15 июня, 2015 Comments Off on Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ: Риода «Алтынбек» атануды армандаймын

Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ: Риода «Алтынбек» атануды армандаймын

photo_10318– Әділбек, бір байқағаным, көбіне қазақ тілінде сұхбат бересің. Кейбір спортшыларға қарағанда ұлтжандылығың басымдау сияқты көрінеді.– Біріншіден, спорт – ұлт намысын әлемге паш ететін құрал болғандықтан, кез келген спортшы бүкіл бір ұлттың бет-бейнесі болуға тиісті. Екіншіден, адамның мінез-құлқы, бойына жинақталған қасиеті өскен ортасына қарай қалыптасады. Мен Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келдім. Бұл қала бір елдің астанасы болғандықтан түрлі ұлт өкілдері бар. Көшеде қарақалпақ, өзбек, кәріс, орыс балаларымен де ойнайтынбыз. Егер байқаусызда аузымыздан бөгде тілдегі сөз шығып кетсе, мұны естіп қалған қандастарымыз «Ой, жағың қарысқыр, шірік неме, шүршітше шүлдірлемей өз тіліңде сөйле!» деп ұрсып шыға келетін. Бәлкім, сырттағы қазақты ассимилияциядан осындай қазақы мінез сақтап қалған болар. Біз ру-руға бөлініп қырқыспай, тұтас бір ұлт болып өмір сүрдік қой. Үшіншіден, әкем Сәбит, шешем Райхан қарапайым аспаз болғандарына қарамастан балаларының төл тілінде оқып, ұлтқа еңбек етер азамат боп өсуін қалады. Сондықтан да, Нөкістегі Максим Горький атындағы орта мектептің қазақ сыныбында оқыдым. Төртіншіден, Елбасымыз тарыдай шашылып кеткен елді жинай бастағанда Ақтау қаласына көшіп келдік. Бұл өңір деген енді қазақшылықтың қаймағы сақталған құтты мекен ғой.– Спорт тарихына үңілсек, Хасим Рахман 20 жасында бокспен айналыса бастап, 29 жасында әлем чемпионы болған екен. Эвандер Холифилд 5 жасынан бастап шұғылданған. Жалпы боксшылардың көпшілігі рингте есейген. Ал, сенің бокс әлеміне қашан аяқ басқаның есіңде ме?– Әрине. Егер спортпен тиіп-қашып шұғылданған біреу болсам есімнен шығып кетуі мүмкін еді. Алайда, мен әлі осы саланың нанын жеп жүргендіктен әсте естен шығаруым мүмкін емес. Ағам Батырбек бокс үйірмесіне қатысатын. Ең алғаш 12 жасымда бокс секциясына ағама еріп келгем. Сол сәттен бастап бокс сиқырына арбалып бұл әлемнен кете алмай қалғанмын. Алғашқы бапкерім Рашид Сейітов деген кісі болатын. Боксты өмірімнің мазмұнына айналдырып жібергеніне қарағанда ол кісінің өте мықты маман болғаны анық.Нөкісте ірілі-ұсақты жарыстарға қатысып жүрдік. Есімде қалған ең ірі жеңісім – Өзбекстанның Жызақ қаласында өткен турнирде топ жарғаным. Дәл осы жеңіс бойыма сенім ұялатып, болашағымды айқындап берген болар деп ойлаймын.2003 жыл өміріме бар жақсылығын ала келді. Бәлкім, ол кезде толық сезінбеген де болармын, екі бірдей бақытқа қол жеткізген екенмін. Біріншісі, атажұрттың жұпар ауасынан тыныстап, айбыны асқақ, азат елде өмір сүру несіп етті. Екіншісі, білікті бапкер Марат Жәкиевке тап болдым. Боксшы ретінде нендей жетістікке жеткен болсам, бәрі осы кісінің арқасында деп ойлаймын.– Спортшының өмір жолы тақтайдай тегіс болмайтыны белгілі. Шыңға шығу бар да, төмен құлдилау да бар. Қиын сәттерде неден жұбаныш табасың?– Боксшы рухының мықты болуы – дебюттың сәтті болуына байланысты сияқты. Әуел бастан жеңіліске ұшырасаңыз жүйкеге салмақ түсіп, бұл саланы тәрк етуіңіз бек мүмкін.Мен боксқа ерекше бір екпінмен келдім. 2007 жылы Алматыда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырына бір-ақ көтерілдім. 2008 жылы Таразда, 2009 жылы Қостанайда өткен ел чемпионатында ересектер арасында 69 келі салмақ бойынша қатарынан екі дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Бәрі тәп-тәуір басталған болатын. Бірақ, атам қазақ айтпақшы, «бақ пен сордың арасы – бір-ақ қадам» екен. 2009 жылы жазда Вьетнамда өткен Азия чемпионатында сәтсіздікке ұшырадым. Соның салдарынан Миланда өткен әлем чемпионатына қатыса алмадым.2010 жылғы Астанада өткен Қазақстан чемпионатының 1\4 финалында Данабек Сужановқа, 2011 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатының 1\4 финалында Асхат Жақыпбековке ұпай саны бойынша есе жібердім.Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда 2010 жылы студенттер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Мен онда бар болғаны үшінші орынды иелендім.Сол жылдар өмірімнің аса бір қиын кезеңдері болды. Алайда, мен сынбадым. Көз алдыма жарқын жеңістерімді келтіре отырып, тағы да жеңіске жете аламын деп ойлап, тынымсыз жаттыға бердім. Мені сенімім тығырықтан алып шықты. Мақсатым алға жетеледі.5eIc36dM– Әдетте, жеңіліске ұшырағанда ойлануға уақыт көп болады. Кейін қайта тұғырға көтерілгеніңе қарағанда жеңілістеріңнің басты себептерін тапқан боларсың?– Әрине. Жеңіліске себеп көп қой. Біріншіден, менің көру қабілетім нашарлап кетті. 2009 жылы Орынбор қаласына барып көзіме ота жасаттым. Сауығып кету оңайға соққан жоқ. Екіншіден, күтпегенде салмақ ауыстырдым. Жеңілістерімнің бәрі 75 келі салмаққа өткен кезде орын алды. Үшіншіден, осы себептер менің физикалық тұрғыдан әлсіреуіме әкеп соқты. Фавориттерден жеңілсем, қиналмайтын едім, ортанқол боксшылардан жеңілгенім өкінішті.– Содан кейін 81 келі салмаққа ауыстың ба?– Иә. Салмақ қуа беру оң нәтиже бермеген соң бапкерім Марат Жәкиевпен ақылдаса келе, 2011 жылдың наурыз айында 81 келі салмаққа ауысуға шешім қабылдадым. Бір қызығы, менің салмағым 75 келіден жоғары, бірақ 81 келіге жетпейді.2011 жыл сәуірде Атырауда қазақтың даңқты батырлары Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті. Турнирге қатысқанымда сол қайсар бабалардың аруағы жебеп тұрғандай сезіндім, бойыма бұла күш пайда болды. Оңай жеңімпаз атандым. Әлі күнге дейін қос батыр ақ жол тілеп, бата беріп тұрғандай көрінеді.Сол жылдың мамыр айында Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирге шақырту алдым. Бұл бәсекенің бәсі бөлек-тін. 81 келінің кіл серкелері жиналды. Азамат Белгібаев, Марат Қиясовтарға, ақтық сында Антон Пинчукқа өз күшімді мойындатуға тура келді. Турнирдің ең техникасы мықты боксшысы атандым.Оқу-жаттығуларда, спарринг-жекпе-жектерде Алмат Серимов, Арман Рысбектердің қарсылығын сындырып, Бакудегі әлем чемпионатына бару құқығына ие болдым.– Бакудегі әлем чемпионатының финалы. Әділбек Ниязымбетов пен Хулио Де Ла Крус жекпе-жегі. Кубалық жойқын соққылардан қаймығып, клинчтен пана іздеді. Жеңетініңе сенімді едік. Тосын шешім қабылданды. Кейін төрешілер сенің жеңісіңді ұрлап алғандығы туралы сөз болды. Өзің қалай ойлайсың?– Жартылай финалда турнирдің басты фавориті, екі дүркін әлем чемпионы, өзбекстандық Елшат Расуловты жеңдім. Бұл спорт шолушылары көп айтатын «финалдан бұрынғы финал» болды. Неліктен? Біріншіден, Елшат Расулов сол кездің ең мықты боксшысы-тұғын. Екіншіден, Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары принципті қарсылас болғандықтан, өзара жекпе-жегі әрқашан тартысты өтеді. Өйткені, ортаға «қай бокс мектебі мықты?» деген сауал шығады. Үшіншіден, мен Қарақалпақстаннан келгендіктен, кейбір қандастарымыздың көкейінде «мынау бұрынғы жерлесіне сатылып, абыройымызды төкпес пе екен?» деген сұрақ тұрғандығы анық еді. Төртіншіден, мен әлі әлемдік бәсекелерде көзге түспегендіктен көпшілік үшін жұмбақ боксшы болатынмын.Басты белестен асып өткеннен соң «мына жағы түк емес» деген ойда болдым. Сондықтан, еркін қимылдадым. Хулио Де Ла Крусты жеңетініме сенімді едім. Ол рингте қашқақтай жүрді. Тіпті, әрекетсіздігі үшін 3 рет ескерту алды. Алайда, төрешілердің шешімі басқаша болды. Амал қанша?– Лондон олимпиадасы да сен үшін оңай соқпады. Бакудегі жағдай қайталанған сияқты сезінбедің бе?— Доданың соңына қарай екі мықты боксшыға тап келгенімді айтып отырсыз ғой. Украиналық Гвоздикпен ұпай санымыз тең болды. Белсенді әрекетім үшін басымдық маған берілді. Ақтық сында ресейлік Мехонцевпен де тең түстік. Негізі, қарсыласыма көбірек соққым дарыды деп ойладым. Бірақ, бұл жолы Мехонцевтің бағы жанды.– 2011, 2013 жылғы әлем чемпионаты мен Лондон олимпиадасының нәтижесіне қарап, сені кейде «Күмісбек» деп атап жатады. Ренжімейсің бе?– Неғыламыз енді? Қазақстан чемпионатын бірнеше дүркін ұтқанымда, 2013 жылы Чехияда өткен «Гран При» бәсекесінде жеңіске жеткенімде немесе 2014 жылы Азия чемпионы болғанымда ешкім «Алтынбек» деп атаған жоқ. Жалпы, жанкүйерлер үлкен үміт артқандықтан, басты бәсекелерде сүрінгенімді кешіре алмай, солай атайтын болуы керек.– Әдетте, спортшылар ырымшылдау болады. Әлдебір санды жаныңа жақын тұтып немесе жек көресің бе?– Қызық сұрақ екен. Бұрын бұл жайлы мүлде ойлап көрмеген екем. Бірақ, қазақ «ер кезегі үшке дейін» деп жатады ғой. Көбіне 3 саны мен үшін сәтті болатын сияқты. Тек қана Инчхонда өткен соңғы құрлық бәсекесінде Э.Госсун, А.Жанг және К.Кьюді 3:0 есебімен жеңген жоқпын ба? Бүкіл спорттық ғұмырымда бұл санмен байланысты жағымды естеліктерім көп. Ал, «13» саны алдамшылау. Лондон Олимпиадасында Карлос Гонгора Меркадоны 13:5, Эхсан Рузбаханиді 13:10 есебімен жеңіп, Александр Гвоздикпен 13:13 боп тең түскеніммен сәттілік менің жағымда болды. Осы «13» санынан бірнеше рет опық та жегем. Басқасын былай қойғанда Бакудегі әлем чемпионатында Хулио Де Ла Крусқа 17:13 есебімен есе жібергенімді айтсам жеткілікті шығар.– Соңғы кезде өміріңізде өзгерістер болды ма? Бізді қандай жаңалықпен қуанта аласың?– Кейде қуаныш, кейде өкініш арқау болған спорттағы дәуіріміз зырлап өте шығатыны сөзсіз. Одан соң да өмір бар. Соны ескеріп, болашағымызды ойламасақ тағы болмайды ғой. Шахмардан Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, биыл соны бітіріп, диплом алғалы тұрмын.– Өте жақсы. Болашақта мықты заңгер болуыңа тілектеспін. Алайда, тынымсыз спорттық ғұмыр, мазасыз студенттік шақ, оның үстіне бес уақыт намаз да оқисың. Ауыр тиіп жүрген жоқ па?– Жоқ, әрқайсының өз орны бар. Үлгеретін адам бәріне үлгереді. Сылтау айту – жалқаулардың ісі. Мені төзімді әрі ұқыпты болуға спорт тәрбиеледі десем, асыра сілтегендік емес.– Алдағы Олимпиадаға қатысасың ба?– Бұйыртса! Бірнеше жылдан бері үздіксіз жаттығу үстіндемін. Арманым – олимпиада алтынын алу. Биыл лицензиялық турнирлерде топ жарып, олимпиада жолдамасын иелену жоспарда бар.Ішкі чемпионаттағы немесе әлемдік деңгейдегі басты қарсыластарың кімдер?-Ішкі чемпионатта лайықты қарсыласым бар деп айта алмаймын. 81 келі салмақтағы барлық боксшылардың шама-шарқы маған белгілі. Ал, өкінішке қарай, енді келіп жатқан боксшылардың білегінен күш, көзінен жарқыл байқай қойған жоқпын.Әлемдік деңгейде бір ғана қарсыласым бар: Ол – кубалық Хулио Де Ла Крус. Бұйыртса, осы жолы мысын басармын деп ойлаймын.– Арманыңа жет! Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалсын. Мазмұнды сұхбатың үшін рахмет.Әңгімелескен Бегабат ҰЗАҚОВ, aynaline.kz
Загрузка...

Комментирование закрыто.