Елбасы ел Үкіметін «казармалық» режимге көшірді. Бұл туралы кеше Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім болды. «Үкімет көркем тілмен айтқанда, «казармалық жұмыс» режиміне көшуге тиіс, – деді Президент Н.Назарбаев.
– Яғни тәулігіне – 24 сағат жұмыс!» Осы жиында еліміздің былтырғы жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды, сондай-ақ «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен биылғы Жолдауды жүзеге асыру жолдары қаралды.
– Біз бүгін, жалпы, Үкіметтің өткен жыл­дағы жұмыс қорытындыларын жасап отырмыз, – деді Елбасы. – Же­тістіктеріміз, істеген ісіміз аз емес. Дү­ниенің барлығы шайқалып, дағдарыстан әлі шыға алмай жатқан кезде, еліміз өнімділігін паш етуде. Экономика өсімін «қанағаттандырарлық» деп айтуға болады. Дегенмен бүгінгі жина­лысы­мыздың негізгі мәселесі – Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау жайы. Сол себепті біз қазір істелмей жатқан жұмыстарға көңіл бөлеміз.
Қазақстан Көшбасшысы өткен жыл­дың қазан айында 9 айдың қорытындысы бойын­ша, Үкіметпен кеңес өткізген-тін. «Сонда Үкіметке 33 тапсырма бердім, – деп еске салды Президент Н.Назарбаев. – Оларды орындау мерзімі ендігі бітті. Алайда солардың тек 11 пайызы ғана орындалды! Қалған тапсырмалар сапасыз пысықталған. Барлығы әзірге «орындау сатысында» ғана тұр».
Ол нақты мысал келтірді: «Мәселен, өте салмақты мәселелердің бірі – «кө­леңкелі экономика». Оған тиімді қарсы тұру бағытында ауыз толтырып айтарлық ештеңе де жасалмаған. Бұған Экономика министрі Ерболат Досаевтың дербес жауапкершілігі бекітілген болатын».
Өз сөзінде министр Е.Досаев Қа­зақ­стан экономикасының 20 пайызы «кө­леңкеде» екендігін растады. Олар салық төлемейді, ондағылардың табыстары сыртқа ағып кетеді. Яғни миллиардтаған доллар қаржы мемлекеттің өрлеуіне үлес қоспай отыр. Бұл ретте экономика министрлігі «көлең­келі экономикамен» күрес бағдарламасын қайта түзіп шыққан екен. «Онда бұған дейін ешқандай ма­ғынасы жоқ, формалды іс-шаралар көп болған. Сондықтан біз бүгінде эконо­миканың «көлеңкелі» жағы басым 4 сек­торына – сауда, ауыл шаруа­шы­лығы, мемлекетік сатып алулар салаларына және қаржы секторына назарымызды шоғырландырудамыз» деген министр Іс-шаралардың қайта қаралған кешенді бағдарламасын алдағы аптада Президент Әкімшілігіне енгізетіндерін хабарлады.
– Бұл өте маңызды мәселе, – деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев. – «Көлеңкелі экономика» кесірінен, қаржы ағыны эко­номикадан сырт кетуде. Бюджетке салық түспейді, нәтижесінде, барлығы зардап ше­геді. Бұлар – әртүрлі базарлар – «барахол­калар», рас, оларда миллионға жуық адам жұмыс жасайды. Бұл жерде өте абай болу керек. Адамдар сонда нәпақасын айырып отыр. Бірақ ретке келтіру керек. Ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілеріне қатысты мәселенің де басын ашып алу қажет.
Үкімет пен Ұлттық банкке Мемлекет басшысы «мемлекет – жеке серіктестігі жобаларына даму институттарының, инвестициялық қорлардың, қаржы ұйым­дарының қаржысын тарту бойынша ұсыныстар түзуді» жүктепті. «Бұл да жасал­маған! – деп кейіді Елбасы. – Ауыл шаруашылығы бойынша мәселелер блогы мүлдем дерлік пысықталмаған» деген ол Үкіметке берілген 33 тап­сыр­маның барлығы орындалуға тиістігін атап көрсетті. Бұл ретте жауапты ретінде бекітілген тұлғалар алда өз міндеттері бойынша арнайы баян­дауға міндеттелді. Президент Әкімшілігіне сол тапсыр­малардың іске асуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Осыдан кейін Н.Назарбаев кейінгі күндері елді мазалаған мәселеге тоқталды:
– Үш күн бұрын елімізде теңгенің айырбас бағамын түзету жүргізілді. Теңгенің жай-күйі үшін Ұлттық банк пен Үкімет жауапты. Ұлттық банк басқармасы осын­дай шешім қабылдады. Ойластырылған және негізделген деген сенімдеміз. Мен қысқа­ша айтқым келеді: тек осы шара ғана эконо­миканың 6 пайыздан төмен емес өсімін қамтамасыз етеді. Ал экономиканың өсуі бюджетке түсер қаржы көлемін арттырады. Бұл қаржы халыққа барады. Одан зейнет­ақы, жалақы, жәрдемақылар төленеді.
Президент «экономиканың жыл са­йынғы өсімін кез келген шаралармен қам­тамасыз етуге тиіспіз» деді: «Бұл – біз Жол­дауда қойып отырған міндет-мақсат­тарға қол жеткізудегі негізгі көрсеткіш! Әлгі шара осы мақсатқа қызмет етеді. Қал­ғандарының барлығы – көлгір сөз».
Елбасы қазақстандықтарды дүрбе­лең­ге салынбауға шақырды: «Ешкімге ұнды қап-қабымен сатып алудың қажеті жоқ. Бізде 20 миллион тонна астық бар. Артық са­тып алудың керегі не?! Басқа өнімдер бойын­ша да солай. Өмірімізге қажетті негізгі азық-түлік түрлері бізде жеткілікті көлемде бар. Қоры орасан, бірнеше жылға жетеді. Демек, алаңдау қажет емес».
Жалпы, доллар бағамының күрт ша­рықтауы, шетелдік тұрмыстық техника секілді импорттық ірі зат сатып алуды жос­парламаған былайғы жұртты сонша қапаландырмауға тиісті еді. Себебі ел ішінде, дүкендерде, дәмхана, мейрамха­на­ларда, қызмет көрсету орындарында және басқаларында есеп айырысу тек теңгемен жүреді. Олардағы бағаның негізсіз көте­рілмеуін мемлекет бақылауда ұстауға уәде етеді.
Дегенмен, өкінішке қарай, Қазақстан экономикасының шектен тыс долларға (Ұлттық банк дерегінше, 40 пайызға) тәуел­ділігі осыған соқтырып отыр. Атап айт­қан­да, қазақстандықтардың көпшілігі маңдай тер, табан ақысымен тапқан азын-аулақ қар­жысын баспана сатып алуға жиған бо­латын. Пәтер құны ірі қалаларда бірден көтеріліп шыға келді. Себебі құрылыс ком­пания­лары шаршы метр құнын доллармен ғана көрсетеді. Көрші Ресей бұл мәселені бағаны тек рубльмен ғана көрсетуді талап ететін заң қабылдау арқылы шешуде.
Шынында да, Қазақстандағы салушы­лар­дың бағаны көтеруге көп негізі жоқ: қап­­таған жұмысшыларына олар жалақы­ны бұрынғы көлемде теңгемен төлеуде, керекті құрылыс материалдарының 75 пайызы өз елімізде шығарылады. Демек, Үкіметке құрылыс саласындағы қымбатшылықты құрықтайтын кез жеткендей.
– Валюта бағамының өзгеруі долларды сатып алатындарға ғана қатысты, – деді Н.Назарбаев. – Долларды сыртқа шығатын миллионерлер мен миллиардерлер, инвес­торлар сатып алады. Әрине, импорттық өнімдерді сатушылар бұдан зардап шегеді. Бірақ бүгінде автокөліктер барлығында бар, теледидарлар мен тоңазытқыштар да бә­рінде бар. Долларсыз да өмір сүреміз. Ең бастысы, қазір сауда орындарында спе­куляциялардың болмауын қадағалау керек. Ешкім осыны пайдаланып, халық үстінен пайда тауып қалуға тырыспасын. Қатаң қадағалаңдар! Заңға сәйкес, қатаң жа­залаңдар.
Мемлекет басшысы Үкіметке айырбас пунктерін, сауда орындарын қырағы на­зарда ұстауды жүктеді. Бұрын мән берме­гендердің өздері енді күн сайын валюта бағамын байқап отыруға тырысады, егер ол әлдебір жерде ары қарай өсіп бара жатса, ел арасындағы дүрбелең басылмай, қайта өршімек.
Президент Н.Назарбаев, әсіресе, қала­лардағы ірі сауда орындарының бағада «бұлаңға» салмауын бақылауды тапсыр­ды: «Басшыларын жауапкершілікке тартың­дар. Оның үстіне бұған дейін әкеліп қойыл­ған тауарлардың бағасы ешқандай көтерілмеу­ге тиіс» деген ол қайыра халыққа жүгінді:
– Бізде барлығы жеткілікті. Алаңдама­ңыздар! Теңге бағамының ары қарайғы төмендеуі болмайды! Біз ел игілігі үшін тұрақты жұмыс істей береміз, – деп сендірді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстарындағы «жағдайдың дұрысты­ғын» баяндады: «Ешқандай айқай-шу, ажио­таж, кезекке тұрып, қап-қабымен азық-түлік, жанармай алып жатқан жоқ. Барлығы бақылауда». Өңір әкімі бір оңды тәжіри­бе­сімен бөлісті: әкімдік көтерме базарлар басшыларымен жалға берілетін орындар құнын 20 пайызға төмендету жөнінде келісімге келіпті.
Теңгенің құнсыздануынан халық қатты зардап шекпеуі үшін Елбасы ел Үкіметіне «азық-түліктің негізгі түрлерінің, сондай-ақ әлеуметтік маңызды тауарлар, ЖЖМ және дәрі-дәрмек бағаларының тұрақтылы­ғын қамтамасыз етуді» тапсырды. Сонымен бірге билік тауарлар тапшылығына жол бермеуге міндеттенді. Мемлекет монопо­листер тарифтерінің негізсіз өсуін де болдырмайтынына сендіреді. Бұған қоса, халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені қабылданады.
– Мүмкіндіктерімізді есептей келе, мен Үкіметке биылғы жылдың 1 сәуірінен бас­тап, мемлекеттік мекемелер мен қазы­на­шылық кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілердің лауазымдық айлығына 10 пайыз көлемінде ай сайынғы қосымша ақы қарастыруды тапсыра­мын! – деді Президент. – Азаматтық қызметші дегеніміз – білім, ғылым, денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау қызметкерлері және басқалары. Екіншіден, биылғы жыл басында жоғарылағанын есепке ала отырып, зейнетақының жалпы өсімін 14 пайызға, ал әлеуметтік төлемдер­дің өсуін 12 пайызға дейін жеткізуді жүк­тей­мін. Бұларды да 1 сәуірден бастап қо­сыңдар.
Үшіншіден, биыл атаулы әлеуметтік көмек те 12 пайызға дейін көтеріледі. Төр­тіншіден, студенттердің шәкіртақысы да 10 пайызға артады.
Осы мақсатта ел Үкіметі биылғы бюд­жетті қайта қарайды. Нәтижесінде, ай­мақтарды аралаудан оралған Парламент «Бюджет – 2014» жаңа жобасын қабылдауы керек. «Тиімсіз шығындарды одан жойың­дар. Барлық резервтерді іске қосыңдар» деді Елбасы.
Мұның сыртында Н.Назарбаев «Са­мұрық-Қазына» қорына және оған кіретін компанияларға 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап, тікелей өндірісте жұмыс жасай­тындардың жалақысын 10 пайызға жо­ға­рылату міндетін қойды: «Өмірзақ Естай­ұлы, кеңседегілердің емес, тек өндірістегілер­дің, инженерлік-техникалық персоналдың жалақысын ғана!» деді ол қор басшысына.
Қазақстан Көшбасшысы еліміздегі барлық ірі және орта компаниялардың басшыларын да өз жұмысшыларының жалақысын көтеруге үндеді.
Мемлекет кәсіпкерліктің дамуын ын­таландыруға қызу кіріспек. Үкіметке кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін жү­йелі шараларды түзу тапсырылды. Бірінші кезекте, шағын және орта бизнестің қолын несиеге жеткізу қарастырылады. «Біздің кәсіпкерлер ұзақмерзімді кредиттік рес­урстарға зәру. Олар біздің банктерде жоқ, өйткені дағдарыстан жаңа-жаңа шығуда. Бізге экономикаға шұғыл көмек көрсету және оны 6-7 пайызға өсіру үшін мемле­кеттің резервін пайдалануға тура келеді. Сондықтан мен экономиканы «ұзын» ақшамен қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді кредиттерге 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдаймын!» деген Нұрсұлтан Назарбаев осынша мол қаржының Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары алынатынды­ғын нақтылады. Бұл қаржыларға ең алдымен, шағын және орта бизнестің өң­деуші өнеркәсіпке қатысты жобалары несиелендірілетін болады.
Қазақстан Көшбасшысы әлемдік эко­номика үрдістерін және ішкі жағдайды есепке ала отырып, Үкімет пен Ұлттық банкке 7 алдын алушы шараны жүзеге асыруды жүктеді. Атап айтқанда, бірін­ші­ден, халықтың табысының лайықты дең­гейде болуын қолдау, екіншіден, кә­сіп­керліктің дамуын ынталандыру, үшін­­­шіден, қаржы секторының тұрақты­лығын арттыру, төртіншіден, мемлекет­тің экономикаға қатысуын азайту, бесінші­ден, көлеңкелі экономиканы қысқарту, алтыншыдан, инвестициялық климатты жақсарту және жетіншіден, экономика салаларын белсен­ді әртараптандыру шаралары қолға алы­ну­ға тиіс.
Мемлекет басшысы жиында қойылған міндеттердің «әрбір пунктінің» іске асуын өзі қадағалайтынын нықтады. Президент Әкімшілігі берілген әрбір тапсырманың орын­далуы барысын бақылауда ұстамақ. «Сұ­рау қатаң болады! Нәтижесінде, кімнің кім екендігін, кімнің қолынан не келетінін кө­реміз. Ендеше, үш еселенген күш-жігер­мен жұмыс жасаңдар! Барлығы елдің қамы. Қазақстанның өсіп-өркендеу мәселесі. Ты­рысып, күндіз-түні жұмыс істемесек, оны біз орындай алмаймыз. Барлығымыз халық алдында жауап береміз» деген Елбасы билік­ті сол жауапкершілікті түсінуге шақырды.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: