АЛТЫНОРДА
Новости

ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Осы сауалды өзіме-өзім қойғалы біраз жыл болды. Ұстаздық өмірдің қыр-сырын бес саусақтай  жақсы білемін десем де, осы мәселенің тұщымды жауабын таба алмай қойдым. Олай дейтінім,  мектептердегі денешынықтыру пәні қатардағы көп пәндердің бірі ретінде өз кезегімен өтіп жатады. Мұғалім балаларды тексереді,  баға қояды.  Жүгіру, секіру, доп ойнау, гимнастика жасау сияқты қимылға құрылған түрлі жаттығулар жасалады. Бір қарағанда бәрі орнымен өтіп жатқан сияқты.  Бірақ осы бір алдамшы көзқарас денешынықтыру пәні деген түсінікке әбден сіңісті болып, еш өзгеріссіз қатып қалғандай көрінеді.
Әлі есімде, бала кезімізде денешынықтыру сабағында мектеп үшін ағаш кесіп, отын дайындайтынбыз. Мұғаліміміз өзінше әзілдеп мұны  «қан тарату» дейтін. Қар басып қалған күндері айнала жол ашып, мектептің айналасын тазартамыз. Бұл – «сергу» деп аталады. Тәртіп бұзсаң,  қос қолыңа бір-бір кірпіш беріп көтертіп қояды: бұл – «бұлшық етті шынықтыру».   Түпкірдегі ауылға келіп, қарап жатқан жан жоқ. Сондықтан денешынықтыру пәні екінші қатардағы, аса мәні жоқ пән ретінде  қарастырылды. Мұғалім керек кезінде доп ойнағаныңа, жүгіргеніңе қарап  журналға қажетті бағасын қоя береді.
Содан бері  отыз жылдан астам уақыт өтті.  Бүгін денешынықтыру пәніне  жақсы көңіл бөлінеді, мектептерде аптасына үш рет сабақ өтеді десек те оның мәні өзгеріссіз қалған сияқты. Өйткені ешқандай нәтиже жоқ. Сол баяғы қалыптасқан бірсыдырғы әдістемелік үрдіс әлі жалғасуда.
Спорттың бұқаралылығын арттыру туралы әңгіме де  талай жылдан бері айта-айта жауыр болған мәселе. Бұл шараға келгенде тағы да ауызды қу шөппен сүртеміз. Рас, оның ешқандай рецепті жоқ. Біздіңше, спорттың бұқаралылығы мен мектептегі дене шынықтыру пәні мәселесін бірге қарастырған жөн сияқты.
Қазіргі таңда республика бойынша 3843 мектеп бар екен. Бұл мектептерде 2533,9 мың оқушы білім алып жатыр. Егер әр сыныпта аптасына үш сағат денешынықтыру пәні өтеді десек, онда біраз алтын уақытымыз  дене тәрбиесін дамытуға жұмсалады екен. Міне, аңдай білгенге спорттың бұқаралығы деген осы. Оқу бітірген әр түлек жылда саламатты өмірге бейім болып, дене шынықтырудың маңыздылығын түсініп үлкен өмірге араласып жатса,  онда халқымыздың денсаулығындағы проблемалар да азая түсер еді.
Қазақстан Республикасының «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында «Мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің денсаулығы» деген арнайы бөлім бар.  Сонда  балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психологиялық денсаулық проблемаларына кешенді тұрғыда келу, оқушылардың спортпен айналысуына толық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасау сияқты мәселелер мұқият қарастырылған. Тіпті, 2013 жылы 14 жасқа толған балалардың сүйек-бұлшық ет жүйесі сырқатын  әр 100 мың балаға шаққанда  1194-тен 2015 жылы 1190-ға дейін  азайту туралы нақты міндет  те қойылған.
Бұл – мектептегі денешынықтыру пәніне немқұрайлы қараушылыққа жол бермей, оны мемлекеттік бағдарлама талаптары тұрғысында ұйымдастыру керек деген сөз. Осы жағынан қарастырғанда денешынықтыру пәнінің тиімділігі  төмен деген қорытынды жасауға болады. Педагогикалық ортада оны осы негізде қайта қарастыру қолға алынбай жүр.
Біздіңше, бұл мәселе ғылыми негізде пысықталып, аталған міндеттермен сабақтастырыла жүргізілуі керек. Сонда ғана  тиімділікке, түпкі нәтижеге қол жеткізуге болады. Әйтпесе, денешынықтыру пәні мектептерде бұрынғысынша қалай болса, солай  өткізіле беретін болады.
Рухат ЖҮНІСОВ,
Сарыарқа ауылы,
 Аякөз ауданы, 
Шығыс Қазақстан облысы.

 P.S. Оқырман өзекті мәселе көтеріп отыр. Шын мәнінде мектептердегі дене шынықтыру пәндері қалай өтеді? Өткен ғасырдың 80-90-ыншы жылдары осы мәселе төңірегінде республикалық белгілі басылымдарда үлкен пікірталас жүргізілді. Онда осы пәннің мектептерде қалай өткізілетіні ғана емес, сонымен қатар бірінші сабақ ретінде, әлде соңғы сабақ ретінде үйге қайтар кезде өткізілгені дұрыс па деген сұраққа да жан-жақты жауап іздестірілді. Содан бері қаншама өзен ағып, қаншама теңіз тасыса да мәселенің соншалықты өзгермегенін оқырман хатынан байқауға болады. Ендеше дене шынықтыру пәнінің беделі қайтсе артады? Бұған сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Хат күтеміз.

 

http://www.halyksozi.kz