АЛТЫНОРДА
Новости

Бизнесмендерге көмек қажет

Райымбек БаталовҚазақстандағы бизнес дамуы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тәсілдемелерін өзгерту керек. Raimbek компаниясының басшысы Райымбек Баталов осылай дейді. Бизнесменнің айтуынша, экономикада күрделі ахуал қалыптасқан. Ресейдегі оқиғалар салдарынан қазақстандық өндірушілер нарықтағы өз үлестерінен айрыла бастады, сондықтан осындай кезеңде олар мемлекет көмегіне айрықша мұқтаж. Райымбек Баталов дағдарысты қалай жеңе білу және мембағдарламаларды қалай тиімдірек ету керектігі жайлы «Капитал.kz» іскерлік апталығына айтып берген еді.

— Райымбек Әнуарұлы, қазіргі уақытта қазақстандық өндірушілер ресейлік әріптестерімен бәскеге түсе алмай отыр. Қалай ойлайсыз, мұндай жағдайда мемлекет қазақстандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуге тиіс пе және қандай шаралар қабылдануы мүмкін?

— Көмек қажет екендігі айдан анық. Бүгінде долларға шаққандағы рубль мен теңге курстары әр түрлі болып отырғандықтан, қазақстандық тауарлар бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуда. Біз ресейліктермен тепе-тең жағдайда отырған жоқпыз, әрине, осыған байланысты мемлекет көмек көрсетсе, онда да кешенді көмек көрсетсе, көп пайдасы тиер еді.

— Сіздің ойыңызша, дәл қандай көмек қажет?

— Түсінсеңіздер, қазіргі жағдай тек курстық айырмашылықта ғана емес. Банктер өтемпаздығына да қатысты қиындық бар – бұл бизнестің қазіргі баяу дамуына әсер етіп отырған күрделі себептердің бірі. Сондықтан бізге біріншіден, бинктер өтемпаздығының болуы және қаржыландыруға қатысты еш қиындық болмағаны маңызды. Ал біз мүлдем басқа көріністі көріп отырмыз, өтемпаздық жоқ әрі мөлшерлеме өсу үстінде. Ең бірінші кезекте осы мәселені шешіп алу қажет. Ұлттық банк белгілі бір шараларды қолға ала бастаған сияқты, олардан жақсы нәтиже шығады деп үміттенемін. Екінші мәселе курс саясатына қатысты болып отыр. Осыған қатысты президент девальвация болмайды деп анық айтты да. Үшінші мәселе нарықты қорғауға қатысты. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіруімізге байланысты біз де ЕАЭО аясындағы құралдарды қолдануға тиіспіз. Ал ондай құралдар бар ғой. Менің білуімше, 29-шы бапта квоталау да, басқа шаралар да қарастырылған деп жазылған.

ЕАЭО-да бизнес үшін артықшылығы көп пе, әлде кемшілігі көп пе, мүмкіндігі көп пе, әлде шектеуі көп пе?

— Бір жағынан, мүмкіндіктері көп сияқты, оларды біз көріп те отырмыз. Бұрын түрлі себептерге байланысты ресейлік нарыққа шыға алмайтын едік. Қазір Ресейдің 150-миллиондық нарығы бізге есігін ашты. Екінші жағынан, Қазақстанның өз ішіндегі бәсеке күшейе бастады, өкінішке қарай, ол бәсеке қазір бізге пайдалы болып отырған жоқ. Оның үстіне, рубль курсына қатысты жағдай да әсер етуде, сондықтан біз нарықтағы өз үлесімізден айрыла бастадық, онда да көптеп қағыла бастадық. Сондықтан қазірше артықшылығынан гөрі кемшілігі көп болып тұр. Дегенмен жағдай өзгеретін шығар деген үміт те жоқ емес. Бұл жерде үкіметтің, нақты бір министрліктердің көшбасшы салаларды дамытуға бағытталған экономикалық саясаты маңызды болып отыр.

Мен бір мысал келтіре кетейін, шырын шығаратын компанияға бәсекеге қабілетті болуы үшін не керек? Бір ескеретіні, біздегі жабдықтар ресейліктердікімен де, әлемдік өндірушілердікімен де бірдей, біз де дәл солардыкі сияқты шикізат сатып аламыз, сыртқы қаптамалары да, бизнес-процестері де, тағы басқалары да бірдей. Аяғымыздан нық тұруымыз үшін бізге шикізаттық базаны дамыту керек. Бірақ біз қазір алма концентратын Израильден жеткіземіз, томатты тағы басқа елден дегендей. Ал бұл өз елімізде-ақ, Қазақстанда-ақ өсіруге болатын жемістер мен көкөністер ғой, егер соларды өзіміз өсіре алсақ, бұл біздің бәсекелік артықшылығымыз болар еді. Сондықтан шикізаттық базаны дамыта отырып, бізге қолдау көрсету қажет дейміз.

— Дағдарыс кезеңінде қандай салалар көбірек табыс түсіріп, келешекте де жақсы дами алуы мүмкін?

— Мен сізге айтайын: біз үшін бұл, өкінішке қарай, үшінші дағдарыс – 1999 жыл, 2008 жыл және қазіргі қиын ахуал. Бірақ адамдар тамақ жеуден, сусын ішуден ешқашан бас тартпайды ғой. Сондықтан, ауыл шаруашылығының, қайта өңдеудің, тамақ өнеркәсібінің кез-келген дағдарысқа төтеп беретін тұрақты бизнес екені сөзсіз. Ал тұтынушылар таңдауының өзгеруі басқа мәселе. Қымбат өнімдер азырақ, ал арзандау, бұқаралық өнімдер көбірек өте бастады. Дегенмен ауыл шаруашылығының және қайта өңдеудің дағдарыс кезеңіндегі тұрақты табысты бизнес екені анық.

— Қаржылық және экономикалық дағдарысқа қалай төтеп бергендеріңіз туралы өз тәжірибелеріңізді айта аласыз ба? Сіздерде де шығындар болған шығар…

— Әлбетте, болды. Біз тіпті ақпан айындағы дағдарыстан әлі толық шығып үлгермедік, табысты бұрынғы деңгейіне теңестіре алған жоқпыз. Дегенмен біздің мол тәжірибеміз бар, оның көп пайдасы тиюде. Біз өз желімізде бірінші кезекте не істеу керектігін, яғни бұқаралық өнімдерге айрықша назар аудару керек екенін білеміз. Сондай-ақ, әрине, қазір аздап штат пен бюджетті қысқартып, үнемге көше бастадық.

— Қызметкерлер штатынан өзге, тағы қандай шығындарды қысқартасыздар?

— Шынымды айтсам, қысқартуға келетіннің бәрін қысқартып, біраз тиімдірек әдістерге көштік. Әрине, өз желімізді тағы бір рет қарастырып шығып, тағы біршама оңтайландыру жүргізбекпіз, шикізат пен материалға қатысты тауарлық қорларды оңтайландырудамыз, өңдеуді қысқартудамыз. Өкінішке қарай, бизнесті дамытуға қаржы құюды тоқтата тұруға тура келуде. Бұл дағдарысқа қарсы шаралардың дәстүрлі, стандарттық жиынтықтары.

— Яғни осы кезең аралығында жаңа жобалар қарастырмайсыздар ғой?

— Біз айтарлықтай ірі инвестиция қажет ететін жаңа жобаларды қарастырып жатқан жоқпыз. Ал өнімдеріміз жетілдіруді қажет ететін шағын инвестицияларға келсек, ондай шығындар күн тәртібінен түсе қоймайды.

— Президент бұл дағдарыстың 2-3 жылға созылатынын айтты. Сіз қандай болжам жасар едіңіз?

— Дағдарысқа қатысты әлдене деп болжам айту қиын-ақ. Қазіргі дағдарыс бірінші кезекте, Ресейдегі жағдай салдарынан оңайға тигелі тұрған жоқ. Әлемде үлкен дағдарыс байқалмайды. Әлемдік экономика аздап болса да өсу үстінде, Штаттар да баяу болса да өсу үстінде, Европада да біршама өсу бар, бірақ әрине, ол жақтарда соншалықты ғаламдық дағдарыс жоқ. Тек Ресейге байланысты аймақтық дағдарыс бар. Оның қаншаға созылатынын білмеймін. Бірақ бұл мәселеде президенттің білері де, алып отырған ақпараты да көбірек қой, қанша дегенмен, үш жыл аз мерзім емес. Мысалы, премьер-министр Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы съезінде дағдарыс 3-5 жылға созылуы мүмкін дегенді айтты, солай болуы да ықтимал. Үш жыл едәуір мерзім, ал бес жыл дегеніңіз ауырға соғуы мүмкін.

— Сіздің тобыңыз қандай ауыр дағдарысты бастан өткерді?

— Біз үшін, әрине, 2008 жыл ауыр болды. Біз негізінен валюталық несиеге белшемізден батқан болатынбыз. Ол түсінікті де ғой, несиені валютамен жылдық пайыз мөлшерлемесі 8-12% немесе 15%-дан жоғары ғана ала аламыз. Біз үшін ауыр кезең сол болды. Қазір де оңайға тиіп отырған жоқ, өйткені нарықтағы үлесімізден айрыла бастадық.

— Қазір уақыттағы үлестеріңіз қандай?

— Біз өз бағытымыз, шырын мен сүт бойынша көшбасшы компания болып қала береміз. Дегенмен, мен жалпы қазақстандық тауар өндірушілер туралы айтып отырмын. Мәселен, ресейлік шырындардың үлесі бұрын 15% болған еді, соңғы бес жыл ішінде 35-36%-ға өсті. Ал соңғы екі жылда тіптен өсіп кетті.

— Қазақстанда соңғы жылдары салалық бағдарламалар аз қабылданған жоқ, бірақ көзге көрінерлік нәтижеге қол жеткізе қоймадық. Оның сыры неде – қаржы жетіспеушілігінде ме, жемқорлықта ма, әлде бюрократиялық кедергілерде ме?

— Барлық бағдарламалар тартымды әрі дұрыс жазылған. Мысалға, Инвестиция және даму, Ауыл шаруашылығы сияқты негізгі екі министрлікті алайықшы. Мәселен, МҮИИДБ бағдарламасы (Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, ред.) жақсы жазылған. Бірақ МҮИИДБ-1-дің мақсаттары мен міндеттерін оқып шықсаңыз, олардың іс жүзінде мүлдем атқарылмай қалғанын көресіз. Ауыл шаруашылығына қатысты 2010-2015 жылдарға арналған бағдарламаны: сүт өнімдері жөніндегі, мал шаруашылығы жөніндегі, жеміс-көкөніс шаруашылығы жөніндегі мастер-жоспарларды қараңызшы, дәл бағдарламада айтылғандай ештеңе дамытылып жатқан жоқ. Меніңше, бағдарламаларды жүзеге асыру үшін алдымен саладағы нақты көріністі көре білу қажет.

Мысалы, сүт-тауарлық фермалар санын көбейту үшін не жетіспейді? Мастер-жоспарда бәрі дұрыс жазылған, бізде шамамен, 2 мыңдай ферма болуы тиіс делінген. Тіпті фермалар саны аймақтар бойынша бөлініп те қойылған. Мысалы, Алматы облысында 50, 100, 200 бас мал ұстайтын фермалар көрсетілген, өйткені бұл облыста көбінесе ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылық, ред.), шағын шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Алайда оларды жүзеге асыру барысында қиындықтар туындауда. Ферма салу үшін біріншіден, мал керек. Оны қайдан аламыз? Қазақстанда асыл тұқымды мал жоқтың қасы. Оның үстіне, жоба құны да өзге елдерге қарағанда бізде екі есеге қымбат. Егер өнімді бақтар егетін болсақ, Қазақстанда 1 гектарға шамамен, $30-50 мың жұмсалады. Қытайда, Италияда немесе Түркияда оның құны $10 мыңды құрайды. Ресейде, Еуропада 100 басқа арналған ферма құру үшін шартты түрде айтқанда, 50 млн теңге, ал бізде – 100 млн теңге қажет. Неге? Өйткені өз сиырымыз жоқ, біз оларды басқа жақтан әкелуге тиіспіз, жабдықтар және басқа да қажетті нәрселер жоқ. Бақтар неге сонша қымбат тұрады дейсіз ғой. Өйткені көшеттерді тағы да шетелден әкелуге тиіспіз, өзімізде жоқ. Бар қиындық, қайталап айтамын, мембағдарламалардың шынайы өмірден мүлдем алшақ жазылатындығында. Барлық тәсілдерді өзгерту қажет – асыл тұқымды және селекциялық шаруашылықтарды дамытып, көшеттер егіп, ең болмаса фермаларға, бақ суғаруға және көкөніс плантацияларына қажетті қарапайым жабдықтарды өндіруді ұйымдастыру қажет – басқаша айтқанда, салалық инфрақұрылым құру керек.

— Яғни, бар қиындық қаржы жетіспеушілігінде ғой?

— Қаржы жоқ емес-ау. «ҚазАгроФинанс» жылына 6%-дық несиелер ұсынуда. «Агробизнес-2020» деген бағдарлама бар, онда инвестсубсидиялар – 40%-бен қарастырылған. Мысалы, сіз журналистік кәсібіңізді тастап, ферма ашпақ болдыңыз делік. Сізге сиыр сатып алуға 40%-ға дейінгі инвестсубсидия береді, бір қарағанда, бәрі жақсы-ақ сияқты. Елдің бәрі кезекке тұратын-ақ бастама. Бірақ ешқандай ұзын-сонар кезекті көріп тұрған жоқпыз. Неге? Бағдарламаларды жүзеге асыру мәселесіне қайтып оралайық – әп-әдемі бағдарлама жазылып болды, бірақ ол қаншалықты сұранысқа ие болмақ және оны жұмыс істеп жүрген фермерлеріміз оны пайдалана ала ма? Міне, өкінішке қарай, осы мәселеге ешкім талдау жасамайды, назар аудармайды. Ал біз қит етсе, кепілзаттың, жеке капиталымыздың жоқтығын айтып шыға келеміз. Жобалар тым қымбатқа түседі, өйткені бәрін шетелден жеткізу қажет. Өзіңіз ойлап қараңызшы: менің кепілзатым мен 50 млн теңгелік капиталым болсын немесе 100 млн теңгем болсын. Бұл сомалардың айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Содан кейін өтелімдік мерзімінде 100 млн-ның да, 50 млн-ның да тәуекелі едәуір басқаша болады. Осы мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігімен көп пікір таластырғанбыз. Бұл министрлік: біз осы көмекқаржы арқылы бизнеске жағдай жасадық, енді бизнес тәлімбақтарға, асыл тұқымды мал шаруашылығына және т.б. өзі жандандыруы керек деген ұстанымнан танбады. Бірақ бизнес жанданған жоқ. Менің ойымша, дәл осы тұстағы тәсілдемелерді өзгерту қажет. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі ұстанымының әупірімдеп өзгере бастағанын көріп жүрмін. Бізге шынайы түрде мемлекеттік-жеке серіктестік жолымен жүріп, бірінші кезекте салалық инфрақұрылымды дамыту қажет.

Тағы бір қиындық – инженерлік инфрақұрылым дамуы болып тұр. Біз «жасыл экономика», жоғарғы еңбек өнімділігі туралы айтып жатамыз. Бірақ сен егін шаруашылығымен айналысасың ба әлде бағбаншылықпен айналысасың ба, ол жағы маңызды емес, тек соны арық арқылы суғарасың ба, немесе тамшылай суландырумен, болмаса жаңбырлатқыш жүйемен суғарасың ба, осы жағын түсініп алу үшін ауыл шаруашылығы маманы немесе мықты экономист болу міндетті емес. Суландыру жүйесінің әлдеқайда пайдалы әрі өнімділігі жоғары болатыны түсінікті емес пе. Алайда біздің суармалы жерлерімізде қолданылатын қазіргі заманғы суландыру жүйелері ең көп дегенде, 2-3% ғана құрайды. Онда несіне даурығамыз? Қазіргі уақытта соя өсіруден Алматы облысы көш бастап тұр – 100 мыңнан астам гектар жер соя егуге берілген. Бірақ тағы да тұқымдықты қайдан аламыз, шаруалар нені егеді деген сұрақ туындайды. Бұл енді мүлдем түсініксіз! Жоғарғы сұрыпты тұқымдық дәндер бізде жоқ. Онда қандай өнімділік жайлы айтуға болады? Онымен қоймай, соның бәрін арықтық тәсілмен суғарамыз.

— Бәлкім, бұл мәселелерді бизнесмендердің өздері шешуі тиіс шығар?

— Міне, шенеуніктер де солай ойлайды! Бірақ бүгінгі күні бизнесмендердің де, шаруа қожалықтарының да инженерлік инфрақұрылым өткізуге еш мүмкіндігі жоқ – бұл ашығын айтқанда, мемлекет құзырындағы шаруа. Алдымен, бизнесте ондай мүмкіндік бар ма, жоқ па, соны түсініп алу керек. Мен салалық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытуға бизнестің мүмкіндігі жоқ дегенді көп жылдар бойына айтып келемін, бұл біз айтқан тәлімбақтарға да, асыл тұқымды мал шаруашылығына және ібасқаларына да қатысты. Қаржылай жағдай жасалғанмен, сала баяу дамуда. Ал біздің күтетініміз мүлдем басқа нәтиже, біз мұндай қарқынмен әлгі айтқан 2 мың ферманы 20 жыл бойына да ұйымдастыра алмаймыз! Осы жерде: біз неге көп мән береміз – нәтижеге ме, әлде қандай да бір ықтиярлы тәсілге ме деген сұрақ туындайды.

— Сіздер айтқан ұсыныстар мен ескертулер назарға алынды ма?

— Біз меморгандармен кері байланысқа шығып отырамыз, ол жағынан өкпеміз жоқ. Кәсіпкерлер форумы арқылы, салалық ассоциация арқылы, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) арқылы тәсілдемелерді қалай өзгерту керек, салалар бойынша негізгі көрсеткіштерде және саланың өзін жақсылап түсініп алу үшін нені өзгерту керек дегенге қатысты ұсыныстарымызды әрдайым айтып-ақ келеміз. Біз кездесулер ұйымдастырып, мәселелерді талқыға салып отырамыз. Көптеген ұсыныстарымыз бағдарламада ескерілді де. Бірақ қорытынды құжат – меморгандардың жауапкершілігінде, нені қабылдап, нені қабылдамады, қандай тәсілдерді қабылданды, қабылданбады, оны солар шешеді.

— Қандай ұсыныстарыңыз қабылданбады?

— Біріншісі – саладағы жағдайды бизнеспен бірге бірдей түсініп алу қажет, салалық талдау жасалуы керек. Қазірше осы жоқ болып тұр. Компаниядағы жағдайды білмей тұрып, сен дұрыс шешім қабылдай алмайсың, өз үйіңнің бюджетінің қандай екенін білмей тұрып, сен нені сатып алу, қайда бару керектігі туралы да дұрыс шешім қабылдай алмайсың. Кез-келген салада солай – егер шынайы көрсеткіштерің, ол ақпараттарды алатын құралдарың болмаса, қалайша дұрыс шешім қабылдамақсың?

Екінші мәселе, жаңа айтып өткенімдей, тәсілдемеге қатысты. Шаруалардың немесе бизнестің жеткілікті капиталы немесе кепілзаты жоқ. Бұл мәселені қысқарту, онда да, жобалар құнын қысқарту арқылы шешу керек. Салалық инфрақұрылым мен бірінші кезекте, суға, суғаруға байланысты инженерлік инфрақұрылымды дамыту тәсілдемелерін өзгерту қажет. Ол тәсілдемелер мұқият қайта қарауды талап етеді, мұнда да нақты нәтиже шығару үшін жұмыс істеу қажет. Нәтижесінде, біз әрбір ауданның, әрбір саланың және республиканың көшбасшыларын бәсекелік негізде дамытуға тиіспіз. Олар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тиіс, оларды мен ауыл шаруашылығындағы «қарашірік қабаты» деп атаймын.

— Саясатқа кету жоспарыңызда жоқ па?

— Жоқ. Мен онсыз да біраз уақытымды қоғамдық жұмыстарға жұмсаудамын. ҰКП-да шағын және орта бизнес жөніндегі комитетті басқарамын, премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі ретінде көп уақытымды Астанада өткіземін, салалық министрліктермен жұмыс жасаймыз. Бизнесмен ретінде өзімнің әлеуметтік жауапкершілігімді елдің экономикалық саясатын әзірлеуге қатысу арқылы іске асырамын. Маған тәуелсіз кәсіпкер болып, ҰКП, форум және салалық ассоциация сияқты ұйымдар арқылы белсене жұмыс істеген қолайлы. Сондықтан саясатқа кету ойымда жоқ.

kapital.kz
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/biznesmenderge-komek-kajet-65237/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі