09-09-14-samolet-1АСТАНА. 9 қыркүйек. Нидерланды қауіпсіздік кеңесі Донецк облысында 17 шілде күні «Боинг-777» жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау себептері туралы бірінші баяндаманы жариялады. Бұл туралы «Правда.Ру» хабарлады.

«Мұнда айтылған ең маңызды нәрсе – ұшақтың ауада сырттан берілген көптеген соққының салдарынан апатқа ұшырауы. Сарапшылар әлдеқандай техникалық ақаулықтарды немесе экипаж қателігін анықтай алған жоқ», — делінген хабарламада.

Баяндамада әзірге ұшақ қалдықтарын егжей-тегжейлі тексеріп шығудың орайы келмегені айтылған. «Бірақ қолдағы бар мәлімет фюзелаж фрагменттерінде сырттан ұрылған соққылардан түскен таңбалар бар екенін көрсетті», — деп мәлім етеді баяндама бұдан әрі.

«Осы ақаулықтар ұшақтың құрылымдық тұтастығын жоғалтып алуына апарып, ұшуға кедергі келтіруі әбден мүмкін. Бұл ұшақпен байланыстың кенеттен жоғалып кетуін де, оның радар алдына ілікпей қалуын да түсіндіре түседі», — деп түйіндейді құжат жолдары.

Баяндамада сондай-ақ экипаж мүшелерінің кабинада бір-бірімен сөйлескен сөздері толық тыңдалғаннан кейін олардың әлдеқандай бір қауіпке үрейленгендері білінбегенін жеткізеді.

Малайзия көлік министрі Лиоу Тионг Лай сейсенбі Нидерланды қауіпсіздік кеңесі таратқан баяндамаға байланысты өткізген баспасөз мәслихатында пилоттардың жерге ешқандай SOS дабылын жібермегенін мәлімдеді.

Мұрат Айтқожа.

Дереккөз:»Правда.Ру».

Фото: «Правда.Ру».

http://egemen.kz/?p=36560

Рубрика: