20 декабря, 2013 Comments Off on Араласпаса ағайын жат

Араласпаса ағайын жат

Халқымыз ежелден ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне айрықша мән берген. Ағайын арасының ауызбірлікті болуы сол әулеттің беделін арттырған. Өмір жолының соқтықпалы, соқпақты болып келетіні белгілі. Сол бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір жолында небір қиын сәттер болып жатады. Осындайда «көппен көрген ұлы той» қағидасын ұстанған қазақ халқы ағайын-туысқа қол ұшын беруге асық болған. Қашанда ағайын-туыстың қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтаса білген қазақ бүгінде сол үрдістен қол үзіп бара жатқан секілді.Бұрындары үй салғанда, үйге күрделі жөндеу жүргізгенде ағайын кісілер жабыла көмектесіп, талай ша­руа­ны тындырып жататын. Әсіресе, қыз ұзатып, келін түсіргенде, құда күтіп, той жасағанда туыстан артық жанашыр жоқ еді. Ал бүгінде әркім өз қотырын өзі қасып, өз жыртығын өзі жамаған заман туғандай. Ағайынның арасын алшақтатқан той-томалақтың бұрынғыдай ауылда, есік алдында, аулада емес, жаппай тойханаларда өтетіндігінің де әсері жоқ емес. Әйтпесе абысын-ажындардың абыр-сабыр болып, ас дайындауы, ағалы-інілер мен күйеу балалардың мал сойып, бірлесе үлкен іс тындырып жататын жері сол той-томалақ, әртүрлі қуанышты басқосулар емес пе? Бүгінгі нарық заманында туыс­тардың арасына сызат түсіретін жағ­дайлар да жоқ емес. Ел арасында не­сиеге үй, қомақты қаражат алып, кепілге туыстарын куә етіп қойып, оның соңы араздасуға алып келіп жатқан жағдайлар бар. Мемлекеттік бағ­дарламамен берілетін баспана­ның дені кепілге екінші адамды куә етіп қою арқылы беріледі. Сонымен қатар елімізде қалаға көшу үдерісі жүріп жатқандығының да әсері жоқ емес. Нағыз қазақы қонақжайлықтың қайнар бастауы – ауыл десек, қа­ла­ның көпқабатты тар үйлеріне ағайын-туыстың басын қосып, жиі кездесіп тұруға мүмкіндік аз. Құдайы қонақты былай қойғанда, Наурыз, Айт секілді айтулы мейрамдарда ағайын-туысқа баруды қойдық десе болады. Тіпті бір-біріміздің үйімізге шақырусыз бармайтын жағдайға жеттік. Шындығына келгенде, бұл көпшілігіміздің отбасымызда бар жағдай. Мұның бәрін уақыттың тапшылығына, жұмыс­бастылыққа сілтеп, ақталамыз. Әйт­песе, ай мен күннің аманында бұл қазаққа не сылтау керек? Өмір бойы өкіметке қызмет еткен ата-анамыздың әңгімелеріне құлақ ассақ, алыс-жақын ағайын-туыспен етене араласқан. Көліктің жетімсіздігіне қарамастан, жаңа түскен келіннің бетін ашуға, қайтыс болған адам­ның жерлеуіне асыққан. Ал бүгінде жұмыстың қауырт­тылығын, уақыт­тың жоқтығын желеу қылған біз «түскен келінді той­да көрерміз, ағайын­ның қайғысына қырқында немесе жылында ортақ­тасармыз» деп аптаны айға, айды жылға қосып, уа­қытты созып жүре береміз. Әрине, «қуаныштың ерте-кеші жоқ» немесе «көңіл көрген жерде» деген тағы бар. Бірақ мәселе сол біздің жұмысбастылығымызда немесе уақыт­тың тапшылығында емес секілді. Меніңше, біз айналадағы жағ­дай­дың бәріне самарқау қарай­тын болдық. «Ағайынмен алыс­тан аралассаң, мейлінше сыйлы бо­ласың­ды» желеу қылып, анда-сан­да көрісуді жөн көреміз. Оған теледи­дардан тоқтаусыз көрсетіліп жатқан корей, үнді, түрік, ресей телехикаяларының да әсері жоқ емес. Әрқайсысы өз өмірін, өз өмір салтын барынша насихаттауға тырысып бағатын сол телесериалдарды көріп, өз өмір салтымызды ескермей жатқан секілдіміз. Мысалы, көрермендер әнебір жылы көрсетілген отандық өніміміз «Ағайындылар» телехикая­сын жылы қабылдады. Бұл туындыда бауырлар арасындағы қарым-қатынас, ата-анаға деген құрмет, қазақтың құда түсу, беташар секілді салт-дәстүрлері жақсы бейнеленген. Осындай туыстық қатынасты берік қыла түсетін, халыққа берері көп дүниелер көптеп түсірілсе, ата-ана, бауырдан баз кешіп, араласуды сиреткен адамдарға ой салатыны хақ. Кейде алыстан ат арылтып келген туыстармен көшеде кездесіп, көшеден тарасуды жөн көріп жатамыз. «Араласпаса ағайын жат» деген қазақ. Осылай заман талабына сай өмір сүреміз деп жүргенде, өзіміздің ұлттық бет-бейнемізден айырылып қалмасақ болғаны.Арна ЖҰМАТАЙhttp://anatili.kz
Загрузка...

Комментирование закрыто.