15 августа, 2015 Нет комментариев

Аққұмнан шыққан ақ берен

11710-6-a_mnan_shy_an_a_beren_ruҚазақ xандығының 550 жылдығына орай «Қазақстан Орал» телеарнасы «Аққұмнан шыққан ақ берен» атты деректі фильм түсірді.
Жаңа туынды Батыс Қазақстан об­лысы Шыңғырлау ауданы әкімшілігінің қолдауымен жарық көріп отыр. Фильм режиссері әрі сценарий авторы Мұ­найдар Балмолда, операторы Тарас Қа­жымов, бейнеинженері Жанаман Ерға­лиев, дыбыс режиссері Рауль Би­шаев.
Танымдық еңбек Әбілқайыр xан мен Бөкенбай батыр туралы тың мәлі­мет­термен құнды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Ресей империясының қазақ жерін бір­тіндеп отарлау саясаты сөз болады. Бас­ты кейіпкер Әбілқайыр хан мен оның қасына серік болған батыр, мәмілегер табын руынан шыққан Бөкенбай Қа­раұлы.
Бөкенбай Қараұлы – он бес мәрте жек­пе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен қолбасы. Өкінішке қарай, ба­һадүрдің бірқатар ерлігі осы уақытқа дейін Қанжығалы Бөгенбайға телініп келгенін мұрағат құжаттары айғақ­тай­ды. Жергілікті ғалымдар тарих ғылы­мының кандидаты Жаңабек Жақсы­ғалиев, Самат Құрманалин, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар, Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бекарыстан Мырзабай, Бөкенбай батырдың жетінші ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев ақ-қараны ажыратып, нақты дәлелдер келтіруге тырысқан. Бұл туралы фильм авторы Мұнайдар Балмолда өз сөзінде «Орыс империясының барлаушысы, ұлты по­ляк Витевский деген ғалымының «Неп­люев және Орынбор өлкесі» атты мо­нографиясында Бөкенбай Қараұлы туралы «батыр және би» деп жазылған. Сондай-ақ орыстың қолға түскен офи­цері Гвардовскийдің жазба күнделі­гінде де Бөкенбай жайлы мәлімет мол. Ал қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы Әбіл­қайыр ханның апасы Бәтимаға үйлен­ген, ал қарындасы Махфузаны шақшақ Бөгембай Қожекеұлы алған. ХVІІІ ға­сыр­дағы Бөкенбай мен Бөгембайлар Әбілқайыр ханның айналасына осылай топтасқан. Соның да салдары болар, Бө­кен­бай Қараұлының барлық ерлігі қан­жығалы Бөгенбайға телініп кете барған. Орыс тарихшысы Ирина Ерофеева жә­не Әбіш Кекілбаев «Үркер» кітабында Бөкенбайды анықтап жазып берген. Бөкенбай Қараұлы баһадүр атанып, қол­басы болып жүрген шақта қанжы­ғалы Бөгенбай жас болған екен, ауыз әде­биетінде «қарт Бөгембай» дейтіні –осы біздің кейіпкер Бөкенбай. Бөкен­бай Қараұлының жерленген жері Ақ­тө­бе жерінде, Бөкенбай шоқысы деген жер бар. Бұл туралы тұтқын Гвар­дов­ский де жазыпты, елдің көнекөздері біледі, тарихшылар да осыны айтады.
Бұдан бөлек, орыс елшісі А.Тевке­леев­тің отарлау саясатын жүргізудегі іс-қимылы, қазақ арасында басына қауіп төнгенде, Бөкенбай Қараұлының арқасында аман қалғаны баяндалады.
Ең басты назар аударарлық мәселе, Әбілқайыр хан орыспен қосылуға қазақ халқын жан-жақты соғыстан құтқару үшін, басты жауы жоңғардан азат ету үшін, башқұрт, хиуалықтардан, орыс-казактарының озбырлық шабуыл­да­рынан аман сақтау үшін, қазақ ханды­ғының билігін нығайту үшін барған. Бұл тың көзқарас, себебі көп тарихшылар әлі күнге Кеңес кезеңіндегі былықтан, ханды сатқын деп айыптаудан аса алмай жүр. Ал Ресей оның бұл әділ ниетін өз пайдасына қарай бұрып әкетті де, Тев­келеев сияқты қу-айлакер, шоқынған та­тар мырзасын жұмсады» дейді.
Сонымен, деректі туынды түсіру барысында ел қорғаған батырлар мен сол заманғы көріністі көрсетуге шың­ғыр­лаулық қарапайым жұртшылық атсалысыпты. Киіз үйлер тігіліп, арнайы киімдер алынған.
– Аққұм деген Шыңғырлау мен Қаратөбе ауданы арасындағы құмды аумақ, Бөкенбай батырдың табаны тиген мекен. Сол араға Қарақұм құрыл­тайын бейнеледік. Негізі, Қарақұм–Арал маңындағы жер, сосын Ақтөбе, Маң­ғыс­тау облыстарындағы әріп­тес­теріміз кей көріністермен бізге қол ұшын созды. Әрине, жұмысымызда олқылық жоқ емес, сол заманғы дүниені беру бізге өте қиынға соқты. Бірақ қолы­мыздан келгенше тырыстық. Ал монтаж бары­сында әр қилы көріністерге де арқа сү­йеуге тура келді, ең бастысы алған та­рихи тақырыпты ашуға ниет қойдық. «Қазақстан Орал» телеарнасы бұл дү­ниені тамыз айының аяғына таман эфирге беруді көздеп отыр. Фильмнің ұзақтығы 48 минут. Бұл дүние Әбіл­қайыр ханның іс-әрекетіне тың көз­қарас береді. Оның Ресейге қосы­лудағы мақсаты – отар болуға ұмтылу емес екені айтылады. Алматы мен Ас­тананы қамту жоспарымда болған, бі­рақ оған әр қилы себептермен күш, уақыт және қаржы жетпеді. Әйтсе де, «Аққұмнан шыққан ақ берен» фильмі діттеген мақ­сатына жетті деп білемін, – дейді Мұ­найдар Балмолда.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

http://aikyn.kz/

Cурет http://aikyn.kz/ газетiнен алынды

Загрузка...

Добавить комментарий

You must be logged in to post a comment.