымен, Путин, чекистік көзқарастағы саясатшы ретінде және оның командасы бүкіл әлемді ресейлік демократияның болашағына иландырып, елді қайтадан кері тартып, тоталитарлық кешегіге ұрындырмаса болды.

Бүгін СОКП диктатурасы күйреген сонау тағдыршешті 1991 жылдағыдай алдлымызда қайтадан тағдыршешті шешімдер қабылдайтын мәселелер тұр. Бірақ Ресейде империяны қайтадан қалпына келтіруді емес, оны заманауи демократиялық елге айналдыруды, яғни Ресейді құтқаруды мақсат тұтқан саясаткер немесе саяси партия табылар ма екен? Бір үміт, әлемдік даму үрдісінің диалектикасы Ресей үшін сондай сценарийді дайындаған шығар.

Аударған Қайрат Матреков