АЛТЫНОРДА
Новости

Діни сектаға тартудың жолдары қандай?

hhj
Астана. 12 қараша. Baq.kz – Діннің қоғам дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын ескере отырып, ақпараттық және рухани құраушылары тығыз байланыстағы бұл саланың психологиялық қауіпсіздігіне де аса үлкен мән беру керек. Өйткені, адам баласының теріс пиғылды діни ағымға ден қоюы оған психологиялық тұрғыдан нақты әсер ету нәтижесінде іске асырылады. Ал, бұл дегеніміз, халық өмірінің, денсаулығы мен бақуаттылығының, саяси-құқықтық, рухани-танымдық және әлеуметтік қауіпсіздігі болып табылады.

Қазіргі кезде Қазақстанда түрлі діни ұйымдар өз жұмысын атқарып келеді. Олардың ішінде іс-әрекетіне заңды түрде тыйым салынғандары да бар. Оған қарамастан, әрқайсымыз да сондай ұжымдардың жиналыстарына барғандай болсақ, олардың діни «ілімін» таратып жүргендердің ішінен таныстарымызды немесе құрбы достарымызды кездестіруіміз ғажап емес. Неліктен бұл процесс жалғасын тауып жатыр? Көбіміз өмірімізде бір рет болсын, осы сұрақты өз-өзімізге қойып көрген шығармыз. Кейбіреулер «сырттан келген манипуляцияға оңай ұшырайтын адамдар типі бар» деп ойлайды. Алайда, теріс пиғылды культтардың құрамына бұрын өз идеологиясы мықты болған әрі бай азаматтарымыз да еніп жатады. Неліктен? Яғни, жалған діни ұйымдарға әлеуметтік қорғалмаған азаматтармен қатар салиқалы, қалталы адамдар да келеді және кейін сол ұйымды үнемі қаржыландыруға мәжбүр болады. Кез-келген теріс пиғылды діни ағымға адепттердің көптеп ендірілуін көздейтін манипуляциялық жүйеге адамның сезімталдығын анықтайтын көптеген факторлар бар.
Мысалы, жас адам өзінің өмірлік мақсатын, өз ой-қорытындыларына бір негіз іздейді, ал, оның әке-шешесінің онымен сөйлесетін уақыты жоқ немесе бір адам отбасын жоғалтуы мүмкін, кейде ересек адамның өзі қайғысына ортақ болатын адам таба алмай қиналыста болады. Сондай кездерде жалған діни ұйым мүшелері өз жұмысын бастайды. Олар көбінесе стресстік жағдайда жүрген, апатия немесе депрессияға ұшыраған адамдарға бағытталады. Себебі, мұндай жағдайда жүрген адамға кез-келген ұсақ мәселе шешілмейтін азап секілді көрінеді, ал, жалған діни ұйым мүшелері адамға кішігірім төлемақы төлету және күнделікті өмірден бас тарту арқылы «Құдайдың құтқаруын» ұсынады. Әрине, ешкім оларға тікелей бұлай демейді, барлығы өздігінен болып жатқан сияқты көрінеді. Осыдан келіп, адамдар көбінесе өзінің манипуляцияға ұшырағанын білмей қалады.
Ал, енді, адам санасына әсер ету механизмдеріне тоқталсақ, теріс пиғылды діни ұйымдардың өз психологтары бар және олар кәдімгі психологиялық әсер ету тәсілдерін қолданады. Біріншіден, қиын жағдайда жүрген адамға ыңғайлы әрі жағымды орта керек. Бұл ұйымда ондай рәуіш бірден ұйымдастырады: тегін тамақ, жататын орын, сіздің келгеніңізге қуанышты болатын «жаңа отбасы», барлығы сізге жымиып, бір-бірінің амандығын сұрайды. Бұның барлығы кез-келген адамға жағымды болып көрінеді және қайтадан сол жерге келіп, осында көп уақытқа қалуға ынтасын тудырады. Екіншіден, жаңадан келген адамды өзін топпен ассоциациялауға үйрету керек, яғни, оны жақсы көретін осы «керемет адамдардың» мүшесі ретінде сезінуге итермелеу керек.
Әртүрлі ұйымдарда түрлі амалдар бар (тренингтер, бірігіп ән салу, топтық құлшылық ету, өздерінің мейрамдары, өздерінің ерекше тілі және т.б.), жаңадан келген адамның миына идеологиялық ақпаратты құйып, сол ақпаратты ешқандай сұрақсыз және сыни ескертулерсіз жаттауын қатаң қадағалап отырады. Яғни, адамның сындарлы ойлауы мен ерік қалдықтарын түгелімен жоюға тырысады. Осылайша, топ оны «өз мүшесі» етіп қабылдауға ынталандырады. Үшіншіден, жатталған материал практикада сәтті қолданғанда, адамды мадақтау және «жоғары деңгейдегі» топ мүшелеріне жақындату арқылы қолдайды. Іс-әрекетін басқа біреулердің қолдауы «өзін керемет сезінуін» туғызады, сонымен қатар, осы сезімдер үшін ол өзінің «ұстаздарына» алғысын білдіреді. Тәуелділік пайда болады. Енді, манипуляцияны толық жүзеге асыра беруге болады, яғни, адамды өзінің кез-келген мақсаттарында қолдануға болады, енді, ол, айтқанның барлығын бұлжытпай орындайды. Себебі, оның алдында егер топ одан бас тартса, адам не істерін білмейтіндей жағдай жасалды… сол кезде адамда топтан бөліну фобиясы қалыптасады, сондықтан өзін мұндай әдіспен жазаламас үшін барлығын істеуге даяр болады.
Осылайша, біртіндеп секта мүшелерінен тәуелділік қалыптасады, соларға тартатын бір тылсым күш пайда болады. Осы кезеңде адам өзінің не істейтінін шеше алмайтындай жағдайға жетеді. Оған бөгет бола алатын – адамның жақындары мен достары, себебі, олар оны бұрынғы өмірге қайтадан тарту үшін бар күшін салады. Сол себепті теріс пиғылды діни ұйым адамның бар уақытын алуға тырысады. Оның мақсаты – адамға дұрыс демалу мен жақындарымен қарым-қатынасқа түсу уақытынан айыру. Егер де сіз өз жақындарыңыз бен таныстарыңыздың арасында біртүрлі өзгерістерге ұшыраған немесе күдікті адамдармен араласып, түрлі түсініксіз жиындарға барып жүрген адамды байқасаңыз, онда оған немқұрайды қарамаңыз, теріс жолды түсіндіруге және көмектесуге тырысыңыз.
Биыл13 қарашада Астанада Қазақстан дінтанушыларының үшінші форумы өтеді. Маңызды да нәтижелі форумның бір секциясы жалған діни ағымдарға қатысты қарсы насихат жұмыстарының тұжырымдамалық негіздері мен принциптерін әзірлеудегі ғылыми әдісті дайындауға арналады. Жоғарыда, мен көрсеткен мәселелердің барлығының айтылатыны анық. Жалған діни ағымдардың ықпалын төмендету факторы ретінде дінтанушылық білім сапасын көтерудің жаңашыл жолдарын анықтау бүгінгі күні сарапшылар мен дінтанушылардың назарында. Форумда бұл мәселе талданады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда, психологиялық көмек беру дағдарыс орталығында деструктивті діни ағымдардың әсеріне ұшыраған адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізуге бағытталған психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, түрлі діни ағымдардан зардап шеккендерге және олардың жақын туыстарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру жұмыстарын және оларды реабелитациялау әрі қалыпты өмірге бейімдеу жұмыстары жүргізіп келеді. Қазіргі таңда 52 азамат және олардың отбасы мен жақын туыстары біздің орталыққа көмекке жүгінді. Менің ойымша, болатын форумдар айтылған көрсеткішті азайтудын бір амалы болып табылады. Өкінішке қарай, елімізде туындаған жалған ағымдардың уын кетірудің вакцинасын бірігіп тауып қана, халқымызды қауіп қатерден сақтай аламыз.
Л.Қ.Қойшиева,
«Рухани қоғам әлемі» ҚҚ психологиялық көмек беру дағдарыс орталығының төрайымы

 

http://baq.kz/kk/news/39004