точка зрения 13 июля, 2015 Comments Off on Ерсін ӘМІРЕ: Діни сауатты адам жаза баспайды

Ерсін ӘМІРЕ: Діни сауатты адам жаза баспайды

LbuBanh8yCCetJ4S-lg- Рамазан айында тұтқан оразаңыз қабыл болсын! Биылғы ораза шіліңгір шілдемен қатарлас келді. Жалпы ораза кімге парыз және ыстықта ораза тұту жамағатқа қиын болмайды ма?- Діни тұрғыдан әрбір ақыл-есі дұрыс, кәмелет жасына толған дені сау мұсылманға ораза тұту міндетті болып табылады. Ыстық күнде ораза ұстауға келсек, әлбетте, қысқы ораза мен жазғы ораза екеуі екі бөлек. Қыста ораза тұту жеңіл. Сол үшін қыста ораза тұтушылардың саны артады. Ал жаздың ыстық күнінде сабыры мен шыдамы мықты адамдар ғана ұстайды. Дініміздегі ережеде «Іске берілетін сауап сол істің жеңіл-қиындығына байланысты» делінеді. Демек жаздағы оразаның сауабы артығырақ. Рамазан - мейірімділікке толы ай. Шын беріліп ораза ұстаған жамағатқа Алла өзі жеңілдік береді.- Теологиялық біліміңізді қай білім ордасында жетілдірдіңіз?- Мен Ливан еліндегі Триполи университетінің ислам ғылымдары және шариғат факультетін тәмамдағанмын. Қазіргі таңда Мысыр елінде теология бойынша сырттай магистратурада оқимын.- Облысымызда 3 теолог жұмыс жасап жатқанын естідік. Бүгінгідей дін мәселесі өткір тұрған кезде жағдайды қалыпқа келтіру қаншалықты еңбекті талап етеді?- Республика бойынша, оның ішінде, Атырауда маман тапшы. Сол себепті мүмкіншілігіміздің шеңберінде барлық аудандарды қамтуға тырысып бағудамыз. Жастарды діни сауаттандыруға жұмыстанудамыз. Келген екі ай уақыт ішінде 200-дей кездесулер өткіздік. Өткізілген дәрістердің барлығы аудиотаспаларға жазылып, таратылатын болады. Біздің алға қойған негізгі мақсатымыз - жергілікті тұрғындар арасынан, теологтар мерзімі келіп облыстан кеткен күнде, жұмысты әрі қарай жалғастыру әлеуетіне ие діни сауаты жоғары жамағат қалыптастыру. Мәселені басқаша шешу мүмкін емес.- Соңғы уақыттарда бейіттерді бүлдіріп, бұзып кету фактілері жиі кездесуде. Осыған кімдер барады?- Бұл – діни сауатсыздардың әрекеті. Арнайы мамандардан, сенімді білім көздерінен білім алмағандықтан орын алады. Көбіне, сәләфилік бағыттағы уағызшылардың уағызын тыңдап, соларға ергендердің тарапынан көрініс табуда.- Бейіттердің жанынан өтіп бара жатқан жандар беттерін сипап дұға жасап өтеді. Осыны соңғы кездері жастар өкілдері «Аллаға серік қосу» деп айтып жүр. Кімдікі жөн?- Негізінде бет сипау – дұға әдептерінің бірі. Қабірдің жанынан өтіп бара жатқан кезде, «қабір иелерінің күнәсі болса, Алла Тағала кешір» деп бір Алладан дұға тілеу керек. Мұсылмандар қабір иелерінен емес, қабір иелері үшін Алладан дұға тілейді. Осы екі жайтты шатастырмау керек. Біз күнделікті намаздарымызда: «Алла, саған ғана құлшылық жасаймыз, сенен ғана жәрдем тілейміз» деп Аллаға уәде береміз. Діни сауатсыздықтың салдарынан қабір иелерінен қажетін сұрап жүргендерді бас салып «Аллаға серік қосуда» деп айыптамастан, оларға дұғаның шариғатқа сай формасын үйрету керек.- Қазір жер-жерде, жарнамаларда «жолыңды ашып, болашағыңды болжап беремін» дейтін көріпкелдер қаптап кетті. Көріпкелдерге бару дұрыс па?- Сол адамдар шынымен де жол ашатын болса, өздерінің жолын ашып, өзі-ақ байып кетер еді. Бақсы, балгерлерге сену, бару Алланың алдында үлкен күнә әрі қателік болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) хадисінде: «Кімде-кім бақсы, көріпкелдерге баратын болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды», екінші бір хадисте «Кімде-кім бақсы, көріпкелдердің сөзін растаса, ол адам Пайғамбарға түскен құранға қарсы шыққан болады» дейді. Мұсылман адам олардан аулақ болуы тиіс.- Өткен әзірде «облыс аумағында терроризмді насихаттап, кәмелетке толмаған балаларын ұрып-соқты, жәбірледі» деген күдікпен қамауға алынған азаматша 7 жылға түрмеге тоғылғандығынан хабардар шығарсыз...- Иә, ол әйелдің баласын лаңкестік әрекетке дайындағаны – жантүршігерлік жайт. Бұл - дінді айтпағанда, тіпті адами қасиетке сыймайтын әрекет. Жақында іссапармен Жезқазған қаласында болғанмын. Ол жақтан 40-қа жуық аталмыш топтың күмәнді уағыздарына еліктеп ерген қаракөз бауырларымыз жихад деп Сириядағы соғысқа кетіп қалған. Кетеміз деп жүргендері қаншама? Ал шын мәнінде, араб елдерінде болып жатқан қақтығыстар үлкен саяси ойындардың жемісі екені белгілі. Олар сол елдерге барғаннан кейін, өз істерінің дұрыс емес екеніне көзі жетіп жатады. Мысалы, Ауғанстандағы соғысқа барған, санасы уланған еліміздің кейбір азаматтары әзер дегенде елге оралып, қазіргі таңда өкініп, опық жеп отыр.- Жастарымыздың жат ағымның жетегіне еріп, адасуының басты себебі не?- Басты себеп – діни сауатсыздық және дәстүрлі ұстанымды тиісті деңгейде уағыздайтын мамандардың тапшылығы. Оның үстіне мешіттерімізде қызметкерлер саны шектеулі. Ал мешітке келушілер саны күн санап артуда. Жат ағымның жетегіне ергендер, мешітке жаңадан келген жамағатты байқап, онымен танысып, үйіне дейін шығарып салып, өздерінің идеологияларын үгіттейді. Имамдарды сынап, жаңадан намаз үйреніп, мешітке қадам басқан жамағаттың жүрегіне күмән салады. Одан кейін кітаптар, дискілер сыйлайды. Жамағат тарапынан орын алатын бірінші қателік, сондай сәтте олардың берген әдебиеттерінің дұрыс-бұрыстығын мешіт имамдарынан анықтап, сұрап алмайды. Бұған қоса жат ағымдағыларды қолдап тұрған елдер бар. Сыртқы күштердің қолдауының орасан әсерін ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі таңда мешіттерімізде осындай теріс пәтуаларды жүректеріне сіңіріп қалған жастардың, имам уағыз айтып жатқанда құлақ салмай, құлақтарына тыңдағыш (наушник) киіп алып, өздерінің шейхсымақтарының уағыздарын тыңдап отырғанын көптеп көресіз. Олар өзгені тыңдамайды, тыңдаса, өздерінің қателікте жүргендерін түсінер еді. Жастардың жат ағымға кетуінің тағы бір себептерінің бірі – кейбір азаматтардың ақ пен қараны ажыратпастан, дін мемлекеттен бөлек дегенді сылтауратып, кез келген діни сипаттағы көріністерге қарсы шығуы. Мұны мен «зайырлы радикализм» деп атаймын. Олар тіпті дәстүрлі емес діни ағымдағы мен мешіт имамының үйретуі бойынша үйренген дәстүрлі ұстанымдағы намаз оқушыны ажыратып жатпай, түгелімен намаз оқуға қарсы әрекеттерге барады. Мысалы, Қарағандыда мешіт имамынан дәріс алып жүрген дәстүрлі ұстанымдағы бойжеткенді колледж директоры «орамал тақтың», - деп оқудан шығарып жіберген. Мұны жат ағымда жүргендер «құрметтеп жүрген мемлекетің сенің ұстанып жүрген дініңді аяққа таптап жатыр» деп, бойжеткенді өз қармақтарына түсіреді. Көріп тұрғаныңыздай, зайырлы радикализм де діни радикализмге итермелейді.- Әңгімеңізге рақмет!Арайлым НҰҒЫМАНОВА "Мұнайлы Астана" республикалық қоғамдық саяси газетіhttp://azan.kz/
Загрузка...

Комментирование закрыто.