АЛТЫНОРДА
Новости мира

«БІР РЕТ КӨТЕРІЛГЕН БАЙРАҚ, ҚАЙТА ТӨМЕН ТҮСПЕЙДІ!»

Түркияда  мемлекеттік байраққа қатысты  жұрт  дүрлігіп тұр.  Атақты Мәмет Емин  Расулзаденің «Бір рет  көтерілген байрақ, қайта  төмен  түспейді!»   деген сөзін ұран қылған жұрт  Түркия  үкіметі мен  Қарулы күштеріне  Диярбақырдағы оқиғалар үшін   наразылық  білдіріп жатыр. Әсіресе, әлеуметтік  желілерде белсенділік танытып жатқандар көп. Естеріңізге салар болсақ,  өткен сенбі күні  Диярбакыр  облысы Лидже  ауданында «Күрдістан жұмысшы партиясы» деп аталатын террорлық топты жақтаушылар  жолдарды жауып тастамақ болған.  КЖП жақтастарының әрекетіне тосқауыл  болу үшін полицейлер мен жандармерия да  тартылған. Арада қақтығыс та  болды. Нәтижесінде  Рамазан Баран және Баки  Акдемір есімді екі азамат өліпті. Ал, жексенбі күні Рамазан Баранның  жаназасына  жиналған   жұрт Түркия Қарулы күштері  2-ші Әуе күштері қолбасшылығына   қарасты  кезекшілік  бөлімінде тұрған түрік байрағын жерге түсірген. Ал, әскерлер  байрақ тігілген бағанаға өрмелеген адамға тек қана  ескерту үшін ғана оқ атыпты. Сөйтіп, түрік байрағын жерге  түсіруге жол беріп қойған.

Бұл оқиға қазір Түркияны    дүрліктіріп тұр.  Түркия   Қарулы күштері Бас штабының ресми мәлімдемесінде «Байрақты түсірген адам бала болғандықтан,  тек екі рет ескерту мақсатында  ғана оқ аттық»  делінген. Бұған түріктер разы емес. Мәселен, Ұлттық  қозғалыс  партиясының жетекшісі Девлет Бахчелі Түркия  Қарулы күштері Бас штабының басшысы генерал Неждет Өзелге қарата: «Құрметті Паша,  сіздер Анкарада  сән-салтанатқа  бөленіп, Премьер-министрдің  артынан еріп жүргенде байрақ түсіріліп,  отанымыздың бөліну қаупі бар, мұны  байқадыңыз ба?  Байрақ  түсіріліп жатқанда салқын  қанды болсаңыздар,  намыс пен абырой  тапталып  жатқанда суыққанды  болатын шығарсыздар. Байрақ тігілген  бағанаға  өрмелейтіндей өжеттігі бар біреудің  қақ маңдайынан ұрылары хақ. Бұл  ожданның жаңылмас әділеттілігі болар еді» деп  әскердің байрақты  түсірген адамға оқ аптағанын меңзеді. Ал, Премьер-министрі  Режеп Тайып Ердоған болса: «Менің  айтар ең қатқыл сөзім не болса оны  өзімнен естіңіздер. Ішкі  істер министрлігі  оқиғаны  тергеп-тексере бастады. Байрақты  түсірген адамның бала болғаны бізді қызықтырмайды.   Кімде-кім киелі дүниемізді орнынан алып тастар болса,  бала болса да оның жауабын  береді. Бала деп  мұндай   шабуылдарға үнсіз қалуға болмайды» деді. Ал, ел президенті Абдулла  Гүл: «Бұл байрақ бәріміздің ортақ байрағымыз,  символымыз. Ұл  ретінде  ежелден мәңгілікке дейінгі сапарымызда   тәуелсіздік пен  оның жолында берген құрбандықтарымызды,  күресімізді бейнелейді. Сондықтан, мұндай арандатулар көздеген мақсатына жете алмайды» деп мәлімдеді.  Тіпті,  түрмеде жатқан «Күрдістан жұмысшы партиясының» жетекшісі  Абдулла Өжалан да байрақ түсіру  оқиғасының тескерілуі керектігін айтқан. Оның  ойынша   мұндай арандату оқиғалары күрдердің саяси жолмен  автономия алуына кедергі  келтіретін болса керек.  Өйткені, қазірдің өзінде  «Күрдістан  жұмысшы партиясы» деп аталатын  қарулы топ Түркия жерінде қайтадан әрекет ете  бастады. Терроистер  Варто-Карлыова   жолын жауып тастаған. Ал, бүгін  террористерге қарсы түрік  әскері арнайы операция  ұйымдастырды.
Жалпы, түріктер өз байрағын өте қатты  құрметтейді. Тіпті, 1996 жылы 14  тамызда  Солтүстік Кипр  түрік республикасының шекарасныда тұрған байрақты  түсірмек болған  кипрлік Соломос Соломо деген  біреуді түрік шекарашылары атып тастаған еді. Диярбакырдағы оқиғадан соң 18 жыл бұрыңғы оқиғаны көрсететін  видеолар  интернет кеңістігіне  қайтадан тарай бастады. Өйткені, түріктер әскерлердің Түркия  байрағын  бұзақылардың түсіруіне жол бергеніне өкпелі.
Жебе