АЛТЫНОРДА
Новости

Батыстың Ресейге жариялаған санкциялары Қазақстанға қалай әсер етпек?

© РИА НовостиКейінгі кезде бір серпіле алмай, барған сайын  әлсіреп бара жатқан Ресей экономикасы елдегі соңғы саяси жағдайларға байланысты еңсесін тіпті тіктей алар емес. Ресейдің Украинаға әскер кіргізуі, Қырымда референдум жариялауы өз экономикасына жойқын соққы болып тигені көпшілікке белгілі. «Алаш айнасы» бұған дейін АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге жарияламақ санкцияларының салқыны біздің еліміздің нарығына да тиетінін сан мәрте жазған болатын. Енді міне, сол санкциялар жүзеге асып жатқанына бүкіл әлем куә болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 17 наурызда Еуропа одағы мен АҚШ  «Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығы бұзылғанын» мәлімдеп, Ресей мен Қырым шенеуніктеріне қарсы санкция жариялады. Еуроодақ Ресей мен Қырымның 21 саясаткерінің, ал АҚШ Ресейдің жеті шенеунігінің есепшотын тұтқындау туралы шешім қабылдады. Тізімге енгендер – Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, вице-премьер Дмитрий Рогозин, президент көмекшілері Владислав Сурков пен Сергей Глазьев және тағы үш ресейлік заңгер. Бұған дейін АҚШ Қырымның сепаратист басшылары Сергей Аксенов пен Владимир Константиновке, сонымен қатар, Украинаның биліктен қуылған бұрынғы президенті Виктор Янукович пен оның әкімшілігінің бұрынғы басшысы Виктор Медведчукқа қарсы осыған ұқсас санкциялар енгізген болатын. Осыған дейін Еуроодақ 120-130 адамның тізімін қарастырып жатыр деп хабарланған еді. Оған Ресейдің «Роснефть», «Газпром» сияқты мемлекеттік компаниялары басшылары да кірген.

Бұған дейін «үлкен жетілік» тобына кіретін, экономикасы қуатты жеті ел Ресейде өтетін «үлкен сегіздік» елдерінің саммитіне дайындық жұмыстарына қатыспайтындықтарын мәлімдеген болатын. («Үлкен жетілік» елдеріне Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония және АҚШ кіреді) Бұл туралы жеті ел басшылары, Еуропа Кеңесі және Еуропа комиссиясының президенті атынан дайындалған мәлімдемені АҚШ президентінің әкімшілігі таратқан еді. Мәлімдемеде Ресейдің Украинадағы әрекеттері «үлкен жетілік» елдері мен «үлкен сегіздік» елдері сүйенетін ұстанымдар мен құндылықтарды бұзғаны айтылды.

Осыдан бір айдай бұрын АҚШ Ресейге санкция жариялайтыны туралы алғаш мәлімдеген кезде ресейлік компаниялар бір күнде 2,5 трииллион рубль, яғни шамамен 70 млрд доллар капиталдан айырылған болатын. Мамандардың бағамынша, бұл  Сочи олимпиадасына кеткен қаражатпен пара-пар болды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей бұған дейін 35 пайызға құнсызданған ресейлік валюта «қаралы дүйсенбі» деген атауға ие осы күні 12 пайызға тағы да құлдырады. Бұл халықаралық қауымдастықтың Украинаға әскер кіргізгені үшін Ресейді жазалаудағы тек бір ғана әрекеті еді. Демек, ендігі уақытта санцияға ілінген шенеуніктермен ірі кәсіпкерлер тізімі молайған сайын Ресей күннен-күнге қомақты капиталдарынан айырыла бермек. Өйткені әр кәсіпкердің Ресей экономикасына өзіндік үлесі бар.

Ресей оппозиционері Михаил Касьяновтың айтуынша, АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге жариялап отырған санциялары Ресей Федерациясына, Ресей халқына қарсы емес, жекелеген тұлғаларға қатысты жарияланып отыр. «Өйткені Ресей билігіндегі жекелеген тұлғалар қалыптасқан еуропалық жүйені бұзды, еуропалық қауіпсіздікке қатер төндірді. Ал бұл – өрескел заң бұзушылық» дейді ол.

Нұридін Балқияұлы, экономист: 

– Бүгінгі Ресейдегі саяси, экономикалық жағдай бір күнде ғана орын алған жоқ, Ресей билігінің бірнеше жылғы әркетенің нәтижесі. Ал елдегі экономикалық ахуал жалпы әлемдегі экономикалық процестермен, саяси мәселелермен тікелей байланысты. Ресей басшысы бір сөзінде «Кеңес одағының тарағаны өкінішті оқиға» болды дегені бар. Ал одан кейін құрылған ТМД елдері бір достастыққа біріккенімен іс жүзінде әр елдің өз ой-пікірі бөлек болды. Өйткені бірнеше елдің саяси бірігуі мүмкін емес нәрсе. Әсіресе бұл Орта Азия елдеріне қатысты. Алайда елдер бір-бірімен экономикалық байланыста болуы өте қажет. Бүгінде көпшілік осыны түсіне бастады. Осы тұрғыдан алғанда әлем елдері Украинаның саясатын дұрыс деп есептейді. Ал Ресей айналасындағы елдермен тек экономикалық байланыс жасап қоймай, саяси жағынан да өз ықпалын жүргізуге тырысты. Сондықтан ерте ме, кеш пе, Ресейде осындай жағдай орын алары белгілі болатын. Біздің елбасымыз Кедендік одақ отырыстарының бірінде «Біз саяси емес, экономикалық бірлік болуымыз керек» деп айтқан болатын. Біз осы позициямыздан таймауымыз керек. Ендігі уақытта өзінің ұлтшылдық саясатының салдарынан АҚШ пен Еуропа елдерін өзіне қарсы қойып алған Ресейдің экономикасы жарияланған санкциялар нәтижесінде әлсірей түспек. Біздің экономикамыз алпауыт көршіміздің жағдайына тәуелді болғандықтан бұл қиындықтар бізді де айналып өтпесі анық.

Ілияс Исаев, қаржыгер:  

– Ресейге қарсы Американың, Еуроодақтың жариялап жатқан санкцияларының біздің еліміздің экономикасына да әсері болады, әрине. Өйткені капитал сыртқа кетеді, өнеркәсіп тоқырайды, импорт, экспорт тоқтайды. Ресейден бізге келетін тауарлар да азаяды. Біз Ресейден кейбір дайын тауарларды аламыз, ал Ресей кейбір шикізатты Еуропадан алады. Сол сияқты Ресейден Еуропаға жіберілетін мұнай, газ секілді өнімдер шектеледі, инвестиция көлемі қысқарады. Осындай жағдайдан кейін Ресей экономикасымен тығыз байланыстағы  біздің экономикамызға оңай соқпайтыны белгілі.

Бейсенбек Зиябеков, экономист: 

– Меніңше, батыс елдерінің санкциялары Ресейдің экономикасына аса көп әсер ете қоймайды. Бұл санкциялар Ресей билігіндегі, мемелкеттік шенеуніктерге, ірі кәсіпкерлерге әсер етуі мүмкін. Ал олар Ресей халқы үшін қызмет етеді деп айта алмаймын. Шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлер ақшаларын шетелдік банктерде сақтайды. Біздің шенеуніктеріміз бен кәсіпкерлеріміз осы жағдайдан өздеріне сабақ алу керек. Жалпы не нәрседен де тәжірибе жинақтап, қорытынды шығара білу керек. Біздің тұрмысы жақсы кәсіпкерлеріміз, шенеуніктеріміз ақшаларын шетелде сақтамағандары жөн.

Автор: Айнұр Сенбаева

 http://alashainasy.kz/sabaktar/49887/