АЛТЫНОРДА
Новости

Елімізде Кәсіби Әскер құру тиімді ме?

©kerey.kzЕлімізде жыл сайын 100-ден астам әскер қатарындағы жастарымыз қаза болып жатады. Себебі әр түрлі. Әскерден ұлы келіп қуантпай, табыт ке­ліп жылатқан ата-аналардың басым бөлігі ажалдың ар­тында әлімжеттік тұрады деп санайды. Басым бөлігі расталып жатады.

Суицид эпидемияға айналып кетпесін

Деректерге көз жүгіртсек:

2008 жылы бұл салада 44 суицид тіркелсе, 2009 жылдың қараша айының тек екі аптасында ғана бірінен кейін бір 3 жауынгеріміз өз өміріне өзі балта шапқан. 2010 жылы – 17, 2011 жылы – 21, 2013 жылы – 25, 2014 жылы – 27 оқиға тіркелген екен.

Мамандар жауынгерлер арасындағы суицидті зерттеп, оның себеп-салдарын анықтаған болып жатады. Алайда, шыны керек, оның анау айтқандай нәтижесін көрген емеспіз. Осы жуырда ғана ҚР Әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов сөз болып отырған әлеуметтік саладағы суицидтің көбеюі «несиенің» зардабынан деген мәлімдеме жасады, яғни қарызын қайтара алмаған адам шарасыздықтан өмірмен қоштасады-мыс. Бірақ мынаны ескерген жөн: қазір басында несиесі жоқ жан бар ма? «Олардың барлығы бірдей өліп жатқан жоқ қой» дегелі отырғанымыз жоқ. Тек кім де кім өз өзіне қол жұмсаса, оны несиеден көре салуға болмайды. Бұлай біз түйінді түйткілдің түйінен еш уақытта шеше алмаймыз. Сонымен, прокурор әскери адамдарға несие бермеу мәселесін көтереді. Оған қарсы шыққан заңгерлер жетерлік. Бұл адам құқын бұзғандық деп санайды олар. Ал біздің ойымызша – бар гәп әскери саладағылардың бір-біріне эстафета сияқты табыстап отыратын әлімжеттікте. Одан да осы бір жаман індетпен түбегейлі күресу керек.

Әскери әлеуетіміз неге төмен?

Мына алмағайып заманда бізге күшін бір-біріне емес, жауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонымен қатар, осал емес, жан-жақты дайындалған, рухани мықты әскер жасақтау қажеттілігі туындап отыр қазір. Өткен жылы 106 мемлекеттің әскери күш ахуалын өзінше бағалаған АҚШ-тың бір басылымы Қазақстанды 86-шы орынға түсіріп тастағаны естеріңізде болар. Әрине жетекші елдерге ілесу қиын әлбетте. Бірақ біздің әскери әлеуетіміздің тіпті бұрынғы посткеңестік елдермен тең түспегені ойлантпай қомайды.

Полковник, әскери ғылым докторы, профессор Ким Серікбаев еліміздің Қорғаныс саласының жоғарыда сөз болғандай, 86 орында тұрғанын «білікті мамандардың аздығынан» деп санайды, яғни Кеңестік жүйе кезінде КСРО елдерінің Қарулы күштерінде кадр дайындау мәселесі кенже қалған. Ал бұл мәселе осы күнге дейін оң шешілмей отырса керек.

Әскери және қоғам қайраткері, генерал-майор Мұрат Қалматаевтың пікірінше, «еліміз бен жеріміз қауіпсіздігінің негізгі кепілі Қорғаныс саласының талапқа сай келмеуі — «әлімжеттік пен жемқорлықтың» кесірінен. Шынымен де, жылына бір емес, бірнеше генералдың үстінен іс қозғалып жатса, жағдайымыз мүшкіл. Анау бір жылы Қорғаныс саласына бөлінген қаржының 156 млн. доллары талан-таржаға түсіп, бізді айтпаған ел қалмаған еді…

Айта кетейік, Қорғаныс саласына 2010 жылы – 171 миллиард теңге бөлінсе, 2014 жылы ол 376,9 миллиардқа артқан. Ал 2015-2016 жылдарға 1 триллион 163,9 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ақша қомақты. Алайда қаржы талан-таражға түспей, орнымен игерілсе игі.

Өз араларын жемқорлықтан тазарту мақсатында сөз болып отырған сала басшылығы осы жүйеге 2015 жылдан бастап бірқатар өзгерістер енгізіп отыр. Атап айтсақ, мемлекеттік сатып алу көп өзгеріске ұшырамақшы. Сонымен қатар, бірнеше қызмет Халыққа қызмет көрсету орталығына берілді. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір тетігі.

Кәсіби Әскер тиімді ме?

Қазіргі таңда Кәсіби Әскер құ­ру мәселесі көп талқыланып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Қарулы Күштерінде Кәсіби әскер құру мәселесі кезең-кезеңмен жүзеге асуда. 2016 жылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігі толықтай келісімшарт қызметіне (контрактная служба) көшуді жоспарлап отыр. Кейбір мамандардың пікірінше, бұл дұрыс емес. «Өйткені, бұлай біз резервті азайтып аламыз» дейді олар. Қалай дегенде де, Кәсіби Әскер құру бір жақты шешіліп қойған. Ал ол қаншалықты тиімді, оны уақыт көрсетеді.

Автор: Ләззат Билан

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/elmzde-kasbi-asker-kuru-timd-me-63575/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі