17 августа, 2015 Comments Off on Бармасаң-келмесең жат боласың

Бармасаң-келмесең жат боласың

86e8821f2f3fdb61c57d5de18d0aa638_XL11 тамызда Қырғызстанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 12 тамызда Қазақстан мен Қырғызстанның ортасындағы ең басты кеден бекеті «Қордай» бақылау-өткізу пунктіндегі кедендік бақылауды доғару рәсімінің куәсі болды. Екі елдің президенттері бұл айтулы оқиғаны Ыстықкөлдің жағасындағы Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Орда» мәдени орталығындағы онлайн режиміндегі телекөпір арқылы бақылап отырды.

86e8821f2f3fdb61c57d5de18d0aa638_XLҚазақ-қырғыз шекарасындағы кеден бекетін алуға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, қырғыз тараптан премьер-министр Темір Сариев қатысты.

Атап айтсақ, кеден бақылауын доғару кеден қызметін мүлде алып тастау деген сөз емес. Бұрын бір адам өзімен бірге 50 келі зат алып өтетін болса, енді бұл шектеу алынады және жүктердің бәрі тексеріле бермейді. Жолаушылар көліктерден жүктерін түсіріп, әуре-сарсаң болмайды.

«Қордай» кеденінің ұйымдастыру бөлімінің бастығы Роза Рахметованың айтуынша, кедендегі жаңа тәртіпке байланысты мұнда 209 қызметкер қысқарады, олар Қазақстанның басқа аумақтардағы кедендеріне жіберіледі. Сондай-ақ, шекара қызметі тарапынан адамдардың ары-бері өтуіндегі дәстүрлі құжат тексеру тәртіптері өзгермейді.

Қазіргі кезде «Кордай» кеденінен күніне орта есеппен 15-18 мың адам қырғыз тарапқа, 18-20 мың адам қазақ тарапқа өтуде. Бұлардың көпшілігі Ыстықкөлге демалуға барған қазақстандықтар және ресейліктер болып отыр.

Сондай-ақ осы, 12 тамыз күні қазақ-қырғыз шекарасындағы 8 кеден бекеті – Қарқара (Алматы облысында), Тоқмақ, Кең-Бұлың, Ақ-Тілек, Ақ-Жол ( Қордай), Теміржол, Шалдуар, Шоңқапқа (Талас) жаңа тәртіпте істей бастады. «Манас» әуежайы бұрынғы күйінде қалды. Кеден бекеттерінің ашылуы Қырғызстанның 12 тамыздан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа толыққанды мүше болып кіруіне байланысты болып отыр.

Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуынан қырғыз елі көп үміт күтеді. Одаққа кірген мемлекеттер арасында тауар, капитал, жұмыс күші айналымындағы кедергілер алынады, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер пайда болады, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы салаларында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады.

Қырғызстан азаматтары, ең бастысы, одаққа мүше елдерде сол мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде жұмыс істей алатын болды. Ресми мәліметтер бойынша, жарты миллионнан аса қырғызстандықтар Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп жүр.

Қырғызстанның Еңбек, миграция және жастар министрінің орынбасары Алмаз Асанбаев: «Енді қырғыз азаматтары одаққа мүше елдерде квотасыз жұмысқа алынатын болады және барған жерінде отыз күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Қырғызстанның оқу орындарының берген дипломдары одақтың аясында жұмысқа орналасуға жарайтын болды, сондай-ақ азаматтарымыз әлеуметтік қорғауға алынады», – деп атап өтті.

Кеден бекетінің қызметін жаңа тәртіпке оңтайландыру рәсімінен кейін Қазақстан және Қырғызстанның басшылары екі елдің арасындағы шешімін күтіп отырған мәселелерді талқылады.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Загрузка...

Комментирование закрыто.