Астана. 21 қараша. Baq.kz – Оспан батырға өзгеше көзқарас. “Алматы”телеарнасы тәуелсіз “Ислам Шығыс Түркістан” автономиясын құруға бүкіл ғұмырын сарп еткен Алтай оғланы туралы тың мағлұматтар тапты. Соның негізінде ауқымды деректі фильм түсіруді көздеп отыр. Арна тілшілері шет мемлекетке сапар шегіп, батырдың көзін көрген, бірге соғысқан қазіргі қарт сарбазбен сұхбаттасып келді. Сондай-ақ, осы күнге дейін еш жерде жарияланбаған қолжазба көшірмелерін елге жеткізді. Алдағы күнде Ресей, Қытай мен Монғол елдерінде сақталған құпия құжаттар зерделеніп, қалың қауымның назарына ұсынылады.

Бұл өткен ғасырдың 40-50 жылдары Оспан батыр сарбаздарының айтқан әнұраны. Қолбасшы қармағында 60 сарбазға командир болған 93 жастағы ақсақал, қазақ жігіттерінің сол кездегі әскери әнін әлі күнге жатқа біледі. Алтайдың арланы атанған, бір мезетте қытай, монғол және қызыл армия әскеріне қарсы шыққан Оспан Сіләмұлымен соңғы рет кездескені де есінде.

Он жыл от кешкен батыр жайлы көлемді әрі деректі фильм түсіруді алғаш рет “Алматы” арнасы қолға алуда. Бұрын да Оспан Сіләмұлы жайлы ойлар атылып, кітаптар жазылды, бір рет деректі фильм де түсірілген. Бірақ ол еліміздегі ғалымдардың қолындағы аз ғана мағлұматтар негізінде жасалынған. Оспан батырдың 115 жылдығына орай түсірілетін туындыда Қытай, Монғол және Ресей елдеріндегі құпия құжаттар негізге алынады. АҚШ-тық ғалым Линда Бенсон қазақтың тарихи жерін жаудан азат етуде арпалысқан батырды «Қазақстың алтын аңызы» деп атаса, түркиялық ғалымдар оны «батыр әрі хан» деп таныды.

«Оспан батыр – халықаралық деңгейде танытатын ұлы тұлға. Өйткені Оспан сияқты ұлыларды таныту арқылы біз ұлтымыздың ұлылығын көрсетеміз. Бұл зерттеу Оспанға, Кенесарыға немесе М.Шоқайға қажет емес. Бұл бүгінгі қазаққа қажет. Сол батырлар арқылы өзімізді терең танимыз, танытамыз. Бұл зерттеудің басы ғана», – деді профессор Әбдіуақап ҚАРА.

Фильмге шет елден тілшілеріміз тапқан тарихи қолжазба да арқау болмақ. Төте жазумен жазылған 200 беттік тарихи құжатта көтеріліс жайлы, Оспан батырдың жоспары, оның сарбаздарының қиын сәттерде қалай әрекет еткендері егжей-тегжейлі баяндалған. Құнды мұра Оспанның 8 комиссарының бірі әрі тірі қалған жалғыз серіктесі Нұрғожай батыр арқылы бүгінге жетіп отыр.

Сандықтың түбінде сақталған бұл қолжазба – өткен ғасырдағы Алтай қазақтарының басынан өткен қиын кезеңдерінен сыр шертетін қолда қалған жалғыз жазбаша мұра. Төте жазумен жазылған сары қағаз Оспан батырдың қытай, монғол, ресей әскерлеріне қарсы соғыс әрекеттерін баяндайды. Мына бір бетте 1940 жылдың басында Бұлғын аумағында 4500 жанұя, 25 мың қазақ отбасы едік, жылдың ортасына қарай олардың 11 мың зеңбіректің жемі, 2400 бала бесігімен бірге бомбаның өртіне оранды деп жазылыпты. Ал 17 бете бұл қорлыққа шыдамаған 700 жігіт жиналып, өздерінің жаназасын тірідей шығартып атқа қонды деп баяндалған.

Ағылшындық Годфрейс Лиас «Оспан батыр – өзінің бұрынғы өткен бабалары Шыңғыс хан, Әмір Темірлер сияқты аса құдіретті қолбасшы. Егер ол орта ғасырда өмір сүрген болса, сөзсіз әлемді жаулайтын жиһангер болар еді» депті. Расымен ұшақ, танкі, граната сынды өзгеде сол кездің заманауи қаруымен жабдықталған қытайдың 60 мың армиясын қырып жібірген Алтай арландары, оның қолбасшысы Оспан Исламұлы жайлы туынды түсірудің түп мақсаты – тарихты түгендеу.

«Қалтарысы көп тарихымыздың бір парағы хас батырмен ұштасып жатыр Қытай тергеушілері АҚШ-тың тыңшысы болдың деп кіналағанда «Қазақ үшін сайтанмен де тіл табысуға әзірмін» деп жауап берген Оспан Сіләмұлы біз үшін даланың соңғы нояны. Құмырысқадай қаптаған қытай әскеріне ат ойнатқан батыр әліде зерттеуді, тарихи бағасын беруді қажет етеді. Өйткені, біз бұл жақта қолбасшыны батыр деп танығанымызбен, көршіміз Оспанды әліде банды деп оқытады. Бұлда алда атқарар жұмыстың көп екенін көрсетеді. Халықаралық деңгейде деректі фильм түсіруді қолға алуымыздың да басты мақсаты да осы бергісі көршімізге, арғысы өзге мемлекетерге батырды ақтату, дұрыс, тура қырынан таныту», – деді Алматы телеарнасы бағдарламалар бөлімінің Бас редакторы Мақсат СЛӘМБЕКОВ.

Біздің тілшілер табылған соны мәліметтерді әзірге құпия сақтауды жөн көруде. Там-тұмдап жиылған ақпарат деректі фильмге толық топтастырылады. Көзі қарақты көрермен “Алматы” телеарнасының жаңалыққа толы өнімін алдағы уақытта тамашалай алады.

 http://baq.kz/kk/diaspora/1172

Рубрика: