434_693d8e84399d8a633e691f99e65c018cАстана. 17 шілде. Baq.kz – Ел боламын десең ойыншығыңды түзе. Сатылымдағы балаларға арналған ойыншықтың 70 пайызы денсаулыққа қауіпті, деп хабарлайды КТК.

 Жаппай тексеріс жүргізген техникалық реттеу және метрология комитеті осындай қортынды жасап, жағаларын ұстады. Ал сапасыз тауарлардың Қытайдан жеткізілгені анықталып отыр.
Тексеріс кезінде тәркіленген ойыншықтар бірден осы зертханаға жөнелтілді. Сапасы мұндағы мамандардың да жағасын ұстатқан. Мәселен, мына Қытайдан шығарылған қуыршақ сырт көзге сүп- сүйкімді. Бірақ бас айналдыратын жағымсыз иісі бар. Яғни, ол бүлдіршіннің денсаулығына қауіп төндіреді деген сөз.
Ең үрейлісі, бала кемтар болып қалуы да мүмкін. Алаңдамасқа болмайды. Себебі еліміздегі базар, дүкендер мен сауда орталықтарында сатылатын ойыншықтардың жетпіс пайызының сәбилерге қауіп төндіретіні анықталып отыр. Олардан зақым алу былай тұрсын, күмәнді ойыншықтар қатерлі химиялық улы зат бөледі. Ал қадағалаушы органның қолы қысқа. Тек әкімшілік жаза қолданумен шектеледі. Биыл сапасыз тауар әкелген кәсіпкерлерге 250 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Құлдыраған отандық ойыншық өндірісінің еңсесін тіктеуді әнші Қыдырәлі Болманов қолға алған. 2 жыл бұрын қыруар қаржысын салып қуыршақтарды қазақша сөйлетті. Болмановтың айтуынша, Қытайдың арзан тауарына қызыққан ата-ана ақшасын үнемдеймін деп жүріп ұл-қызының болашағына балта шауып жатқанын түсінбей жатыр.
Ал ел көлемінде өткізілген жаппай тексерістен соң ахуал өзгерген жоқ. Қауіпті қытайлық ойыншықтар сөреде әлі самсап тұр.

http://www.baq.kz/kk/news/32399

Рубрика: