09 сентября, 2015 Comments Off on ЭКСТРЕМИСТІК ТОПТАРДЫҢ ТОТАЛИТАРЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТЕТІН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ

ЭКСТРЕМИСТІК ТОПТАРДЫҢ ТОТАЛИТАРЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТЕТІН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ

1345897590_b1Бүгінде Таяу Шығыс елдерінде жазықсыз елді қырып, жаппай қан төгіп жатқан «ИШИМ», не болмаса өз-өздерін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген атышулы лаңкестік топ пен осы топқа еліктеген басқа да экстремистік ұйымдардың тоталитарлық идеологиясына мұсылман ретінде қарсылық көрсететін уақыт жетті. Ислам атын жамылып жасалған террорлық әрекеттер мұсылмандардың беделдерін түсіріп, қоғамнан шеттетіп отырғаны және Ислам дініне қарсы кереғар пікірлер туғызып, бүкіл мұсылмандарды жаралап жатқаны жасырын емес.  Бұл туралы дінтанушы, ойшыл Фетхуллаһ Гүлен мырза  «Wall Street Journal» газетіне сұхбат берген екен. Әлгіндей зорлық-зомбылыққа жүгінген радикалды топтардың қолдан жасаған зұлымдықтың салдарынан Ислам дініне күйе жағып, кінә тағып,  әділдік  аясының тарылуына бей-жай қарамайтын әр қазақстандық үшін «Қамшы» порталы аталмыш мақаланың қазақ тіліне аударылған нұсқасын назарларыңызға ұсынады.

Алдымен зорлық пен зомбылықты айыптап, виктимизациялық психологияның тұзағынан сақтануымыз керек, дейді дінтанушы-ғалым.  Террористердің дін жамылып, ауыр күнәні мойындарына алып жатқаны тек менің ғана ойым емес. Хадис, сира және тәпсір арқылы Құрандағы иләһи хат-хабарды ұғынып-түсінуге бар ғұмырын арнаған саңлақ сахабалардың, ғұлама мен ойшылдардың біздерге жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі мен Құранның асыл қазынасы лаңкестердің дін жамылып келтірген әртүрлі деректерді жоққа шығарады.

Екінші мәселе, Ислам дініне деген көзқарас тұтас әрі бірыңғай болып қалыптасуы керек. Өйткені кейбір дін өкілдерінің мәдени ерекшеліктеріне байланысты танытып отырған келісім мен толеранттылық ұстанымдары кейде діннің негізгі құндылықтарына қарсы пікір туғызуы мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, Исламның негізгі құндылықтары адамдардың талқысына салынбаған, аят пен хадистегі үкімдер арқылы белгіленген. Осы тұста, Құрандағы бір кісінің нақақтан-нақақ құрбан болуы бүкіл адамзатты өлтіруімен бірдей деп санаған аятты мысал ретінде келтіруге болады. (Құран, 5:32). Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қорғану мақсатындағы қандай да бір соғыстың өзінде соғысқа қатыспайтын адамдарға, әсіресе, қатын-қалаш, бала-шаға және дін адамдарына титтей де болсын зиян келтіруге тайға таңба басқандай етіп айтып, тыйым салған.

Біздер, мұсылман ретінде әлемнің түкпір-түкпірінде бейбітшілік іздеген, бейбіт өмірге ұмтылған адамдармен ынтымақтасып, аталмыш құндылықтарды іс-әрекетіміз арқылы көрсетуіміз керек. Адам психологиясы мен ақпараттық құралдарының бүгінгі динамикасын есепке алғанда, айтылуға тиіс өміршең әрі байыпты мәселелердің орнына радикалды көзқарастар мен шулы тақырыптар мұқаба беттерінде орын алып жататыны белгілі. Бірақ біздер бұқаралық ақпарат құралдарына кінә тағудың орнына өз ой-пікірімізді жеткізе алатын жаңа жолдар іздеуіміз керек.

Үшіншіден, мұсылман баласы адам өмірі, ар-абырой және азаттық пен еркіндік секілді құндылықтарын жан-тәнімен қорғай білу керек. Әсілі, бұл құндылықтар – Исламның негізгі құндылықтары деп есептеледі және көш бастаған бірде-бір адам, мейлі ол дін өкілі болсын, мейлі саяси өкіл болсын, ешкімнің елдің еншісінен алуға қақысы жоқ. Дініміздің рухына деген адалдық сезімі мәдени, саяси, діни және әлеуметтік әртүрлілікке де асқан құрметті қажет етеді. Алла тағала қасиетті Құранда адамдардың бір-бірімен танысып-тануды ерекше жаратылыстың хикметі ретінде көрсетеді (49:13) және барлық адамдарды көркем етіп жаратқанын айтады (17:70).

Төртіншіден, мұсылмандар тәлім-тәрбиеге негізделген білім әрі көркем өнермен қатар жаратылыстың әрбір мүшесін құрметтейтін ғылым жүйесінің мүмкіндіктерін қоғамда орын алған әр адамға таныту керек. Мұсылман қоғамдастықтардың басқарушы мемлекеттері демократиялық құндылықтарды мектеп бағдарламасына енгізу керек. Өйткені азаматтық қоғамдар өзара түсіністік пен келісімді нығайту мақсатында өте маңызды рөл атқарады. «Қызмет» қауымдастығы деп аталатын ерікті азаматтық қауымдастықтың өкілдері осы мақсатта 150-ден астам елде білім ошақтары мен диалог орталықтарын ашқан болатын.

Бесіншіден, мұсылман қауымдастықтарға «қаймағы бұзылмаған» діни білім беруге мүмкіндік берілетін болса, радикалды топтардың экстремистік идеологияларын жаюына бөгет бола алады. Егер де бірқатар мұсылман елдерде орын алғандай, дін бостандығы шектелген болса, дін және діни құндылықтар көлеңкеде қалып, экстремистік топтардың пайымымен, түсінігімен насихатталады да солардың ажырамас құралына айналады.

Терроризм өте күрделі мәселе болғандықтан, онымен күресетін тетіктер де саяси, экономикалық, әлеуметтік және діни тұрғыдан болуы тиіс. Бұл күрделі мәселеге тек қана дінмен шектеп қарайтындар лаңкестердің торына түсуге қаупі бар жастар мен бүкіл адамзаттың обалына қалады. Халықаралық қауымдастық терроризмнің бірінші дәрежедегі құрбандарының шын мәнісінде әрі символикалық түрде мұсылмандар екендігін және мұсылмандардың лаңкестерді шектете отырып, террорлық ұйымға жастарды тарту әрекеттеріне кедергі келтіре алатындығын түсіну керек. Сондықтан қай мемлекет болсын мұсылман отандастарының көңілдеріне қаяу түсіретін сөз бен әртүрлі әрекеттерден сақтанғаны жөн.

Біз осы жерде бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Зорлық пен зомбылыққа жүгінген экстремизмнің, терроризмнің діні жоқ.

Фетхуллаһ ГҮЛЕН

дінтанушы-ғалым

 «Wall Street Journal» газеті

«Қамшы»сайтынан алынды

Загрузка...

Комментирование закрыто.