Астанадағы «Думан» қонақүйінде әйелдер ара­сындағы шахматтан әлем чемпионаты өту­де. Оған Қазақстан, Қытай, Ресей, Украина, АҚШ, Үндіс­тан, Франция, Түр­кия, Грузия және Румыния мемлекеттерінің оқ бойы озық 50 гроссмейстері қатысып жатыр. Қазақ­стан­ның намысын бұл додада Гүлісхан Нақбаева, Динара Сәдуақасова, Мәди­на Дәулетбаева, Гүлми­ра Дәулетова және Жансая Әбдімәлік сынды ел мақтаныштары қорғауда.

Чемпионаттың ашылу салтанатына қа­тыс­қан FIDE Халықаралық шахмат федера­циясының президенті Кирсан Илюмжинов Қазақстанның шахмат ойынын дамыту бас­тамаларына жоғары баға беріп, жа­ғым­ды бір жаңалықпен бөлісті. 2018 жы­лы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасы Ас­тана қаласында өтуі әбден мүмкін. «Ес­те­ріңізде болса, өткен жылы Астанада шұ­ғыл және блиц шахматтан әлем чемпио­наты ұйымдастырылған болатын. Сол кез­де миллиондаған шахматшылардың наза­ры осы жерге ауып тұрды. Қазақстан оны­мен тоқтаған жоқ. Біз осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен шахмат мектеп­терін құрып, Астанада шахмат кешенін ашу­ды ұйғардық. Аталған кешенде Ха­лық­аралық шахмат академиясы, балалар­дың шахмат мектебі, сондай-ақ Халық­аралық шахмат федерациясының мұра­жайы орналаспақ. Енді Қазақстанның шах­мат федерациясы 2018 жылы Астана қаласында Бүкіләлемдік шахмат олимпиа­дасын өткізуге ұсыныс жасап отыр. Қазақ­станның бұл өтініші келесі жылы тамыз айында Халықаралық шахмат федерация­сының Бас ассамблеясында қаралатын болады. Қазіргі кезде ондай өтініштер бір­неше елдің атынан түсті. Дегенмен Аста­наның 2018 жылғы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасын өткізуге толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Себебі 2017 жылы бұл жерде ЕXPO-2017 халықаралық көрмесі өтпек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым да салына­ды. Ал бір жылдан кейін Астана Бүкіл­әл­емдік шахмат олимпиадасын қабыл­дауға толыққанды даяр болады деп сене­мін», – деді өз сөзінде К.Илюмжинов.

Әсет ИСЕКЕШЕВ, Қазақстанның шахмат федерациясының президенті, Премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі:

– Әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты, бұл – ел тарихындағы елеулі оқиға. Себебі осы командалық до­даға әлемнің ең үздік шахматшылары келді. Негізі, соңғы жылдары Қазақстан­дағы шахмат ойыны кеңінен дамып ке­ле­ді. Оған өткен жылғы Бүкіләлемдік шах­мат олимпиадасы дәлел бола алады. Бұл сайысқа қатысқан Гүлісхан Нақ­бае­ва, Мария Сергеева, Гүлмира Дәулетова, Мәдина Дәулетбаева, Динара Сәдуақа­сова сынды қыздарымыз барша әлемді бізбен шахмат державасы ретінде сана­суға итермеледі. Ал олардың Қытай ко­мандасымен тең дәрежеде ойнауы бар­шаны таңқалдырғаны рас. Міне, осы сияқ­ты жетістіктердің арқасында біз әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік алып отырмыз. 

Гүлісхан НАҚБАЕВА, Қазақстан құрамасының капитаны:

– Барлық командалардың ішінде, біз – ең жас шахматшылармыз. Сол себепті біздің болашағамыз зор деп ойлаймын. Бұл чемпионатта үздік көр­сеткіштерді көрсетуге тырысамыз. Ко­мандалық дода болғаннан кейін тұтас бір организм сияқ­ты ойнау қажет. Сон­дықтан біз әр­бір ой­ында бір жұдырық болып жұмы­лып, көз­деген мақсаттарға жетеміз деп сенемін. 

Чемпионаттың алғашқы матчтарында біздің қыздар АҚШ құрамасымен тең түсті. Бұл кездесуде Гүлісхан Нақбаева және Динара Сәдуақасова қарсыластарынан айласын асыра алмаса да, есепті тең аяқ­тады. Ал Мәдина Дәулетбаеваның жеңісі қазақстандық команданы алға шығарды. Дегенмен Гүлмира Дәулетова ұтылып қал­ды. Есеп – 2:2. Қазіргі әлем чемпионы  Қы­тай құрамасы болса, француздарды ай­қын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ Ресей – Румынияны, Грузия – Түркияны, ал Ук­раи­наның шахматшы қыздары Үндіс­танды ұтып кетті.

Бет қатталып жатқанда: Үндіс­тан – Фран­ция, Грузия – Қытай, Ук­раина – Ру­мыния және АҚШ – Түр­кия ойындары өтіп жатты. Ал біздің құрамамыз Ресей шахмат­шылары­мен ойнады. Чемпионат наурыз­дың 12-сі күні ақталады.

Автор: Арман АСҚАР, Астана

 

http://alashainasy.kz/sport/40861/

Рубрика: