Ағымдағы аптаның сенбісінде Елбасы Астанада Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізіп, «Қазақстан–2050» стратегиясын жүзеге асыру барысында іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайын қарамақшы. Ал Премьер-министр С.Ахметов бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығындағы жерді түгендеу жұмысының қорытындысын талқылайды. Бұл хабарды Орталық коммуникациялар қызметінің елордадағы кезекті брифингінде ресми өкілі А.Әбибуллаев жеткізді.


Үкімет басшысы 12 сәуірде Батыс Қазақстан облысына сапарға шығып, Тұрғын үй коммуналдық шаруашы­лық бағдарламасын іске асыру барысы­мен танысып, бірқатар өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорында­ры­на барады. Соңында Орал қаласында облыс активінің отырысын өткізеді деп жоспарлануда. Ал Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары – Өңір­лік даму министрі Бақытжан Сағын­таев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақ­стан облысына аялдайды. Парла­мент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығмату­лин бастаған қазақстандық делега­ция 10-11 сәуірде ТМД Парламентара­лық ассамблеясының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың пар­ламенттік ассамблеясының жұмы­сы мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың парламентаралық ассамблеясының 15-отырысына қа­тысу үшін Санкт-Петербор қаласын бағытқа алады. 12 сәуірде Халықара­лық ғарыш күніне орай еліміздің Ұлт­тық ғарыш агенттігі, Еуропалық EADS концернінің құрылымдық Astrium француз компаниясы Жер­ді қашықтықтан зерттеудің алғашқы қазақстандық серігін алдағы уақыт­та іске қосуға арналған «Қазақстан­дағы ғарыш күні» атты халықаралық семинар ұйымдастырады.

Күн сайын көрігі қыза түскен зей­нетақы туралы заңға енгізілетін жаңа өзгерістерге орай қоғам мүшелері та­ра­пынан түрлі сауалдардың туындап жат­қаны рас. Парламентте талқылау­ға түскен жобаның ерекшеліктеріне бай­ланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Та­мара Дүйсенова брифингке қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Қазір еліміз­­де зейнеткерлердің 70 пайызын әйел­­дер құрайды. Демек, 1 миллион 800 мың зейнеткердің арасындағы ақжау­лықтылардың саны 1 миллион 235 мыңға жеткендіктен, бұл салаға бө­лінетін мемлекеттік шығындар өсе түс­кен. Айталық, қамсыз қарттықты қамтамасыз ету шығындары соңғы бес жылда 363,6 млрд-тан 825,7 млн теңгеге дейін ұлғайыпты. Осы соманың 70 пайызға жуығы әйелдердің зейнетақы төлеміне кетеді екен. Егер ерлердің орташа зейнетақы төлемі 43 606 тең­гені құраса, әйелдер үшін 36 243 теңге. Вице-министрдің мәлімдеуінше, әйелдердің демалысқа шығу жасы 63-ке белгіленгенімен, бұрынғы бірқа­тар жеңілдіктер сақталған. Зейнет­ақы қорындағы соманы тиісті мөлшерде жинақтағанда, 5 бала туғандарға 53 жас­тан шығуға мүмкіндік бар. Бірқа­тар экологиялық өңірлердегі ерекшелік­ке де ешқандай түзету енгізілмеген. Вице-министр осы кезге дейін қаншама рет қозғалған балет бишілерін 40 жас­тан демалысқа жіберу жайы парламент­тік қарау кезінде қосылуы мүмкін екендігін ескертті.
– Еңбек кодексінде келесідей өз­герістердің енгізілуіне сәйкес, жұ­мыс беруші қызметке алу туралы вакан­сия жариялау кезінде азаматтың жасы бойынша кедергілер енгізбеуі тиіс. Екіншіден, еңбек келісімшартын бе­кіту кезінде жұмыс беруші кемсітуші­­лік мағынадағы талаптарды атауға құ­қы жоқ. Сонымен қатар жұмыс бе­руші зейнеталды жастағы азамат­тар­мен біржақты тәртіпте келісімшартты бұзу құқына ие болмайды, – дейді ви­це-министр Т.Дүйсенова.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: