АЛТЫНОРДА
Новости

«Ер Төстік және Айдаһар» журналистерге көрсетілді

21 наурызда осы жылдың көптен күткен жобаларының бірі — Шәкен  Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған, режиссерлер Жәкен Даненов пен Рустам Тұралиев жасаған, қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» атты анимациялық фильмі еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды. Аталған анимациялық туынды кинотеатрларда 3D форматында көрсетіледі.

Мультфильмге халық ертегісі – «Ер Төстік» арқау болған. Жоба жұмыстарына әлемдегі соңғы анимациялық 2D және 3D үлгідегі технологиялар қолданылды.

18 наурызда Алматы қаласында «Арман» кинотеатрында «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмінің баспасөз өкілдеріне арналған көрсетілімі және баспасөз мәслихаты өтті.

— Бұл – біз үшін баға жетпес тәжірибие. Толықметражды анимациялық фильмдерді түсіру енді қолымыздан келетініне қуаныштымыз. Фильм отандық анимация тарихынан лайықты өз орнын алатынына күмәнім жоқ, — деді фильмнің режиссері Жәкен Дәненов.

Қазақ фольклор кейіпкерлерін 3D форматына салып, анимациялық туындыны дүниеге әкелген топ – еліміздің ең үздік компьютерлік графика мамандары мен аниматорлары. Фильмді түсіруде «motion capture» заманауи технологиясы (актерлердің қимыл-әрекетін анимацияға айналдыру) қолданылған. Фильмді жасауға үш жылдай уақыт кетті.

— «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмін үлкен экрандардан көру керек, өйткені фильмдегі анимация мен оның дыбысы арнайы кинотеатрлар үшін жасалған. Қазақстандықтарды осы ауқымды мультфильмді көруге шақырамын. Отандық мультипликацияны қолдаңыздар! Бар күшімізді салдық, көңілдеріңізден шығамыз деп ойлаймын, – деді фильмнің режиссері Рустам Тұралиев.

«Ер Төстік және Айдаһар» 21 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.

 

Дереккөз: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

http://www.kinostan.kz