АЛТЫНОРДА
Новости

Азық-түлік қауіпсіздігімізге қауіп бар ма?

©Алаш айнасы иллюстрациясыШетелден келетін азық-түліктерінің бүтін дерлігіне тыйым салған Ресей ертеңінде бұл жайтты Кеден Одағы аясындағы әріптестерімен талқылады. Телефон арқылы болған бұл әңгіме барысында Ресей Батысқа қарсы қалай жауап қатуы жөнінде бір экономикалық кеңістіктегі мемлекеттерден ақыл сұраған. Осы мәлімет біздің қоғамда белгілі бір деңгейде қобалжу туғызды. Атап айтқанда, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы аталған мәселенің мән-жайын мамандар пікірімен пайымдауды жөн деп тапты.

АҚШ, Еуропалық одақ, Австралия, Канада және Норвегия мемлекеттерінен импортталып жететін бірқатар ауылшаруашылығы өнімдеріне тыйым салатын санкция іске кірісімен бұл шараны жүзеге асыруды Қызыл Кремлдің бұйрығымен РФ ауылшаруашылығы министрі мықтап қолға алды. Бұл ретте ол: «Біз Кеден одағы аясында бұл шектеудің сақталуына мүдделіміз. Қазір Беларусь және Қазақстандағы әріптестерімізбен ақылдасып жатырмыз. Кеден одағына мүше мемлекеттер қабылдауы тиіс қосымша шаралар мен реттеу тетіктері қазір қолымызда бар. Біз осы қиын-қыстау кезеңде қабылдауға мәжбүр болған шараны бұзушы жолдарды өркениетті деңгейде шешуге толықтай қабілеттіміз деп ойлаймын» деген. Осыдан кейін ақпарат айдынында Ресейдің Батысқа қарсы қалай жауап қатуы жөнінде бір экономикалық кеңістіктегі мемлекеттермен ақылдасып жатқандығы туралы мәлімет тараған. Осы екі факті қоғамда алаңдаушылық туғызған: Ресейдің санкциясына Кеден одағы елдері де қосылады екен деген негізде. Алайда біз біліп анықтағанымыздай, мұндай қобалжуға негіз жоқ.

Сөз болған мемлекет басшыларының телефон арқылы талқысынан кейін бұл ретте Ақорда ресми хабарлама да таратқан. Онда: «Владимир Путин Ресей Федерациясы бірқатар мемлекеттерден алатын ауылшаруашылығы өнімдері мен тамақтарына шектеу қою бойынша қабылдаған қадамдарынан Нұрсұлтан Назарбаевты құлағдар етті. Бұл Ресей Федерациясының біржақты қабылдаған шарасы екендігі және оған Кеден одағы мен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерді қатыстыру қарастырылмағандығы атап өтілді» делінеді. Мұны мамандар да растайды.

ТМД елдері институтының сарапшысы Григорий Михайлов Ресейдің Батысқа қарсы жариялаған санкциясы Кеден одағына әсер етпейді деп санайды.

– Бұл санкция Ресей үшін жұмыс істейді, ал Беларусь пен Қазақстан қайдан, қай жақтан тауар тасимын десе, өзі біледі, бұл ретте ешқандай шектеулер қойылып отырған жоқ. Бірақ Ресей шекарасынан өтуіне тыйым салған тауарлар Кеден одағына мүше мемлекеттер арқылы айналып жетіп алады ма деген қауіп бар. Сондықтан, яғни қолдағы санкциясы тиімділік танытуы үшін Ресей Кеден одағына осы жағын ескертуге, оны болдырмаудың тиімді тетіктерін құруға мүдделі. Мемлекет басшылары арасында болған әңгіме, негізінен, осы тақырыпқа негізделген. Осыған байланысты Ресей Батыс өнімдеріне қосымша сертификация жүргізуіне тура келеді. Демек, Кеден одағы елдері де осы сертификатты қабылдауы тиіс болады, — дейді ол.

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов«Ресей үшін өз одақтастарын өзінің қиын жағдайы деңгейіне түсіру тиімсіз, керісінше ол қазір көмек қолына зәру. Сондықтан тоқпақтасу шараларына Мәскеу Кеден одағы елдерін тартпайды. Мұндай шетін мәселе араласу үшін мықты дамыған мемлекет болу керек. Бұл жағын Ресей жақсы түсініп отыр деп ойлаймын» дейді.

Ал отандық тауар өндірушілер бұл бізге берілген жақсы мүмкіндік десіп отыр. Мәселен, алдында Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов Ресей санкциясынан Қазақстан өз пайдасын түгендей алады деп мәлімдеген еді. «… Әрине, Ресей өз өндірісін жандандыруға кіріседі. Бірақ бізге де бұл салада, азық-түлікке қатысты мүмкіндіктер туындайды» деген еді ол.

Әрине, ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге жақсы болайын деп тұр. Өйткені тапшылық бар жерде баға шарықтайды, өзі өндірген тауарды қымбатқа өткізген кімге ұнамасын? Алайда емін-еркін сауда-саттық қарым-қатынасын ұтымды пайдалануда қазақстандық агроөндірісі саласындағы тауарлар Ресейге ағылса, іштегі сұранысты кім қанағаттандырады? Мұның барлығы жаппай бағаның қымбаттауын байқатпайды ма?..

Қазірдің өзінде Ресейде баға шарықтай бастаған. Мәселен, «Русское море» компаниясы балық етінен дайындалатын өнімдерінің бағасын екі есеге өсіріпті. Сол секілді Мәскеудің қор биржасында «Разгуляй» ірі холдингінің акциясы 40 пайызға, Останкино ет өңдеуші компаниясының акциясы 30,5 пайызға көтерілген. Бұл ретте ресейлік басылымдарда «Санкциядан Путиннің достары ұтты» деген мақала да жүр. Қалай ұтты дерсіздер? Әрине, өндіретін өнімдерінің бағасын өсіру арқылы…

Өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында қаржыгер Зейнолла Кәкімжанов бұл фактіні жоққа шығармайды, сондықтан ол қарапайым халыққа кеңес заманындағыдай ауылшаруашылығы өнімдерін банкке көптеп жауып алуға кеңес береді.

Сондай-ақ жеке жазбада былай делінеді: «… Ресей ауылшаруашылығы министрінің тыйым салынған тауарлардың орнын басқа мемлекеттікімен алмастырамыз дегені бос сөз. Қазір әлемде азық-түлік шектеулі көлеммен өндіріледі. Сондықтан ары кеткенде орнын жабу көлемі 10-20 пайызды құрауы мүмкін. Ал қалғаны тапшы болады. Ресейдің өзі ішкі нарығын қамтуға қауқарсыз. Ауылшаруашылығы конвейр емес, жылдамдықты кілтпен реттей алмайсыз. Сол секілді биыл ауылшаруашылығындағыларды қолдайды, олар өндіретін өнім көлемін арттырады дегенге сенбеу керек. Біріншіден, ауыл шаруашылығын игеру мерзімі аяқталып қалды. Фермердің бәрі санкцияны есепке алмады. Бұл нарықтағы құбылыс бәрімізге ортақ: импортқа тәуелдіміз. Соңғы екі жылда Қазақстан нарығында Ресейдің, Беларустің, Украинаның өнімдері көрініс таба бастаған. Енді оларды көре алмайтын боламыз. Бәрінен бұрын, Қазақстан тезірек Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен жеміс-жидектер бойынша алдын ала келісімшарттар жасасуы керек. Әйтпесе бір-екі аптадан соң ол араға жолай алмай қалуымыз да мүмкін. Ресей мен қалғандары оларды айналдыра бастайды. Қалай дегенмен де бұл саладағы баға шарықтайды. Сондықтан қарапайым халыққа кеңес заманындағыдай банк жауып, тамақты көптеп жертөлеге толтырып алуларына кеңес беремін…»

Онсыз да тамақ қымбатшылығы бізде үнемі орын алып отырады. Мұны мамандар импортқа тәуелділігімізбен түсіндіреді. Ал аймақтағы елдердің азық-түлікке деген сұранысы бұрынғысынан да арта түссе бізге қалай болмақ? Жыл басынан бері еліміздегі тамақ бағасы 20-30 пайызға қымбаттаған. Оны Үкімет ақпандағы девальвациямен түсіндірген. Ендігі қымбаттауға түрткі болар кезек Ресейдің санкциясы боп жүрмесін делік

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/economica/52974/