©nur.kz фото«Алаш айнасы» интернет-газетінің «Отбасы – ошақ қасы» атты айдарына жолдап отырмын бұл материалды. Бәлкім оқыған адамдарға ой салар, пікір қосар деген ниетпен айналамнан естіген, өз басымнан өткерген мына жайттарды баяндамақпын.

…Базардағы киім сататын дүңгіршекте кездесіп қалған қос құрбы балалық шақтарын еске алып тұрды. «Жоғары сыныпта оқып жүргенімізде дискотекада кешігіп жатсам, шешем қолына сыпырғыш ұстап, «Ана қатын қайда?» деп, жетіп келуші еді ғой. Ұлдардан жаман ұялатынмын сонда. Шешелеріміз бізге «қатын, қатын» деп ұрсатын еді ғой, иә», – деді бірі.

Осы кезде қасындағы құрбысы да әжесі мен шешесінен бала күнінде естіген сөздерді еске алды.

– Бала кезде құлағымызға әбден сіңіп кеткендіктен, білінбеген шығар, бірақ сол кезде естіген сөздерім неткен сұмдық еді, – деп бастады ол. – Әжемнің, неге екені белгісіз, менімен әзелі қас еді. Қыздарынан туған балаларды жақсы көріп, ұлынан туған мені жек көріп отыратын. Мен ерке қыз едім. Әжемді тыңдамасам, «көктей солғыр», «байың өліп бақытың күйгір» деп отыратын. Шешем де әжемнен кем қалмайтын. Ұлдарына «қыршыныңнан қиылғыр», «жайрағыр», «жұлының үзіліп жуадай солғыр» деп отырушы еді. Ал маған айтқан сөздері тіпті де адам шошырлық. «Қатын» дегені қайта оның ең сыпайы сөзі болды ма деймін. Ылғи да «жүзіқара», «салдақы» деп аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығатыны есіме түссе, әлі күнге дейін денем түршігеді. «Талақ», «зәнталақ» дейтіні тағы бар. Әлденеге жылап қалсам, «мына қатынның байы өлді ме?» деуші еді. Бірде нағашымның үйіне барған едік. Қабырғаға сүйеніп отырып арқама көп әк жұқтырып алсам керек. Содан шешемнің жүзі түтігіп, «мына жүзіқараның өз үйінде әк жоқтай бүкіл әкті жұқтырып әкетіп бара жатқаны несі, ей» деп, үйді басына көтермесі бар ма. Ержеткеннен кейін тағдырым қиын болып, өмірден көп опық жедім. Өз бақытсыздығыма негізінен әжем мен шешемді кінәлаймын. Өйткені олар өздерінің былапыт ауыздарымен менің жолымды кесіп отырды деп есептеймін. Оларға мың рет періштелер «әумин» деп қойған шығар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой. Әжем мен шешем айтқан қарғыстар өмір жолымды кесіп тынды. Күйеуім де өлді, бақытым да күйді. Әжемнің сөздерінен көңілім қалғаны соншалық, тіпті ол кісінің басына барып құран да оқығым келмейді. Адам адамның есінде жақсы істерімен қалмай ма, өміріме қарғысын қалдырып кеткен әжеме көңілім жібімей қойды. Оның үстіне, балағат сөз дегеніңіз қанмен беріле ме, тұқым қуалай ма, білмеймін, өзімнің де аузымнан шығып кете береді. Дәл әжем мен шешемді қайталамасам да, қатты ашуланған кездерімде сіңлім мен балаларымды орысша-қазақша қатты балағаттап жіберемін. Және оныма артынан қатты өкінемін. Шешем менің өміріме кері әсерін тигізгені аздай, енді менің балаларымды балағаттайтын болды. «Қайыршыдан туған өңшең тексіздер, сендер адам болсаңдар мұрнымды кесіп берейін», «Бұлар адам болмайды» деген сөздері жүйкемді тоздырып бітті…

Қос құрбының әңгімесі менің де есіме бала күнімде өзім куә болған әлдебір жайттарды түсірді. Біздің сыныпта Балжан деген қыз болды. Ол нағашы әжесінің бауырында өсті. Ал нағашы әжесі жас кезінде кісі өлтіріп, он шақты жыл түрмеде отырып келген адам екен. Өте ашуланшақ, сырт келбеті суық жан болатын. Ол кісі біздің сыныптың қыздарын жек көретін. Неге десеңіз, өзінің Балжаны аса жақсы оқымады. Сыныптың арты болғандықтан, өзі сияқты үлгерімі төмен оқушылармен дос болатын. Ал жақсы оқитындар бөлек жүретін-ді. Бұл, әрине, оның нағашы әжесіне ұнаған жоқ. Жиналыстарда «менің Балжанымды жекелетеді» деген соң Балжанды өзімізге жақын тартуға тырысып жүретінбіз. Мереке кездері мұғалімдерден тығылып «вечер» жасайтын едік қой. Сауық кешіміз енді қыза берген тұста қолына таяқ ұстап, «қатын немелер» деп айғай салып әлгі әжей кеп тұратын. Қысқасы, көңілді кешіміздің сиқы бұзылып сала беретін. Бір күні 8 наурызда бас қосатын болдық. Содан қыздар ақылдастық. «Қашанғы әжейден сөз естіп жүреміз? Кешіміз дұрыс өтпей қалады тағы да. Одан да Балжанға айтпай-ақ қояйық осы жолы» деп келістік.

Тамаша отырыс, көңілді ойын-сауық болды. Билеп жүрміз. Бір уақытта ауызғы бөлмеде айғай-шу басталып кетті. Ер балалар «Балжанның әжесі кеп қалды! Қашыңдар!» – деді. Балалардың бірі шифоньердің ішіне, бірі кереуеттің астына кіріп жатыр. Мен тығылып шифоньердің ішінде отырмын. Құлағыма еміс-еміс «Беспай, беспай» деген сөздер естіліп қалып жатыр. Біздің сыныпта Сәкен деген баланың әкесінің аты Беспай еді. Әлгі кісі кетті-ау деген кезде шықтым да, Сәкенге: «Немене, Беспай деп саған ұрысты ма?» десем, ол: «Жоға, сендерге ұрсып жатыр. Менің Балжанымды шақырмапсыңдар, бес байға тиесіңдер» деп кетті қыздарға» деді. Иә, ол әжеміздің өне бойы қарғысқа толы болатын. Қарғысы текке кетпей, сыныбымыздың қыздары бірі тұрмысқа шықпай, енді бірі жесір қалып немесе ажырасып, ұлдар жағы да көптеген сәтсіздіктерге душар болды. Біздің балалық шағымызды ол қарғыстарымен лайлап кетті. Мектепте әлдебір себептермен қыздар кешігіп қалар болсақ, Балжанның артынан таяқ ұстай келіп: «бір жеріңе ағаш тығамын» деп алып кететін еді.

Жалпы, мен өзімнің бала күнімде бейпіл ауыз жандарды көп көрдім. Олар, әсіресе, балаларынан былапыт сөздерді аямайтын. Жоғарыдағы келіншектердің сөздерінің жаны бар, балағат сөздің бала болашағына балта шабатыны ақиқат. Өйткені бейпіл ауыз аналардың көбінің балаларының өмірлері сәтсіз құрылды.

«Қатын» деп сәби балаға қалайша айтуға болады? Қатын деген біреуге әйел болған, етегі ашылған адам емес пе? «Талақ» деген сөздің мәні одан асқан сорақы. Қатынын тастаған еркектер айтады емес пе «талақ», «талақ» деп. Кіршіксіз сәбиге балалық шағынан-ақ талақ болуды, яғни, ажырасуды тілеу неткен надандық десеңізші!

Өз басым шетел психологтарының кітаптарын көп оқыдым. Соларды оқи отырып өз ойымның дұрыстығына көз жеткіздім. Адамның аузынан жаман сөз шықса, ондай адамнан бақыт айналып қашатын көрінеді. Былапыт сөйлейтін адам өз бойынан лас қуат таратып, өзіне қарай келе жатқан сәттіліктерді қуып жібереді екен. Сөз бен ғарыштың арасында әлдебір тылсым байланыс бары рас. Сондықтан балаға да мейлінше жақсы сөз айтсаң, үмітің ақталады. Ал былапыт, балағат сөз кәдімгі қарғыс қой. Өмір бойы оны естіген баланың тағдыры соның шеңберінен аспай қалады. Сол себепті баласының бақытты болғанын көргісі келетін аналарға басқаға айтсаңыз да, өз балаңызға балағат сөз айта көрмеңіз дегім келеді.

Автор: Майра Жәнібек

http://alashainasy.kz/otbasy/52208/

Рубрика: