26 февраля, 2015 Comments Off on  Елорда көшелері қазақшаланды

 Елорда көшелері қазақшаланды

astana_sightseeingБұған дейін республикалық мерзімді басылымдар мен электронды ақпарат құралдарында талай мәрте жазылып, қоғам талқысына түскен Астанадағы Мирзоян көшесі жуырда қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын болды. Мирзоян көшесінен бөлек Елордадағы өзге де көшелерге белгілі тұлғалардың есімдері берілді.

Атап айтқанда, Астана қаласындағы 119-көшеге Шыңғыс Айтматовтың, Е-352 жобалық көшесіне Будапешт, 142-жобалық көшесіне Өзбекәлі Жәнібековтің, 209-жобалық көшесіне Ұзақ батырдың, 203-жобалық көшесіне Жәрмеңке абыздың, 188-көшеге Шәймерден Қосшығұлұлының, 200-көшеге Ілияс Омаровтың, 59-жобалық көшесіне Жантай батырдың, Е-487 жобалық көшесіне Зейін Шашкиннің, Е-107 жобалық көшесіне Әмина Өмірзақованың, Нұрғиса Тілендиев орамына ­Аспандияр Кенжиннің, Жерұйық көшесіне (3-4 пикет) Рақымжан Дүйсенбаевтың есімін беру туралы ұсыныстар Астана қалалық Мәслихат сессиясы депутаттарының тарапынан қолдау тауып, оң шешім қабылданды. Сонымен қатар қалалық Мәслихаттың шешімі бойынша, Дарабоз көшесі мен Асқар Тоқпанов көшелері біріктіріліп, Асқар Тоқпанов көшесі деп қайта аталатын болды. Осы қуанышты оқиғаға орай, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов астанадағы көшелердің негізгі бөлігі қазақ тілінде екенін, бұл еліміздің өзге қалаларына үлгі боларлық іс екенін атап өтті. Орайы келгенде айта кеткен орынды, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында өткен жылы Астанадағы Мирзоян атындағы көшенің Қаныш Сәтбаевтың атымен аталатындығы жайында көпшілік оқырманнан алдын ала сүйінші сұрап та қойған болатын. Осы мәселені қараған ономастикалық комиссиясы ­Мирзоян көшесін өзгертуді заңдық тұр­ғыдан мақұлдаған еді.

Мәдина Амантаева.

http://anatili.kz/


Комментирование закрыто.