АЛТЫНОРДА
Новости

Атақты киноэпопея «Оскар» сыйлығына ұсынылды

АСТАНА. 7 қазан. BAQ.KZ – Қырғыз халқының тарихи қайраткері туралы «Құрманжан Датқа» киноэпопеясы «Оскар» сыйлығына ұсынылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Фильмнің режиссері — Сыдық Шер-Нияз. Тарихи киноэпопеяның премьерасы 2014 жылдың 31 тамызы күні болды. «Құрманжан Датқа» «Оскар» сыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша үміткерлерінің тізіміне енді. Бұл номинация бойынша тізімде барлығы 100-ге жуық картина бар. Қазақстанның атынан қандай фильмнің ұсынылатыны әзірше белгісіз. Ал қырғыз фильмі енді бірінші іріктеуден өтуі тиіс, ол кезде үміткерлердің қатары 50 картинаға дейін қысқарады, содан кейін 9 жұмыс енгізілетін шорт-листке өту қажет болады.

Режиссердің өзі фильмнің жеңіске жетуге мүмкіндігі бар деп есептейді. «Тартыс күшті болады. Бірақ біз тырысып бағамыз. «Құрманжан Датқа» Қырғызстанда табысты түрде көрсетілді. Жуырда біз оны Нью-Йоркте көрсетеміз, ал одан бұрын біздің фильм Ресейдің кинопрокатына шығады», — деді ол.

Фильм Қырғызстанда үш жыл бойы түсірілді. Оған 700 актер қатысты. Қырғыз мемлекеті фильмді түсіруге ел бюджетінен 70 миллион сом (1,5 миллион долларға жуық немесе 273 миллион теңгеге жуық) бөлді.

Құрманжан Датқа ХІХ ғасырдағы Алай қырғыздарының патшасы болған. Ол күйеуі өлгеннен кейін қырғыз халықтары одағын басқарды. Қырғыздар оны халықтың анасы деп санайды.

http://baq.kz/kk/news/54194