АЛТЫНОРДА
Новости

Бүгінгі бойжеткен — ертеңгі келін

Қыз аттаған келін кеп ақ босаға,
Ақ босаға, мерейлі бақ босаға.
Қасиетті халқымның дәстүріне,
Куә болып ғасырлар жатты осы ара.
(С.Желдербаева)

Жаратылысы тумысынан нәзік келетін қыз баласы қашанда «жат жұрттық» саналған. «Жол мұраты — жету, қыз мұраты — кету» деген аталы сөзді естіп өскен кез келген есті қыз етегін қымтап ұстап, өзін сол «жат жұртқа» тәрбиелеуі керек. Өйткені, бүгінгі бүлдіршін қыз ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары хақ. Ал «келінді аяғынан» деп санайтын қазекем әу бастан-ақ жаңа түскен келінге сын көзбен қарайды. Отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді.«Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Әрине, өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңісе қою кімге болса да, ауыр соғары анық. Ол отбасының әрбір мүшесімен – қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын інілерімен тіл табысып, бір мәмілеге келу – үлкен сын, қала берді, келінге артылған ауыр жүк. Даналық пен көрегендік дарыған біздің бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деп, осы сындарлы жолға ерте бастан-ақ дайындаған. Біздің бүгінгі кеңестеріміз де дәл осы мақсатта, яғни, болашақ келіндерімізге енемен қарым-қатынаста пайдаға тиеді-ау деген ниетпен жазылып отыр.

  • Қазақ келіні! Осы бір сөзді естігенде кім-кімнің де көз алдына бүрмелі көйлегі, зерлі бешпенті, төгілдіре тартқан орамалы тал бойына жарасып, имене үлбіреген келіншек келері сөзсіз. Өмірге ұрпақ әкелумен қатар, бір әулеттің үрім-бұтағын көбейту, келін боп босаға аттау бұл – үлкен қуаныш, зор мәртебе! Сондықтан сіз бақыттысыз!
  • Сіз — бір отбасының алақанға салып аялап өсірген аяулы перзентісіз. Өзіңізге ұнағандармен айналысып, не ішемін, не киемін демей, еркелеп еркін өстіңіз. Бірақ, оның бәрін де аз уақытқа ұмытуыңызға тура келеді. Өйткені, өзіңіз сүйіп қосылған Төлегініңіздің отбасында да өзіндік дәстүрлер, өзіндік қағидалар бар. Сіз — жалғызсыз, олар көп.Сол себептен, өз заңдарыңызды орнатамын деп талпынбағаныңыз жөн.

  • Сыпайы болыңыз, үлкенге құрмет көрсетіп қана қоймай, кішіге де әрдайым ізет көрсете жүріңіз. Жаңа жұрттың өзіңізді қалай сыйлағанын қаласаңыз, оларға дәл сондай сый-құрмет көрсете біліңіз.
  • Жарыңыздың бауырларын өз туғандарыңыздан бөліп-жаруды доғарыңыз. Олар — болашақта сіздің балаларыңыздың қорғаны болады.
  • Шыдамды бола біліңіз. Төзіміңіз таусылуға шақ қалып тұрған сәтте, анаңыз бен әкеңіздің: «Балам, қыз баласы жат жұрттыққа жаралған. Барған жерлеріңде бізді ұятқа қалдыра көрме» деген өсиет-өтінішін еске түсіріңіз.
  • Енеңізбен ешқашан ерегісуші болмаңыз. Ол да — ана. Ал ана ешқашан өз перзентіне жамандық тілемейді. Ол сіздің жарыңызды, сіздің болашақ балаларыңыздың әкесін тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкелді. Түн ұйқысын төрт бөліп өсірді. Енеңіз ең үлкен құрметке лайық. Өз ата-анаңызды қалай жақсы көресіз, қалай қадірлейсіз, оған да дәл солай қараңыз.
  • Өз ісіңіздің шебері болыңыз: Тағам әзірлеу, үй жинау, кір жуу, қонақ күту жұмыстарын жақсы меңгерген болсаңыз, ешкім де сізге теріс қарамайды.
  • Бірден өз билігіңізді орнатып алуға талпынбаңыз. Енеңіздің алдында қашан да кішірейіп жүруге тырысыңыз. Ата-енеңізге не жасасаңыз, алдыңызға соның келерін естен шығармаңыз. Олар кәрі кісілер болса, міндетсінбей күте біліңіз.

  • Ата-енеңіздің кеңестеріне құлақ түріңіз. Бәлкім сіз көп оқыған шығарсыз, көп тіл білетін шығарсыз, бірақ олар сізден де көп өмір көрген. «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген нақылды жадыңыздан шығармаңыз.
  • Енеңізбен әрдайым ашық сөйлесіңіз. Оның артынан ешқашан өсек айтушы болмаңыз. Екеуіңіздің араңызда болған келіспеушіліктерді күйеуіңізге жеткізуден аулақ болыңыз. Жақсы келін — өз отбасының жаманын жасырып, жақсысын асырып жүруі керек.
  • Ең бастысы — «сыйластық» деп аталатын қарым-қатынас әлемі құны түкке тұрмайтын «пендешілік» деген азғырындының құрбаны боп кетпеуін қадағалаңыз. Өйткені, отбасын да, адамзатты да, әлемді де тек сыйластық пен бейбітшілік қана құтқара алады.

Келін бо­лу – тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеу де­ген сөз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

 

http://massaget.kz