АЛТЫНОРДА
Новости

Бесікке есікті нұсқап жүргендер не ойлайды?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)Баласын бесікке бөлеп өсірген қазаққа бесігінен жеритіндей не күн туды? Бұлай демеске шара жоқ. Өйткені «заманауи» біліммен сусындаған жастардың бір бөлігі «баланы бесікке бөлесе миы шайқалатындығына» шынымен де сенеді. «Алаш айнасы» осы мәселенің астарын аңдап, ата-аналардың, дәрігер мамандардың пікірлерін білген еді.

 

«Сәбилі болғанымызға  көп уақыт өте қойған жоқ. Ата-баба салтымен ұлымды бесікке бөлегенді құп көремін. Бірақ, жақында көңіл-күйімді түсірген бір оқиға болды. Емханадан үйге келген балалар дәрігері төрдегі бесікті көріп, қабақ шытты. Себебін сұрағанымда «баланың миына зақым келеді, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бір сәби осы бесіктің кесірінен шетінеп кетті»  деген екіұштылау жауаптан аса алмады. Мен жас болсам да ата-баба бесігінен бас тартпайтынымды айттым, — дейді Гүлнәр есімді жас ана.

«Қазіргі балалар дәрігері балаңды босана саласымен бесікті қолданбау жөнінде кеңесін үйіп-төгеді. «Бесік баланың дамуын шектейді. Бала дүниеге келе салысымен қол-аяғы қозғалыста, емін-еркін жатуы керек. Бұл аме-рикалық әдіс» деп түсіндіреді. Осындай кеңестер менің сәбиім дүниеге келгенде де айтылған. Бірақ баланы бесікке бөлемей өсіру мүмкін емес. Дәрігерлер тарапынан бесікті қолдануға тыйым салатындай бұл ережені кім шығарғаны түсініксіз», — дейді екінші бір жас ана Анаргүл Айтқалиева.

Бұл турасындағы дәрігер маманның пікірін білмек болып, Орал қаласындағы №1 емхананың педиатры Бибігүл Қуанышәлиеваға жолықтық. «Жаңа туған сәбилердің кейбірі туа бітті жүрек, өкпе, жамбас сүйегі дерттерімен ауырады. Осы үш патологиялық жағдайда баланы бесікке бөлеуге болмайды. Мұндай жағдайда баланың қан айналымы, өкпемен терең демалуы нашарлайды. Сондай-ақ, ұйқыдағы сәби жатқан бесіктің жабынын мүлдем бүркеп тастау аса қауіпті. Бірде шақыртумен балалы үйге барсам, сәбиді бесікке әбден қымтап, жабынын ауа өтпестей етіп жауып қойған. Сәбидің дене қызуы 40 градусты көрсетіп тұр. Тез арада баланы босатып, денесін ашқаннан кейін ғана қызуы қалпына түсті» — дейді ол.

Бесігімізге есікті нұсқап, шетелдік медицинаға елігіп жүрген заманда әкесінен мұра болып балаларына қалған, кейін немере-шөберелеріне құт әкелген бесікті 55 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтап келген отбасыны көріп таң қалдық. Жарты ғасыр жасаған бесіктің иесі Орал қаласының тұрғыны Сәбила Сартаева. 1977 жылы «Батыр ана», 2006 жылы «Алтын алқа» иегері атанған әжеміз текті әулетте тәрбиеленген. Жайық өңіріне жақсы таныс атақты Сартай ақынның туған немересі. Қазір 75 жастан асып, 29 не-мере-жиен сүйіп отырған ақжаулықты әженің бар мақтанар байлығы – балалары. Шаңырағына құт әкелген бесік турасындағы әженің  әңгімесі бірден қызықты өрбіді.

«Қаратөбе өңіріне атағы жайылған Сартай ақынның Құбайыс, Райыс деген екі ұлы болған. Сол Райыстан өрген екі қыз, үш ұлдың тұңғышымын. 1959 жылы Мирзоян есімді кенже інім дүниеге келеді. Сол кезде біз тұрған Қаратөбе топырағының Қалдығайты ауылына Орынбордан Рақымжан деген ағаш шеберінің көшіп келгенін естіп, әкеміз арнайы бесік жасатып әкеледі. Тағдыр пешенеме 18 жасымда тұрмысқа шығуды жазыпты. Содан 1960 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлыма әкем өз қолымен сол бесікті сыйға тартты. Содан бастап жолдасым Қаршыға екеумізден өрбіген 12 бала, олардан туған 17 немере мен 12 жиен сол бесікте жатты. Бүгінде 53-ке аяқ басқан тұңғышымды бесіктен әзер шығарып алғаным есімде. 2-3 жасқа жетіп, бойы өсіп, аяғы бесікке сыймаған шақта атам аяғының астына үлкен шамаданын тіреп қоятын. Ақыры бесікті көрсетпей тығып қойдық. Атам немерелерінің барлығы жасқа жеткенше ешкімге көрсетпей,  тасалап өсірді. «Ата, мұныңыз не, көрші-көлем ренжіп жатыр» десем, «Сәбиге бөтеннің көзі өткіш келеді, сосын да көреді ғой» дейтін» – дейді батыр ана.

Сынық сүйем шеге қағылмай, таза емен ағашынан жасалған отбасындағы осы бір киелі жиһазға «құда түсушілер» көп көрінеді. Қызығы сол, уақыт өте келе ескірген ағашын әшекейлейміз деп қанша рет сырлап, күйдірсе де ағашы өртенбей, өз қалпын сақтап қалған. Әжеміз бесікке қатысты медицина мамандарының айтқан түрлі пайымдауларын  жоққа шығарып, пайдасын санап тауыса алмады.

– Әрине, бесікке баланы қалай-солай бөлеуге болмайды. Алдымен, қол-аяғы  бос жатқан сәбидің ұйқысы қашады. Ал ұйқысы қанбаған бала күйгелек, жылауық болады да, ой-өрісі толық дамымайды. Баланың ұйқысы тыныш болмаса, анасы да мазасыз күй кешеді. Шешесінің осы жайсыздығы сүт арқылы сәбиіне беріледі. Дана халқымыз бесікке жатпаған баланы сабырсыздау болып өседі деп осыған байланыстырып айтқан. Сондықтан баланы мейірлене отырып емізудің астарында үлкен мән бар. Екіншіден, ұйқысы қанған сәбиді бесігінің бөлеуінен босатқан кезде сәби керiлiп-со-зылып, рақатқа бөленеді. Бесікте жатқан сәбидің денесіне дымқыл, сыз дарымайды, тәні тазалыққа үйренеді. Ол – мықты денсаулық кепілі. Қазіргі түрлі химикаттан жасалған памперссымақтар түбек пен шүмектің орнын алмастыра алмайды. Келіндеріміз ерініп, бір реттік жаялықты (памперс) жеңіл көрсе, артынан бала өрбіте алмайтын бедеу ұрпақ өсетінін неге естен шығарады? – деп күйінеді Сәбила Райысқызы.

Қорыта айтқанда, халқымыздың ұлттық брендіне айналуы тиіс бесік өзгенің тақымына басылған кейбір құндылықтарымыз секілді ұстағанның қо-лында, тістегеннің аузында кете ме деген қауіп бар. Қанша жаугершілікті басынан өткерсе де, домбырасы мен бесігін ұмытпаған қазақтың бесігінен айырылғаны ұлтsң тамырын шапқан балта емес пе?!

Автор: Тоқтар Кенжеғалиев

http://alashainasy.kz/society/49874/