20 марта, 2013 Comments Off on Білімдінің күні – жарық

Білімдінің күні – жарық

«Оқу – инемен құдық қазғандай». «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Білімге қатысты мақал-мәтел мен қанатты сөздерді тізбектесең, осылай жалғасып кете береді. Бұдан шығатын қорытынды не? «Баламды медресеге біл деп бердім». Оқу-білім технологиясы дамымай тұрған ХІХ ғасырдағы кезеңде-ақ қазақ данышпанының айтқан сөзі бүгін де өзекті. Қазір де қазақ жалғыз сиырын сатса да, баласын оқуға береді. Қатарынан кем болмасын деп береді. Жейтін нанын таппай қалмасын деп оқуға жібереді. Өзі оқымаса да, баласын оқытады. Әрине, бұған қуану ке­рек шығар. Өйткені білім – табыс­тың кепілі. Былайша айтқанда, бұл – қазекеңдердің жазылмаған заңы. Орталық Азиядағы басқа ұлттың баласы мектебін бітірмей жатып саудаға араласса, біздің ұлт сауаттылыққа бет бұрған. Баласын жоғары оқу орнына түсіргісі ке­ле­ді. Егер таразыға салар болсақ, оқуға түскеннің бәрі профессор бола алмайды, профессордың бә­рі олигарх емес, саудада істеп жүргеннің барлығы бай деп айтуға келмейді. Бірақ көрші өзбектер­мен салыстырғанда біздің елде қуанатын бір нәрсе бар, Қазақ­станның байы да, орта табы да, кедейі де баласының оқығанын жақсы көреді. Мүмкін, «оқыған адам жерде қалмайтын» шығар. Осы жағынан келгенде мемле­кеттің де, елдегі халықтың та көз­қарасында бір ынтымақ бар. Білім арқылы ғана елдің дамуы артады, біліммен ғана өзгелерді, өркениет­ті мойындата аламыз. Бұл тұр­ғы­дан келгенде, қазаққа «оқы» деген дана Абайдың да­ныш­пандығын мойындаймыз. Мұны неге айтып отырмыз?
ХХІ ғасыр–білім мен ғылым­ның ғасыры. Білімділігін мойын­датқан, оны тәжірибеде жүзеге асырған ұлт қана өзгенің алдына түседі. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың дамыған 30 елдің қатарына ену туралы стра­тегиялық тапсырмасында осын­дай маңызды міндет жатыр. Ал Ал­маты мен Астанадағы оқу орны мен білім ордаларында жағдай жақсы, ал шағын қалаларда ше?Түркістан. Бұл – тарихи қала. Біздің мақтанышымыз. Қожа Ах­мет Йассауидің кесенесінде қазақ батырлары мен билерінің асыл сүйегі осында. Жоңғарларға қар­сы күресте жанқиярлықпен ұры­сып, қазақтың мемлекеттілігін сақ­тап қалған Абылай хан жатыр. Тарихи қаладағы Қожа Ахмет Йассауидің кесенесін Әмір-Темір салдырған. Оның осындай таңға­жайып төрт кесенесінің біреуі ғана аман қалған. Ол – Түркіс­тандағы кесене. Йассауи мавзо­лейі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұраларының тізіміне енген.«Қожа Ахмет Йассауи– түркіс­тандық ғұлама, әулие. Әкесі – Ис­фиджабта даңққа бөленген әу­лие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Йассауи­дың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Йассауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. ІХ ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Иасы, Сауран, Сыға­нақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауе­раннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған бол­са, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік орда­лар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Йассауи дүниеге кел­мей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Йассауи ілімі осы сая­си-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Йассауи ұстаздарының көш­басшысы – Арыстан баб. Ка­шифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болған­дығы, одан заһир және батин ілім­дерінің сыры мен мәнін үй­ренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Йассауидың «Диуани хикметінде» де Арыстан баб жиі ауызға алы­нады». Ғаламтордағы мәліметтер тарихтан осылай тәмсіл тартады.Бірақ сонымен қатар қасиетті Түркістанда тағы бір берекелі нәр­се бар. Ол күнде де, түнде үзі­ліссіз жұмыс істейтін базары. Мұн­да кез келген тауар басқа қа­ла­лармен салыстырғанда – арзан. Базарына жақындасаңыз, тандыр мен кәуаптың исі мұрныңызды жарады. Бағасы төмен.Шаһар көркейіп келеді. Қала­ның ішкі жалпы өнімі 2012 жылы 22,1 пайызға өскен. Тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция артып келеді. Мемлекет тарапы­нан берілетін қаржы да өткен жылы 87,9 пайызға өскен. Пайда­лануға берілген үйлер де 2,9 па­й­ызға артты. Дегенмен демогра­фиялық өсімнің күрт артуына құрылыс дамуы ілесе алмай жа­тыр. Өйткені Түркістан–жастар­дың қаласы. Қала тұрғындарының 30 пайыздан астамы 14 пен 29 арасындағылар.Түркістанға Орталық Азия елдерінен гастарбайтерлер көп келетінін де айта кету қажет. Жер­гілікті кафеде тамақтану арзанға түседі, мұнда ең дәмді палау пі­сіріледі. Түркістанның палауын жеген адам бұл жерге міндетті түрде қайта келуге тырысады.Біз Түркістанда халық жиі келетін екі жер барын айттық. Бірі –Қожа Ахмет Йассауи кесе­не­сі, екінші қаланың – арзан базары. Ал үшіншісі...Үшіншісі – Орталық  Азияда­ғы ең үлкен оқу орны Қожа Ахмет Иассауи атындағы қазақ-түрік университеті. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен іргетасы қаланған бұл жоғары оқу орны қазір түркі бір­лігінің символын айғақтап тұр десек, ақиқат. Атап айтар болсақ, университет қабырғасында 17 түркі мемлекетінен келіп студент­тер оқиды. Бұл тұрғыдан алғанда, Түркістанды түркі жастарының «білім Меккесі» деп атауға болады. Қуанатын тағы бір жайт, оқу ор­нының оқытушы-профессорлық құрамы халықаралық аттестация­дан өтуге өтініш беруде. Демек, бұл болашақта Қожа Ахмет Йас­сауи атындағы қазақ-түрік уни­верситетінің дипломын бүкіл әлем мойындайды деген сөз.–1991 жылы Президент На­зар­баев қасиетті Түркістан жерін­де университеттің құрылысын бастау жөнінде шешім қабылдады. 1992 жылдың 1 мамырында Қа­зақстан мен Түркия арасында оқу орнына халықаралық мәртебе беру жөнінде бірлескен келісімге қол қойылды. Университетте қа­зір әлемге белгілі маман-ғалым­дар, профессорлар, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, халықара­лық байқаулардың жеңімпаздары, мойындалған ғалымдар сабақ береді. Бір ғана мысал, академик Балабековтің еңбегі Ганновер­дегі ғылым академиясында жақсы сынақтан өтіп, әлемдік дәрежедегі маңызы бар ғылыми жаңалық ретінде бағаланды,–дейді универ­ситет басшыларының бірі Салих Аймурал.Оқу орнының ақылы бөлімі арзан. Бір студенттің жылдық оқу ақысы –360 мың теңге ғана. Бұл басқа өңірдегі оқу орындарымен салыстырғанда тым төмен.Оқу орнының әкімшілік ғи­маратына шығып қарасаңыз, Түр­­кістан алақандағыдай көрі­неді. Қаланың экологиялық жа­ғы­нан таза екеніне көз жет­кі­зуге болады. Университет әкім­шілік корпусымен ғана емес, барлық сапалық заңдылықтарға сай оқу корпустарымен де әдемі. Заңгер­лер оқитын аудиторияда студент­тер прокурор, қорғаушы мен судь­яның, сонымен қатар айып­талушы мен куәгерлердің роліне еніп, тәжірибелік сабақ жүргізеді. Ал журналистердің уни­верси­теттік өз газет, журнал, баспа­ханалары бар. Бәрі қазіргі заманға сай жабдықталған. Түр­кия­дан келген академик, про­фес­сорлар­дың сабағы қызғылықты. Тіпті Ыстамбұлда, Измир, Анкара­да өз үйінде отырып, студенттерге он-лайн режимінде дәріс өткізіле­тін кездер жиі болады. Әсері бө­лек. Университеттің медициналық клиникасы студенттерге ғана емес, жергілікті тұрғындар жиі қа­ралатын емхана десек, ол шын­дық.Біз қазақ-түрік университеті­нің үшінші курсында білім алып жатқан Ресейден келген Юлия Чаппен сырластық.– Мен Түркістандағы универ­си­тет туралы 13 жасымда таныс құрбымнан білдім. Мектеп бітір­геннен кейін қайда баратыным белгілі болды. Емтиханды осында келіп тапсырдым. Бір жыл дайын­дық курсында оқыдым. Қазір қазақ, түрік, ағылшын тілдерін же­тік білемін. Әсіресе, универ­ситет­тің араб елдеріндегі тәрізді жатақ­ханасы ұнады. Мешіттен естілетін азан мен дұға маған қатты әсер етті. Біз Ресей жерінде тұратын түркі халқына кіретін шағын халықпыз. Бар-жоғы 12 мың-ақ адамбыз. Университетті бітірген соң, дипломат болғым келеді, – дейді ол.  Еркін ҚАЛДАН 
Загрузка...

Комментирование закрыто.