Жыл сайын елімізде анимациялық фильмдер түсіруге 100 миллион теңге бөлінеді. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мә­лім­деді. Қазақ баласының Шрэк пен Мада­гас­карға телмірмей, таза қазақы өнім­ге бет бұратын кезі жетті. Бұл күнде жас ұрпақтың санасына оңтайлы әсер етіп, тәрбие беруде анимациялық фи­льм­дердің алар орны ерекше. Жуырда ғана елімізде тұңғыш рет «Ертөстік пен ай­даһар» атты толықметражды ани­ма­циялық фильм түсіріліп, жұртшы­лық­тың ықыласына бөленді. Айта кету ке­рек, аталмыш картинаны түсіруге 1,2 миллион доллар көлемінде қаржы жұм­салған. Бұдан былай жыл сайын анима­циялық фильмдердің саны арта түспек.

Әр жыл сайын еліміздегі анима­ция­лық фильмдердің қатарын толықты­руға 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді екен. Депутат Алдан Смайыл өткен Парламент отырысында анимациялық фильмдерге жұмсалар қаржының көлемін арттыру керек­ті­-гін тілге тиек етті. Депутаттың айтуын­ша, анимациялық фильм – бүгінде идеологиялық тұрғыда аса маңызды мә­селе. Сондықтан мұндай мәселеге тиі­сінше деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Ресейде анимациялық студияларға жылына 300 миллион доллар бөлінеді екен. Бүгінде тілі былдырлап шыққан балғындардың көңілін баураған «Маша и медведь» атты анимациялық топтама бөлінген қаражаттың жарқын жемісі болса керек. «Маша и медведь» секілді туындыны отандық аниматорлар да жа­рыққа шығара алады. Бастысы, би­ліктен көңіл бөлінді, енді қазақ баласы өзгенің өнімінен отандық өнімді биік қояды деген сенім мол.

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: