АЛТЫНОРДА
Новости

«Бір кем дүние» – жүректі жібітетін фильм

Журналист, «Global studio» телестудиясының директоры Орынбасар Балтабайұлымен сұхбат.

– 7-наурыздан бастап «Бір кем дүние» фильмі еліміздің кинотеатрларынан көрсетіледі деп естіп жатырмыз. Фильм атауының идеясы қайдан туды? Шерхан Мұртазаның осы аттас кітабына қатысы бар ма?

– «Бір кем дүние» – 2012 жылдың жазында басталып, күзде түсіріліп бітті. Қараша айының соңында Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде журналистер мен зиялы қауым өкілдері үшін тұсаукесері өтті. Көрермендер өте жақсы пікір білдірді. Содан бері мінеки, ресми түрде құжаттар дайындап, кинотеатрлардан көрсетуге әзірленді. Атауына келер болсақ, бұл дүниеде адамға ештеңе жетіспейді. Ары тартсаң бері, бері тартсаң ары жетпейді. Төрт құбыласы түгел пенде жоқ, сонысымен бір кем дүние. Фильмді көргенде бұл сұрақтың жауабы оңай табылады. Ал енді Шерхан ағамыздың шығармасына ешқандай негізделмеген.

– Фильмді түсіруге не түрткі болды?

– Бір тірлікті білек сыбана бастасаң, тағы бір тірліктің мойны менмұндалап қылаң береді екен. Әсіресе, шығармашылық адамдары мұндайда байқағыш келеді. Бұны айтып отырған себебім, біз осы туындыны бастардан бір жыл бұрын, қысқа метражды «Ораза қабыл болсын!» деген фильм түсірген болатынбыз. Ол тура Қасиетті Рамазан айына біршама уақыт қалған кез еді. Сол істің түсіру жұмысы басталып кетті, іс қызып жатыр. Режисеры Төлеген Бейсет: «Келесі жылы қажылыққа қарсы, исламның бесінші парызы туралы бір фильм түсірсек», – деп қалды. «Түсірсек түсіреміз, несі бар» деп, айтарымды айттым да, ойланып қалдым. Әлгі сөз айтылған жерде қалып қоймады. Ол біздің ішкі жан-дүниемізді қозғады. Қалай шығарсақ екен деген сұрақ мазалады. Соның нәтижесінде сценариі пісіп жетілді, шығармашылық топпен ақылдаса келе бір тоқтамға келдік. «Шешінген судан тайынбас» дегендей осы жаздан қалдырмаймыз деп, істі бастап кеттік.

– Бәрекелді! Фильмнің продюссері де, сценарий авторы да өзіңіз екенсіз. «Бір кем дүние» жайлы Есмұқан Обаев «сценарий керемет құрылған» деген еді. Оқиға желісі өмірде болған ба? Мұса ақсақалдың протатипі бар ма?

– Сценариді тек мен ғана жазған жоқпын, ол осы фильмнің режиссеры Төлеген Бейсетке де тиесілі. Негізгі идея туындағаннан кейін оны қалай алып шығамыз дегенде, мен ойды ортаға салдым, оны шығармашылық топтың жігіттері талқылап, ой қосып отырды. Кейбір сәттерін қысқартып, кейбір сәттерді жетілдіріп, толықтырулар мен өзгертулер болып отырды. Қай тоқтамға келеміз, нақты бір ой қабылдану керек қой.

Сонымен өзімнің қажылыққа барған кездегі жазған жол сапар очерктерімді қайта қарадым. Жасаған сюжеттерімді көрдім. Еліміздегі қажылық фирмаларының қызметкерлерімен де ақылдастық, олар бізге бірнеше оқиғаларды айтты. Әрине, оның барлығы өмірде болған. Қазақ мұсылмандарының басынан өткен дүниелер еді. Соның әрқайсысын зерттей келе, қазіргі фильмге жазылған сценаридің бір ұшы шықты, жанры анықталды. Қажылыққа кетіп бара жатып, Алматы әуежайына жетпей, жолда жол апатынан көз жұмған Шымкенттік қажының оқиғасына көп тоқталдық. Ол Тараз маңында болған екен.

Яғни, тура солай арманына жете алмай жолда өмірден озып кетіп жатқандардың оқиғалары ойдан кетпей қойды. Қорыта келе,  онда оны әуежайдан алып қалайық, елдің бәрі кететін болды ғой деп бір жеңілдеп отырғанда, тағы да кете алмай қалған басты кейіпкердің образымен бірге көреремен де көзге еріксіз жас береді дедік. Фильм бітті, алғашқы көрсетілімінде актерлардың өзі тура сол тұсына келгенде көздерін сүртіп отырды. Біздің мақсатымыз орындалған сияқты, бірақ бұлай айтуға да әлі ерте. Себебі қанша көрермен көруге асығып отыр. Ол кісілерден қаншама сын күтіп отырмыз, қаншама ойлар айтады әлі.

Бәрін қабылдауға дайынбыз. Есмұқан ағамыз фильм біте сала сахнаға келе жатыр, шынымды айтсам, аға дей беріп едім, маған тонын ұстатты да микрофонға барып сөзді алды да кетті. Не айтар екен деп ішімді тартып отырмын. Қанша дегенмен қобалжу да жоқ емес. Бірақ, ол кісі өте жақсы пікір білдірді. «Сендердің адамның ішін іздегендерің өте қуантты, бізге негізі осындай фильмдер керек. Бұл соның бастауы сияқты» дегенде барып жұтқан демімізді сыртқа шығардық. Қаншама адамдар өздері ортаға келіп, ризашылықтарын білдірді.

ҚМДБ-ның қызметкерлері де шығып, «бұл нағыз жүректі жібітетін насихаттың өзі, бізге осындай фильмдер жетіспей жатыр» деп шығармашылық топқа рахметін айтты. Тіпті, осы фильмнің жалғасын түсіруге ұсыныстар көп түсті. Бізде жалғасын түсіруге дайынбыз бірақ, ол бірінші бөлімінен әлдеқайда күрделі болуға тиіс, оның талабы да жоғары.

– Кинода Нұржібек апаның рөлі арқылы мұсылман әйелдердің еріне құрметі жан-жақты көрсетіледі. Исламда «ерінің ризалығын алған мұсылман әйелдің сыйы – жәннат» деген. Бүгінгі заман әйелдерінен осы қасиетті байқай алып жүрміз бе?

– Әрине, бұл ойландырарлық жәйт. Сол ерлі-зайыптылар бір-бірін қадірлей, сыйлай алмағандықтарының соңы, отбасылардың ойрандалуына әкеліп соғып жатыр. «Үйленгендердің 50 пайызы ажырасумен тынады екен» деген мәліметтерді ести-ести, үйреніп бара жатқандаймыз. Бұл – жылататын жағдай. Әйелдің жесір, баланың тірідей жетім атануы жақсылықа апармасы анық. Кезінде қыздары тұрмыстан қайтып келіп жатса, ауылдағы ата-аналар ұяттан өздерін қоятын жер таппай, зар болатын.

Қазір қыздары қайтып келсе, үйінің жанынан даңғазадай үй соғып немесе қаладан үй алып беріп ештеңе байқамағансып отыра беретін жәйттарды да көзіміз шалып жүр.  Бұл бір ғана мысал, бұдан да зоры болып жатқаны жасырын емес бүгінгі қоғамда. Нұржібек анамыздың рөлі арқылы, еріне деген құрметті көрсеткеніміз де сол себептен. Айта кететін бір жағдай, алғашқы тұсаукесерге келген таныс ерлі-зайыпты кісілер кешкісін үйіне барып, ері әйеліне «енді мені атымды атамай отағасы деп айт» деп әзілдеп болса да бір-бірін тәрбиелеп жатқанын естідік.

– Бұл алдында өзіңіз айтқандай, «GLOBAL studio» телестудиясының екінші фильмі екен. Бұған дейінгі «Ораза қабыл болсын!» фильмі жайлы айтып берсеңіз? Неге ол киноны көре алмай жүрміз?

– «Ораза қабыл болсын!» – қысқа метражды ойнақы (комедия) түрінде түсірілген фильм. Ауылдағы қазақы тұрмыс-тіршіліктің жазғы кезеңі бейнеленеді. Бұл фильмді тек Алматы телеарнасы мен Асыл арна телеарнасы көрсетті. Өткен жылы дәл көрсетілер уақыты келгенде біз осы фильмнің түсірілім алаңында жүріп, оған көңіл бөле алмадық. Құдай қаласа, биылғы жылы Республикалық телеарналардан да көрсетеміз деп отырмыз. Әзірге, Globalstudio.kz сайтынан көруге болады.

– Студияларыңыз ислам дінінің насихатын бір кісідей жасап келеді. Басқа қандай қызметтеріңіз бар? Иманға, дінге қатысты қандай дүниелер жасадыңыздар?

– Мұсылман болғандықтан, дінсіз емеспіз. Жазған дүниелерімізге діліміз бен тіліміздің ерекшеліктерін, дініміздің құндылықтары мен сырларын арқау етеміз. Бұл – әрбір қазақтың міндеті деп ойлаймын. Бұдан басқа тележобаларымыз да бар. Алғашқы нұсқалары түсіріліп, монтаждалып, дайын тұр. ҚМДБ мен бірлесіп жасасақ па деген дүниелеріміз де бар. Алла көруді нәсіп етіп жатса, алдағы уақытта көз жеткізе жатарсыздар.

–  Фильмде елімізге белгілі актерлар ойнайды. Оларды қаламақысы да аз болмаған шығар. Әлде фильмге демеушілік жасаған жандар бар ма?

– Тек фильм емес, кез-келген шығарманың толық жүзеге асырылуы әлбетте ақшаға келіп тіреледі. Бұл фильмге қаржылық қолұшын берген – «Fattah Finance» компаниясы. Біздің идеямызды бірауыздан мақұлдап, шығынымыздың біраз бөлігін көтерді. Жалпы актерлар біздің сценариімізді ұнатқаннан кейін барып келісті. Немесе біздің қаржымыз сонашылқты көп емес еді. Ықыласымыз бен ниетімізді көріп, ұсынысымызды бірге көтеріп, соңына дейін алып шығуға барын салды актерлар. Сондықтан ол кісілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Шыны керек, елімізде иманды, дінді өсиет ететін фильмдер жоқтың қасы. Режиссер Ғани Құраш «Қисық бұтақтар», «Ұры» фильмдері ислам дінін насихаттайды. Сіз де болашақта осы бағытты дамытқыңыз келе ме? Қалай ойлайсыз, дінді фильм арқылы насихаттауға бола ма?

– Әрине, дамытқымыз келеді. Біз шетелдік киномайталмандардың фильмдерін көп көреміз. Не бермек болды? Фильмдері арқылы қандай жетістікке қол жеткізді? Осындай сұрақтарға жауап іздеу арқылы да ізденісімізді тоқтатпаймыз. Қай-қайсысын алсаң да өздерінің ұлттық құндылықтарын ұлықтап, ұстанымдарының ерекшеліктерін көрсетіп қалады. Неге біз де киномызбен дініміз бен салтымызды насихаттап, дәстүрімізді дәріптемеске. Ұқсата алсақ, бәрін істеуге болады. Ол үшін көп еңбектену керек.

Жақында бір журналист әріптесіміз «біз қанша газет-журнал шығарып жатырмыз. Осы киномызды дамытсақ, біздің газет арқылы беретін бар ойымызды бере аламыз ғой» деп бізді қуатып, әрі қарай жұмыс істеуімізге сөзімен демеу болып кетті. Бұған қазір бәрі көз жеткізе бастады. Әншілерге дейін кино түсіртуге бет бұрды. Бұл – кино арқылы көп нәрсеге ұйтқы болатынымыздың айғағы. Бір ойлайтыным, кино арқылы тек ақша түсу жағын ғана қарастырмай, сіз айтқан асыл құндылықтарымызды насихаттауды да ойдан шығармасақ екен дегім келеді.

– Өзіңізді «Асыл арна» телеарнасы арқылы жақсы танимыз. Болашақта журналистика саласы бойынша қайта қызмет жасауыңыз мүмкін бе?

– Мен студия ашып, соны аяққа тұрғызу әлегімен біраз жүріп қалдым. Бірақ, бұл журналистикадан қол үзді деген сөз емес. Осы аралықта әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша екі жылдық магистратураны тәмамдадым. Әрі қарай да жалғастырсам деген ойым жоқ емес болашақта. Сондай-ақ, өз студиямыздың атынан әзірлеп телеарналарға ұсынып жатқан түрлі жобаларым бар. Осы ісіміздің барлығы журналистикамен тығыз байланасты, яғни, «Global studio» фильм түсіру және телевизия саласына қатар қызмет көрсетеді.

– Киноңыз өмір сынақтарына төзуге үндейді. Өмірде өзіңіз сынақтарға қалай төзесіз?

– Өмір болғасын, сынақсыз, қиындықсыз тұрмайды. Сынақ болса сабыр етуге, қиындық болса жеңуге тырысамын. Айналамды да соған меңзеймін. Ол фильмде көрініс тапты. Біздің жігіттерге сондай қажырлық керек сияқты қазір. Анау жоқ, мынау жоқ деп отыра беру бойкүйездікке алып келетін әлсіздік деп ойлаймын. Біз соны бірігіп жеңейік!

 Сұхбаттасқан

Нұргүл ЖАНҚЫДЫРҚЫЗЫ

 

http://ult.kz/kz/article/view?id=1141