АЛТЫНОРДА
Новости

 Дулат жайлы деректі фильм

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұйытқы болуымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты жазушы-драматург Дулат Исабековтың шығармашылық күндері өтуде. Осыған орай «Цезарь» кинотеатрында жас режиссер Нұргелді Садығұловтың «Исабеков әлемі» атты деректі фильмінің тұсаукесері болды.


Негізінде бұл шара қаламгердің 70 жылдығына орай өткізілуі тиіс еді. Бірақ дәл сол уақытта өткізуге Дамир Манабайдың көркем картинасы дайын бола қоймапты. Содан біраз кешеуілдеп қалған. Десе де, «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» демекші, Дулат Исабековтей қаламгерге құрмет қай уақытта көрсетілсе де жарасады. Ол кісінің қолтаңбасын әдебиеттен ғана емес, сонымен бірге театр мен кинодан да жиі көруге болады. Елімізде драматургтің пьесасы қойылмаған сахна жоқ шығар. «Әпке», «Жаужүрек», «Құстар фестивалі», «Енді қайттік?..» сынды тағы да басқа пьесалары қазақ көрермендерінің жақсы бағасын алып үлгерген. Енді міне, кезек кинотуындыларына келіпті. Бұл күндері көрермен қаламгер туындыларының негізінде түсірілген Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартасын», Асанәлі Әшімовтың «Дермене» фильмін және Дамир Манабайдың «Лотереясын» тамашалай алады.

«Дулат Исабеков – қалың оқырманын баяғыда тапқан еліміздің көрнекті қаламгері. Өзінің озық шығармаларымен халық құрметіне бөленген жазушы. Ол кісінің қазақ киносына қосқан үлесі орасан. Сол себепті де біз аталмыш шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл күндері көрермен Дулат ағаның сценарийі бойынша түсірілген кинотуындылармен таныса алады. Ол фильмдердің арасында Кеңес өкіметі тұсында түсіріліп, халық көзайымына айналып үлгерген «Гауһартас» пен бүгінгі күннің киноөнімдері бар» деді сөз алған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев.

Дулат Исабеков шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіре отырып, бүгінгі кино мен бұрынғы кино саласына қатысты өзінің пікірін білдірді. «Қазақ киносына жастар келіп жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Десе де, олардың бүгінгі өмірге деген көзқарасы өзгеше. Мен «Қыз Жібекті» көрген сайын аталмыш фильмнің сол заманда түсірілгеніне және сценарийін Ғабит Мүсіреповтің жазып, оны Сұлтан Қожықов сынды хас шебердің экранға шығарғанына қуанамын. Егер сол фильм бүгін түсірілсе, Қыз Жібектің абыройы дәл сол кездегідей болар ма еді? Қазіргінің жастары Қыз Жібекті жалаңаштаудан тайынбас еді. Сонымен бірге бұрынғы кино саласының да өзіндік кемшіліктері болды десем, қателеспеймін. Мысалы, менің сол заманда түсірілген «Гауһартасқа» көңілім тола қойған жоқ. Себебі ол жылдары барлығын жіті қадағалап отыратын Орталық Комитет болды. Алғашқыда Мәскеу «Гауһартастың» сценарийінен орыс кейіпкерін таба алмай, бекіткісі келмепті. Сонда Қалтай Мұхамеджанов: «Ол кемшілікті мойындаймыз. Бірақ біз қанша іздесек те, бір орыс қойшыны таба алмадық» деп тауып айтып, сценарий сәтті өтіп кеткен. Фильмнің кей тұстары көңілімнен шықпағанымен, бұл картина қазақ халқының төл туындысына айналды. Өйткені онда қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрі әдемі суреттелген. Жастар сол сұлулықты сақтай білсе деген үмітім бар» – дейді жазушы Дулат Исабеков.

Сабина Зәкіржанқызы

http://www.aikyn.kz