АЛТЫНОРДА
Новости

Әйелдердің қоғамдағы орны аналық өлшемімен өлшенуі керек

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Әйел – ана, әйел – сұлулық, әйел – махаббат. Сөзге ұста болғанымызбен, өмірде әйел жанының, әйел жүрегінің емшісі болу қиын. Сұлу сөзбен сурет салып, «жұмақ – ананың табанының астында» дегенімізбен, сол ананың аяғының астында жатқан жаннатты да елемей, кердеңдеп өте шығатынымыз бар. Неге, себебі біз кешегі һәм бүгінгі аналар мен қыздар қауымының қазақ қоғамынан ойып тұрып орын алғанын, қазақ азаттығы жолында қан кешкен қаһарман ұлдарға ақ сүтін бергенін, алмағайып заманда қолына қару алып ел қорғағанын, ел басшысыз қалғанда таққа да отырғанын ұмыт қалдыра береміз. Осы ұмытшақтық салдарынан біз неден ұтылдық? Ой безбеніне таразылап көрелікші…

Біз өткенімізді бағалай алмау арқылы қазақ қоғамындағы әйелдер орнын санмен өлшейтін індет­ке шалдықтық. Осының салдарынан кеңес­тік кезең келісімен, нәзікжанды аруларға «шойын темір» трактордың тізгінін ұстатып, бар ауыр жұмысты мойындарына іле салдық. Осы­лайша, әйелдердің қоғамдағы рөлін тың игеру­мен өлшедік. Бұл өлшемнің соңы әйелдерімізді зауыттардың отымен кіріп, күлімен шығатын «қара күңге» айналдырып жіберді. Бірақ біздің ана­ларымыз жасымады…

Біз әйел мен ердің теңдігін сыртқы бол­мыстан іздедік. Арулардың қоғамдағы орнын мінез-құлықпен таразыладық. Нәтижесінде, өз баласын жетімдер үйіне өткізетін, темекісін тістеп, арақпен ауыз былғайтын, ерінің басына әңгіртаяқ ойнататын, ақырында өзінің де дәм-тұзы қарттар үйінде түгесілетін «арулары» бар күйге түстік. Бірақ біздің аналарымыз жасымады…

Біз қоғамдағы әйел теңдігін өткен дәуірді жамандау арқылы алып бермек болдық. Баба­ла­рымыздың ұрпақ өрбіту, ұлттың санын көбей­ту мақсатында жасаған әр қадамын қаралаудан жалықпадық. Ешбір қазақ өзінің аялаған қызын қаусаған шалға бермейтінін біле тұра, сыңаржақ идеологияның ырқына иілдік. Мұның арты ақ неке мәселесінде «мен білемдік» бел алып, Қозы мен Баяндай қосылған қос жұп тазы мен қояндай күн кешетін қоғамға алып келді. Бірақ біздің аналарымыз жасымады…

Біз әйелдің орнын биік мінберлерден іздедік. Бұл мәселеде де қабілет-қарымға, сапаға емес, санға жүгіндік. Біздің қоғамға басшылық қызметтегі әйелдер қауымының еткен еңбегі емес, сыртқы көрініс қана қажет болды.

Оларға Томирис пен Заринаның, жоңғардың тізесін қалтыратқан Гауһардың, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне алты ұлымен келіп, үкілі найзамен жауын түйреген Бопайдың, Ұлы Отан соғысында қару жастанған Әлия мен Мәншүктің, Жел­тоқ­сан желінде қар жастанған Ләззат­тар­дың ерлікті жолын жалғатуға емес, керісінше, «шолақ белсенділік» арқылы тек қол көтеріп дауыс бергенде ғана қажет «қуыршақтарға» айналдырып жібердік. Бірақ біздің аналар жасымады.

Біз ананың елге ететін еңбегін баға­лауда да қателестік. Әр қыздың арманы ана атану болмағы шарт еді. Әйелдің қоғам­дағы орны деген желеумен осы бір ұлы мақсатты да санамыздан сылып тастадық. Бала Шоқанды дана Шоқан еткен – әжесі Айғаным, бала Абайды дана Абай еткен әжесі Зере екенін, әр ананың мақсаты Шоқан мен Абайдай асықтай ұлды тәрбиелеу болу керектігін «керексіз кәдедей» сананың бір түкпіріне тастай салдық. Нәтижесінде туған қызынан, жа­ры­нан, анасынан жерінген еркек кіндік­ті­лер көбейді. Бірақ біздің аналар жа­сы­мады.

Біз әйелдердің теңдігін сауда-саттық­пен де таразылап көрдік. Тәуелсіздік алысы­мыз­бен, еркек атаулыны үйге тастап, ару­ларды ала қап арқалатып ел кездіріп жібердік. Бүлдіршіндер ана махаббаты мен ананың аялы алақанынан алыс қалды. Жарының қаржысына күн көретін «жатып­ішер» ерлер қауымы пайда болды. Бірақ біздің аналар жасымады.

Біз әйел теңдігін оқу мен білімнен іздедік. Бұл орайда да аруларымыз ерлер­дің алдына түсіп, өзін мойындатты. Биіктерді бағындырды. Қоғамға қаншама өзгеріс әкелді. Бірақ бұл біліктілік аналар мойнындағы ауыр жүкке тағы да жауапкершіліктер жүктеп тастады. Бүкіл білім беру саласының тізгіні нәзік­жан­ды­лар­дың қолына бұйырып, ерлер тағы олардың «желкесіне» отырып алды. Бірақ біздің аналарымыз жасымады.

Біз әйелдің қоғамдағы орнын құқық қорғау саласынан іздедік. Өрімдей қыз­да­ры­мызды қаныпезер қылмыс­кер­лермен арпа­лыстырып қойдық. Бұл жайт сезімі секем­шіл арулар қауымын қатыгездікке, қатал­дыққа баулыды. Бірақ біздің аналарымыз жасымады.

Иә, қазіргі қоғамның қай бағытын алсаңыз да барлық салада қазақтың көрсе көз тоятын сүйкімді қыздары жүр. Олар – кешегі тарихымыздағы Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана, Қарқабат ана, Қызай ана, Найман ана, Ұлпан ана, Абақ аналарымыздың ізі. Бірақ біз бүгінгі таңда гендерлік саясатты аяғынан тік тұрғыздық дегенімізбен, ешбір аруға ана деп қарап көрген жоқпыз. Тіпті әйелдердің есімімен қатарласа аталатын «ана» деген асыл сөзді де ұмытып қалғандаймыз. Әйел азама­ты­ның қоғамдағы негізгі рөлі мен орнын белгілейтін де осы сөз емес пе еді?

 

Түйін

Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Өкпек жолаушы» атты повесінде: «Әрбір әйел – танылмаған планета. Жай ғана планета емес, әрқайсысы мұңлы планета. Бүкіл дүниежүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір, бір кезде әлемнің құпияларын ашуы мүмкін, ал бірақ ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпиясын аша алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Өйткені ол таза да нәзік жаралған, сондықтан ауруға тез шалдығады. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей аялай білетін еркек әлі туылған жоқ…» деп толғаныпты. Солай-ақ шығар! Бірақ маған қазақ қоғамы сол мұңлы планетаның жарасын дер кезінде дауалай біліп, «Анаңды үш мәрте Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген сөзбен перзент атаулысын әйел затына қарыздар етіп қойған секілді! Ол қарыздың өтеуі – мәңгілікке мойнымызда… Мойныңызда… Сондықтан да әйел теңдігі, әйелдің ерден артықшылығы ана болып, сәби сүюде жатқанын ұмытпайықшы. Біздің айтпағымыз осы еді!

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz