АЛТЫНОРДА
Новости

Cәбина Алтынбекова сұлулықтың эталоны ма?

Қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбекова «жұлдызға» айналды. Оның жүрген-тұрғанын, күнделікті өмірін қазақ баспасөзі жарыса жазып жатыр. «Сәбина дүкенге кіріп бара жатыр», «Сәбина тойға барыпты», «Сәбина оқуға түсіпті» деген болмашы нәрселер баспасөздің басты тақырыбына айналды. Оның танымалдығы Илья Ильин, Майя Манеза, Ольга Шишигина, Серік Сәпиев сияқты Олимпиада чемпиондарынан да артып тұр. Әрине, спорттағы жетістігі жағынан  Сәбина Алтынбекова олардың «тырнағына да татымайды». Сондықтан оның спортшы ретінде талқылаудың реті жоқ. Жастар командасының құрамында өнер көрсетіп жүрген қатардағы волейболшылардың бірі Cәбинаның  «жұлдыз» болуы оның сұлулығына байланысты. Олай болса, «Сәбина Алтынбекова сұлулықтың эталоны ма?», «Ол қазақтың сұлулық туралы түсінігіне сай келе ме?» деген сұрақтарға жауап іздеген жөн.

Бұрын ешкімге аты белгісіз болып келген Сәбина Алтынбекованың «жұлдыздық» өмірі осы жазда Қытайдың Тайпей қаласында жастар арасында волейболдан өткен Азия чемпионатынан басталды. Ол бұл жарысқа Қазақстан жастар құрамасымен барды. Көпшілікке аса қызық емес спорт жарысы жөнінде айта беруден жалықты ма, әлде бір  басқа пиғылы болды ма, ол жағын дөп басып айту қиын, қытай баспасөзі жастар чемпионатын сұлу қыздардың конкурсына айналдырып жіберді. Спорт адамның келбеті бойынша сараланбайтынын біле тұра, олар қазақстандық қатардағы волейболшыны «чемпионаттағы ең сұлу спортшы» деп жариялады. Сәбина Алтынбековаға жасалған бұл жарнаманың дүмпуі өз нәтижесін берді: Шығыс Азия баспасөзінің бәрі оны «Азияның ең сұлу спортшысы» деп жариялады. Ә дегеннен бұл дүрмекке Қазақстан баспасөзі де қосылды. Сұлулығын Қытай анықтаған Сәбина Алтынбекова қазір қазақ қоғамы, қазақ үшін де ең сұлу қыздардың бірі болып тұр. Неге? Қазақстанда бұған дейін оның сұлулығын ешкім көрмеген бе?! Жыл сайын өтетін «Мисс Ақтөбе», «Мисс Алматы», «Мисс Қазақстан» байқауларына ол неге қатыспаған?!  Бүткіл елді аралап, сұлуларды іздеп жүретін модель бизнесінің мамандарының көзін шел басып қалған ба?  Сәбина қас сұлу болса, оны неге көрмеген? Қазақстандық сұлулық байқауын өткізіп жүрген мамандарды не қарабасып қалды? Қазақтың сұлулық туралы түсінігін еске алмасақ, оларды осылайша жазғыра беруге болар еді…

Өткен ғасырдағы ашаршылық, одан кейінгі соғыстан әрең есін жинаған қазақ халқы 60-шы жыдардың соңында өз дәстүрін түгендей бастады. Қазақ фольклорында сұлулықтың символын дәріптеген «Қыз Жібек» эпосы фильм болып түсірілді. Сол кезде Жібек рөлін сомдауға кәсіби әртістердің ішінен жөні түзу қыз табылмағаны белгілі. Фильмнің режиссерлері мен қоюшы операторлары бүткіл Қазақстанды аралап, қазақтың қас сұлуы деген атқа лайық адамды шабылып іздеді. Ұзақ талқылаудан кейін мектептің соңғы сыныбында оқып жүрген Меруерт Өтекешоваға тоқтап, Жібек сұлудың рөлі соған берілді. Ол «Қыз Жібек» фильміне түсе бастағанда волейболшы Сәбина Алтынбековамен жасы шамалас еді.

Жалпы, қас сұлуды көре білетін – өнер адамдары, әсіресе, режиссерлер мен суретшілер. Сондықтан олардың талғамына күмән келтіруге болмайды. 1993 жылы «Махаббат бекеті» фильмі түсірілер кезде де олар қазіргі заманғы қазақтың сұлу қызын шабылып іздеген. Фильмнің режиссері жүздеген қыздың ішінен Баян Есентаеваны таңдаған. «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала» фильмі түсірілгенде де режиссерлер мен суретшілер «қазақтың қас сұлуы» тақырыбында бас қатырғаны айқын. Бірақ, сол фильмдердегі сұлулардың кескін-келбеті, көз жанары қазіргі волейболшы «жұлдызға» — Сәбина Алтынбековаға келіңкіремейді. Неге?

Қазақтың сұлулық жөніндегі түсінігінде көз, көздің жанары басты критерийлердің бірі болған. Сұлулықты көздің жанарымен байланыстыра отырып жырлау ақындар мен жыраулар шығармашылығында көп орын алған. Меруерт Өтекешова мен Баян Есентаеваның, кейінгі кездерде өтіп жатқан қазақстандық қыз сыны байқауларына («Мисс Қазақстан») қатысқан қыздардың конкурстардан жеңімпаз атануына себепші болған – көз. Тайпейге волейбол жарысына барған  Сәбина Алтынбекованы қытай баспасөзі «сұлу қыз» деп жариялағанда, сөз жоқ, олар да спортшының көзіне, көзінің жанарына назар аударғаны анық. Олай болса, мұндағы мәселе, мұндағы гәп неде?

Егер назар салып қарап отырсақ, Сәбинаның көзі, көз жанары Мерует Өтекешова, Баян Есентаева сияқты бүткіл қазақ мойындаған сұлуларға ұқсамайды (Мұны салыстыру үшін Меруерт пен Баянның 18-19 жасындағы суретіне үңіліп жатудың қажеті жоқ. «Сапты аяқтың сыры кетсе де, әлі сыны кетпеген». Оның үстіне көз сұлулығы өте ұзаққа кетеді, тіпті өмірлік десе де болады). Меруерт пен Баянның көзі жас кездерінде жәудіреп тұратын. Сол бір ынтызарлық тудыратын сұлу жанар әлі сақталған. Сәбинаның көз ұяшығы шығыңқы, қарашығы жылт-жылт етіп тұрады. Мұндай көз, мұндай көздің жанары қытайларға, жапондар мен кәріс сұлуларына тән. Қытай-кәріс-жапондарды қазақтан айырып, өзге ұлт екенін білдіріп тұрған да  -осы, олардың көзі бақанікі сияқты ұяшығынан  шығып тұрады.

Әрине, «Сәбинаның көзі қысыңқы емес, басқалардың көзінен әлдеқайда үлкен» деп уәж айтатындар табылар. Көздің сұлулығы жөнінде бұлайша талас жүргізу қазақ фольклорындағы «тана көз» түсінігіне саяды. Егер көз сұлулығын осылайша тәпсірлейтін болсақ, онда мұндай сұлулардың қатарына журналист Эльвира Ергалинаны мысалға келтіруге болады. Бірақ, оның көз жанары Сәбина Алтынбекованікіне тіпті ұқсамайды. «Фейсбуктің сұлуы» деген бейресми атақты Сәбинаның емес, Эльвираның  иемденуі, оның сұлулығын қазақ қоғамының іштей мойындауы  сондықтан болса керек.

Сәбина Алтынбекованың ерекше бітімді қыз екені рас. Оның бойы – 182 см, салмағы -59 кг, аяғының ұзындығы -124 см. Бірақ, мұндай сипат қазақтың сұлулық жөніндегі түсінігіне ешқашан әсер етпеген. Керісінше, адам бітіміне қатысты айтылатын «сырықтай», «тырнадай» теңеулері жағымсыз сипатта болған. Иә, соңғы кездері аяғы ұзын қыздарға назар салу басым. Бірақ, бұл әлі сұлулықтың символы емес, «экзотика» түсінігінің аясынан шыққан жоқ.

Әрине, бұл тақырыпты көтере отырып, «Сәбина Алтынбекова қазаққа ұқсамайды» деген тұжырым жасауды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Оның қазақ қызы екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Бірақ, оның сұлулығын алғаш болып қазақтардың емес, қытайлардың байқауының себебін де түсіндіріп кеткен жөн. Тарихи деректерге сүйенген ғылыми зертеулерді қарап отырсақ, қазақ ұлтының этникалық құрамы біртекті емес. Оның құрамында түркі, моңғол, парсылардан басқа қытай этносының да сіңісіп кеткенін айта кеткен жөн. Әсіресе, жағрапиялық орналасуына орай қытай тайпалары Ұлы жүз ішінде  басым. Қытайларға тән антропологиялық келбет басқа жүздердің руларында да жаппай болмаса да ара-тұра кездеседі. Бірақ, олардың бәрі қазақ ішіне әлдеқашан сіңісіп кеткен. Дегенмен, ежелгі заманнан бері қазақ халқының негізгі өзегінде түркілік салт-дәстүр, мәдениет үстемдік етіп келеді. Бұл үрдіс Ұлы даланы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билеген ғасырларда да сақталды. Сондықтан қыз сұлулығы жөніндегі түсінік түркіше түсінікте қалып қойды. Оның сипаты қазақ фольклорында, өлең-жырларда анық байқалады. Мамандар мен сарапшылар дәстүрлі «Қыз сыны» және заманауи «Мисс Қазақстан» сияқты байқауларды өткізгенде халық санасына әбден сіңісті болған сол критерийлерді есепке алып, жеңімпазды (қас сұлуды) анықтап жүр.  Қытайда өткен жарысқа дейін қазақ қоғамының Сәбина Алтынбекованы сұлулар конкурсына немесе киноға түсуге шақырмай елеусіз қалдыруы сондықтан болса керек.

Жоғарыда айтылғандай, қазір Сәбина Алтынбекова қытайдың ғана емес, қазақтың да «жұлдызына» айналып барады. Мұнда сақтана қарайтын бір ғана мәселе бар. «Жеті басты» қытай баспасөзі  қатардағы спортшыны — қарапайым қазақ қызын — Сәбина Алтынбекованы «қас сұлу» деп жариялай отырып,  мәдени интервенция жасап, қазақтың сұлулық жөніндегі түсінігін бұзып, өздерінің сұлулық жөніндегі түсінігін бізге тықпалап отыр. Мүмкін, қытай баспасөзінде о баста мұндай пиғыл болмаған да шығар. Бірақ біз Сәбина Алтынбековадан «жұлдыз» жасау арқылы солардың жетегінде кетіп бар жатқанымызды сезбей отырмыз.

Сәкен Түсіпбек

Айдары:  Текемет
http://www.serke.org/news/cebina-altynbekova-sululyktyn-etalony-ma