АЛТЫНОРДА
Новости

АЛТЫНАЙДАН ДА АЙЫРЫЛДЫҚ

Қандай құпиясы барын, 7 минутта 14 көйлек ауыстыратын Алтынай Байтоқанова «магиялық трансформацияның» Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы жалғыз өкілі еді. 

Қазақтың сиқыршы қызы өмірден озды дегенді естігенде сенгіміз келмей абдырап қалдық. Әлі жас еді, арманы мен мақсаты да көп еді. Өз мектебімді ашсам дейтін. Кеше ғана күліп жүр еді. Кеше ғана әсемдігімен, кербездігімен, нәзіктігімен, шеберлігімен тәнті қылып жүретін. Қай концерттің де шырайын ашатын ерке қыздан айырылып қаламыз деген ой түсімізге де кірмеген. Сөйтсек, Алтынай қанына белгісіз вирус түсіп, науқасқа шалдыққан екен. Бірнеше айдан бері Алматы ауруханасында жансақтау бөлімінде жатқан ол, ақыры 30 наурызда үзіліп кетті.
Өкініштісі сол, елге ертегі сыйлаған қыздың өмірі ертегідей болмады. «Мен бір ғана сиқырға сенемін, ол сиқыр – еңбек» дейтін ол. Расында, Байтоқанова баласын жетектеп жүріп тағдырдың барлық сынағымен жалғыз күресті. Жезқазғанның сары қызына өмір «Қандайсың?» дейтін жиі. Ол ылғи да «Мықтымын» деп жауап беретін. Расында, оның рухы мықты еді. Ол талай сіңлілеріне рух мықтылығынан сабақ беріп кетті деуге болады. Ұлын арқалап алып саудаға да шыққан, еден де жуған қиын кезеңдерде Алтынай жылдар бойы бір баспанаға зар болды. Цирктің сиқыры баурап алғаны сонша, Алтынай Мәскеуге барып оқимын деді. Ол үшін әрең жеткен пәтерден тағы да айырылуға тура келген. Бірақ тәуекелге бел буған намысқой қыз ақырында елге №1 иллюзионист болып оралды. Швейцария,  Грекия, Италия, Польша, Түркия, Қытай, өзге де көптеген мемлекеттерде көрермен көзайымы болды. Қазақстан циркінің тарихында бірінші рет, Қытайда өткен сиқыршылардың Халықаралық фестивалінде Алтынай Бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – иллюзионистің өзге түгіл, өзі де сенбеген үлкен жетістік еді. «Өзгелерде техника ба, сенде сиқыр бар» деген екен оның ұстазы. Расында да, Алтынайдың бойында сиқыр бар еді…
Өмірін сиқырға айналдырған Алтынай Байтоқанова Бақытжандай саналы ұл өсірді. Алғашқы мамандығы – журналистік жолынан қол үзбей, «31 арнада» бағдарлама жүргізді. Бірақ қазақ халқы оны ең алдымен иллюзионист ретінде таныды, өнеріне бас иді. Жаның жәннатта болсын, сиқыршы қыз!