Қосымша табыс көздерін іздеп немесе өз ісін бастағысы келіп, алайда оның нақты жолдарын білмей жүрген қыз-келіншектерге құлаққағыс. Үй шаруасы мен өз ісіңді қалай қатар алып жүруге болатынын, отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау жол­дарын үйретіп, көп қаржы қажет етпейтін ша­ғын істі қалай бастауға болатыны жөнін­-де ақыл-кеңес беретін «Бизнес-ана» жоба­сы жү­зеге асырылуда. Оны қолға алып отыр­ған – «Әйелдердің көшбасшылығы қоры». Аталмыш жоба аясында Алматыда 16-17 нау­рыз аралығында «Бизнес-ана» екінші конфе­ренциясы өтеді. Қоғамдық қор жетек­шіле­рінің айтуынша, бұл конференцияның мақсаты – жеке кәсіпкерлік, фриланс, үйде оты­рып табыс табу, отбасылық бизнеске қы­зығушылық танытатын қыз-келіншектердің басын біріктіру.
 

 

Жыл өткен сайын, ел экономикасында әйел еңбегінің рөлі артып келеді. Соның ішінде өз ісін бастап, ел экономикасының өр­кендеуіне үлес қосып жүрген қыз-келін­шек­тер жетерлік. Мәселен, Ernst&Yuong халықаралық компаниясының мамандары әйелдер кәсіпкерлігінің әлемде қарқынды дамып жатқанын айта келіп, 2028 жылға қарай әйелдер дүниежүзі бойынша кіріс-шығыстың 75 пайызын бақылап отырады деген байламға келіпті. Әрине, Қазақстандағы статистика ондай деңгейге жете қоймаса да, әйелдердің өз кәсібін бастауына барлық мүмкіндіктері бар деп пайымдайды жобаны ұйымдастырушылар.

– Біздің қорымыздың аты «көшбас­шы­лық» деп айғайлап тұрғанымен, басты мақ­сатымыз әйелдердi барлық сала бо­йынша көшбасшылыққа шығару емес, ке­рісінше, кез келген жағдайда «әйел-ана» болып қа­луына көмек беру. Бұл жобалар, ең бірінші, отбасылық құндылықтарға ба­сым­дық бере отырып, әйелдер аудиториясына арналған. Яғни үлкен компанияларда бас­қарма бас­тығы болатын, мансап биігінен көтерілуді мақсат тұтатын әйелдерді оқыту емес, от­ба­сы­на қосымша қаражат тауып, өзінің кәсіби біліктілігі мен отбасылық өмірін сабақтас­тыра білуге үйрету, – дейді «Әйелдер көш­басшылығы қоры» қоғамдық қорының атқа­ру­шы директоры Мария Гусей­нова.

Ал «Бизнес-ана» конференциясында қатысушылар сарапшылардан өз  ісін қалай ұйымдастыру және жүргізу, өз уақытын тиім­ді пайдалану, кіші және орта бизнестің аз шығынды түрлері туралы кеңес алып, тиімді байланыстар орната алады.

– Бұл басқосу оқыту мен ықпал жасауға бағытталған. Конференцияда заңдық, қар­жылық жағынан кеңес беретін сарапшы­-

лар, хоббиін бизнеске жеткізу жолдарын айтатын маркетологтармен қатар, отбасы мен кәсіпті керемет үйлестіре білген биз­-нес-аналар өз тәжірибелерімен бөліседі. Неге біз жобамызды «бизнес-леди» немесе «бизнес-вумен» деп атамадық? Өйткені ол бала күтімімен үйде отырған, алайда қосым­ша табыс көзін қажет ететін, соны табуға мүмкіндігі бар аналарға арналған. Бізге ке­летін әйелдердің 30 пайызының өз идеялары да болмайды. Жиын барысында идея алмасу да жүреді. Өткен жылғы конференция нәти­жесінде ең жас қатысушы 18-де болса, ең үл­кені алпыста болды. Кейде декреттік де­малыс кезінде көптеген әйелдер өзінің кә­сі­би біліктілігін төмендетіп алады. Өмірде түр­лі жағдай болады, алайда ең маңызды­-

сы – бала тәрбиесімен отырған кезде де ең­бектік әлеуметтендіру бағытында олар кө­мекке зәру, – дейді жобаның үйлестірушісі Светлана Богатырева.

Қор өкілдері болашақта арнайы интернет-портал ашуды жоспарлап отыр. Ол жобаның бүкіл республиканы қамтуына үлкен үлес қоспақ. Сондай-ақ тек кеңес беріп қана қой­май, нақты көмек беретін, интернет пен телефон байланысымен қамтамасыз етіл­-ген, келіссөз жүргізетін арнайы залы бар  ресурс орталығы да ашылуы мүмкін. Онда әйелдер баласын бірнеше сағатқа кәсіби күтушіге тастап, өзінің шаруасын бітіріп алуына болады.

Әрине, бастама жақсы. Бала күтімімен отырған кезде де, аз да болса кіріс кіріп тұр­ғанын кім жек көрсін. Дегенмен аналардың өздері ең бастысы – бала тәрбиесі мен ша­ңырақтың шайқалмауы екенін естен шығар­ма­ғаны игі.

Үмітжан ЖАПАР

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: