xzsКім де болса қазақ болып туылғанымен «қазақ» бола салмайды. Ол үшін ұрпақты алтын діңгекке жетелейтін ұлттық тәрбие қажет. Бірақ күнкөріс қамымен үдіре көшіп, бұрынғы дәстүр жалғастығы, тәрбие сабақтастығы үзілген заманда – ұлттық тәрбие шайылу үстінде. Жасырып неғылайық, қазіргі қариялар арасында «ақсақал» болудың қандай екені, жігіттерде – «қазақ жігіті», қыздарда – «қазақ қызы», келінде – «қазақ келіні» және т.б. туралы нақты түсініктер таяздап кетті. Әркім өз білгенімен қазаққа ұқсап бағуда! Біз осы уақытқа дейін қазақ болмысын ашатын «ата-апа», «аға-іні», «бауыр-қарындас», «ақсақал-жігіт», «қыз-келін», «нағашы-жиен» және басқа көптеген қатынастардың қандай екені түралы нақты «қағида» қабылдай алмадық. Тіптен, ұлттық деңгейде өзімізді «қазақ етіп» тәрбиелеу де көмескілене түсті. Сондықтан, шашыраңқы тәрбие шалағай қазақты «өндіруде»! Осының әсерінен бойымызға көрінгеннің қаңсығы сіңудейін сіңіп жатыр.

Бұл үрдісті тоқтатудың жолы бар ма? Мәселенің бар түйіні осы күрмеуді шешуде деп ойлаймыз. Оның алдын алу үшін тәулсіздіктен кейін «мемлекет құрушы ұлт» ретінде қазақ ұлты тез арада «қазақтану» институтын құрып, өзін-өзі тануды қолға алуы қажет еді. Сонда ұлттық болмысты қарқынды дамуытуға, өзіндік ұлттық келбетті қалыптастыруға, сол арқылы әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлтқа айналуға теориялық негіз жасалынып, ұлттығымызды нығайтуға бүгінгідей бейберекет түрде емес, саналы − біртұтастығымызбен, біртектілігімізбен қадам басар едік. Өкінішке орай, олай болмады…

Ақпаратты ақтара отырып, бұл тақырыпта жазбалар аз екеніне көз жеткіздік. Тек белгілі блогер Болат Нукенұлы «Қазақ халқы бай-қуатты болуы үшін не істеуі керек!» деген шығарма ұсынып, біршама талпыныс жасапты (http://content.foto.mail.ru/bk/bolat53/_myphoto/i-86.jpg).  Енді, содан үзінді келтіре отырып, ойымызды жалғастырамыз. Мұнда мәселені зерттеу әдістемесінің негізі дұрыс көрсетілген: «өзге этникалық топ өкілдері мемлекет құрушы байырғы ұлт төңірегіне топтасып, біртұтас халық болып, бір тілде сөйлеп, болашаққа сенімді түрде аяқ басуы тиіс». Шынында да, қоғам осы қағиданы тұтас қабылдаған жағдайда қоғамда «қазақ деген кім?», «қалай қазақ болу керек?», «ол үшін не істеу керек?» деген сұрақтар туар еді. Сол кезде бұл сұрақтарға өзгелер емес, қазақтың өзі жауап беруге мәжбүр болар еді. Ал қазір бұл сұрақтарды өзгелер түгілі қазақтың өзі өзіне қоймай отыр. Себебі, болмысы шашыраңқы күйге түскен халық «болмыс тұтастығын» әлі дұрыс ұға алмай жатыр. Меніңше, солай. Енді осы мәселеге арнайы тоқталамыз. Мұнда бір-біріне қарсы бірнеше көзқарастар бар:

1.  «Мемлекет ұстанымы». Қазір мемлекеттің ұлттық саясаты «қазақ болмысын» қалыптастыру, оны әлемге «қазақстандық бренд» ретінде ұсынудан гөрі, қазіргі қазақтарды тездетіп жаһандану процесіне енгізуді көздейді. Мысалы, жастарды шет елдерде оқытудың артықшылығын дәріптеу, «үш тұғырлы тіл» бағдарламасын қабылдау, оқыту жүйесін батыс үлгісіне көшіру және т.с.с. Әрине, үш-төрт тілде емін-еркін сөйлеу жаман емес. Әлемнің қай бұрышында өзін еркін ұстайтын қазақ болу одан да жақсы! Бірақ шындық тек осында ма?! Ойланайық…

Бұл «мемлекеттің ұстаным» қазақ ұлтының трагедиялық тарихы мен замана мәселелерінің астарына терең бойламаудан туындаған десе болады. Яғни, біз үшін жаһанданудың жойқын ықпалын елемей: «ұлтымыздың мәдени-рухани іргетасы шайылмайды» − деп санау нағыз жайбарақаттық, жауапсыздық! Өйткені, мұның астарында «өз жерінде «қазақ» деген атпен бірігіп, мемлекет құрғаннан небір тарихи катаклизмдерге тап болған ұлттың бүгінгі Рухы бұрынғыдан мың-мың есе қуатты рухани экспансияға төтеп беруге шамасы жете ме?» деген сұрақ тұр. Оның үстіне қазіргі «экспансияда» көзге көрініп тұрған «жау» жоқ: кіммен күресеріңді, қалай күресеріңді ұғу қиын. Сондықтан бұған жауап ретінде ұлттық дәстүрде консервативтік көзқарас пайда болуда. Иә, ондай консерватизмнің сынға ұшырап жатқанына қарамастан, қазіргі жағдайда ұлт үшін оның басым болғаны тиімді. Онсыз – біздің ұлттығымыз (салт-дәстүр, әдет-ғұрып және т.т.) желдің ыңғайымен домалайтын қаңбаққа айналар еді…

Бірақ өзін-өзі қорғай алмайтын, дамыта алмайтын «көрсоқыр консерватизм» ұлттық дәстүрді жойып тынады! Қалай? Себебі, халықтың мемлекеттің іргетасын құрайтын субьект ретіндегі негізгі міндеті – оның жекелеген өкілдерінің хамелеондай құбылып кез келген ортаға сіңіп кете алуын қамтамасыз ету емес.  Халықтың (ұлттың) субъект ретіндегі басты міндеті – өзін әлемдегі барлық мемлекеттер мен ұлттардан ерекшелеп тұра алатындай «өзіндік болмысын» түзуі. Ал бұл «міндеттің» діңгегі – осы жердің тарихи қожасы болып табылатын негізгі халықтың «ұлттық болмысынан» құралатыны» − айнымас ақиқат!  Бүкіл әлем осылай дамуда. Оның жарқын мысалы жеткілікті: жапон, неміс, скандинав халықтары, немесе, Біріккен Араб Әмірлігі, Үнді, Қытай және т.б. көптеген елдерді атай аламыз. Бұл өлшем бойынша Орталық Азия елдерінен өзбектер мен түркімендер, ішінара тәжіктер ерекшеленіп тұр деп ойлаймыз…  Міне, сондықтан мемлекеттік деңгейде қолдау таппаған ұлттық мәселе жоғарыда айтқандай «көрсоқыр консерватизмге» жетелеп, мемлекеттің дамуына кедергі бола бастайды. Бұл құлдыраумен бірге ұлт та азып-тоза береді…

Сонымен, «мемлекеттік ұстанымның» жағымсыз жағы мынада деп білеміз: ол – Қазақстандағы қазақ ұлтының статусы жөнінде бір айқындыққа қол жеткізбей жатып, уақытты жылдамдатқымыз келетіні. Шынында да, қазір мемлекет келбеті (экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани бағыттар) айқындалмай жатқанда − мемлекет құрушы қазақты қарқынды түрде «әлемдік қазаққа» айналдыру бізге қаншалықты пайдалы? Біз «әлем бізді таныды» деп жиі айтамыз. Бірақ өз елі мен жерінде отырып «ұлттық болмысы» әлсіреген ұлттың (халықтың) «таныған әлемде» қаншалықты беделге ие екендігі туралы ойландық па? Оның «өзін-өзі сақтау иммунитеті жойылып кетпей ме?» деп сұрадық па?.. Ендеше ешбір мөймеңкесіз «бұндай ұстанымның ұлттық дамуда пайдасынан зияны басым» деп ашық айтуымыз қажет. Бұл − өте өзекті, айтуға лайық мәселе. Өйткені, Жаратушы әрбір халыққа тарихи жауапкершілікті (миссияны) үнемі жүктей бермейді…, ондай тағдыр ұлтқа бір-ақ рет берілуі мүмкін!

 2. «Ұлтшылдық ұстанымы». Мұның өзі де бірнеше тармаққа бөлінеді: бірі – «Әлемде бірінші болып жылқыны қолға үйретіп, мал өсіру мен оның өнімдерін ұқсату мәдениетін жоғары деңгейге көтеріп, ат тұяғы жеткен жердің бәрін тиімді пайдаланып, қоршаған ортамен-табиғатпен үйлесімді қарым қатынас орната  білген Бабаларымыз өз болмысы мен заманына сай бақытты өмір сүріп, ұлт мәдениетін дамытқан. Ол кезеңдерде, әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары өмірлеріне қауіп төндіріп жабайы аң аулап, етін жеп, терісін киім етіп жүрген заман екен… Осындай таңданғандар мен тамсанғандардың қатары көбейіп, ақыры «Ұлы Жібек жолы» қазақ даласының үстімен өтіпті…» (Б.Бутеев) деп келетін, өткенді аңсайтын «асқақ тарихшыл ұстаным» болса, екінші-үшінші және т.б. қатарда – «әсіре ұлтшылдық», «қатаң» («жұмсақ») ұлтшылдық», тіптен, «ұлтсызданған ұлтшылдық» дейтін құбылыстар да кездеседі! Әрине, біз  қазіргі қазақтың «ұлттық болмысы» тарихи жағдайда қалыптасқанын, оның небір күрделі замандарда шыңдалып, бүгінгі ұрпаққа жеткенін − мақтанышпен еске аламыз. Мұны «ұлттық сезімді оятушы фактор» деп мойындаймыз! Бірақ осы факторды дұрыс қолданып отырмыз ба? «Иә» десек − қателесеміз. Себебі, қазірдің өзінде біз өз арамызда бабалар жасаған асқақ тарихты бөлісе алмай, біртұтас халық ретінде көріне алмай отырғанымыз өтірік емес. Сырт көзге бәрі дұрыс секілді − мақтанатын тарих бар, оны жалғастырушы халық бар… дегендей. Алайда, мақтанатын түгі жоқ! Болмаса, қазіргі қазақ зиялылары жиылып алып: «қайтсек қазақ боламыз?», «тіліміз неге шорқақ?», «ұрпақ қайда барады?» және т.б. зарзаман сарынын салмас еді ғой!!!

«Ұлтсызданған ұлтшылдар» өзге тіл аясында ділі мен болмысы деформацияға ұшыраған, алайда өздерін «қазақ» деп танитын ұлт өкілдері арасында жиі ұшырасады. Олар да «ұлтым» дегенде егіліп тұрады, бірақ «ұлттық болмыс» төңірегіндегі ұстанымы космополитизмге сәйкес. Осы жағынан алғанда олардың ұстанымы «мемлекеттікке» мейлінше жақын. Олардың көпшілігі қазақтың әлі күнге ұстанатын біршама салт-дәстүрлерін жатырқай қабылдайды. Кейде, мүлдем қабылдай алмайды − «мамбеты», «мамбетизм» деп мысқылдайды…  (Оны менің жетінші атам Мәмбет батыр естісе ғой шіркін!..). Мысалы, ақын Олжас Сүлейменов қазақты тезірек «әлемдік ұлт» қатарынан көруді армандаса, халыққа танымал болуға ұмтылған бірқатар орыстілді (ағылшын тілді) азаматтар «қазір қазақ сорлы күйде болса, бұл − қазақтың бейшаралығынан» дегенді дәлелдеумен жүр.  (Біржақты кінәлау болмас үшін, бұл қатарда қазақы ортада өсіп, қазақы тәрбиеден құр қалған ұлт өкілдері бар екенін ескереміз. Ұлттық болмыс үшін олардың «аяқтан шалуы» алғашқылардан бір мысқал кем емес, мүмкін – одан гөрі қауіптірек болар). «Іштен шыққан жау жаман» деп қазақ осындайда айтса керек…

Сонымен, қазақ халқы рухани-мәдени бай-қуатты болуы үшін не істеуі керек? Ол үшін қазақ өзінің кім екенін, қазіргі заманда оған қандай миссия жүктелгенін білуі керек. Сонымен бірге, болашақ қалай боларын болжауы қажет. Егер осы мәселені ұлт өзінің алдына ашық қоюға қол жеткізссе, онда ол көп қиналмай-ақ «қазақтығын» сақтай отырып әлемдік бәскелестікке түсе аларын ұғар еді. Ұлттық санада осындай «түсінік» болса − жаһандануға тек «ұлттық брендпен» өрнектелген экономика арқылы енетінімізді анықтап алар едік. Яғни, қазіргі басты міндет − «экономикалық өрлеуге» «ұлттық болмыспен» барғанда ғана нәтиже боларын ұғар едік. Ендеше, ең алдымен, бір-бірінен ажырағысыз осы мәселелерді шешуге тиіспіз: нығайған экономика – ұлт болмысын нығайтады,  ұлттық болмысты терістейтін экономика − міндетті түрде өзін-өзі қиратады, тұрақсыздыққа апарады! Сол себепті − «қазақ болу оңай ма?» деген сұрақ аса маңызды!

Б. Бутеев тағы бір құнды принциптерді атайды: олар − «жеке тұлға», «жауапкершілік орта», «ұлттық сана». Бірақ осыған байланысты келтірген тұжырымы көңілге қонымсыздау: «ата-бабаларымыз күшті мемлекеттілікті жеке бастың еркіндігі (?) үшін  құрбандыққа шалып, мемлекеттілікті күшейтуге жөнді көңіл бөлмей жүріп (?), басқа елдің боданы болып қалды. Ал қазір керісінше, егемендік жағдайында мемлекеттігімізді күшейтуге көп көңіл бөлінгенімен, әсіресе соңғы 100 жылда тоз-тозы шыққан қазақ азаматтық қоғамы (?) әлсіз болғандықтан − ұлттық қоғамдық сана өте төменгі деңгейде болып тұр» деген.

Енді осыны талдағанда міндетті түрде «тарихтағы жеке тұлғаның ролі» туралы теорияға тірелеміз. Ол теорияда «мемлекеттің күйреуі жеке тұлғаның еркіндігінен туындамайды». Онда: «жеке тұлғаның еркіндігі тек халықпен бірге болса ғана мағыналы» делінген. (Еркіндік − «тұлға» мен «халық» мақсатының бір арнада тоғысуы). Керісінше, «жеке тұлға» қандай да бір нәрсеге (ұлт мүддесінен алшақ) басыбайлы (тәуелді) болып қалса − мемлекет азып-тоза бастайды. Мысалы, түркі жұртына тікелей қатысы бар Хазар мемлекетін күйреткен кесел «коррупция» деп аталған. Хазар елінде коррупция Тұлға тарапынан қолдау тапты. Бұл тарихта белгілі жайт.  «Ал бұған дем беруші «сыртқы күш» −  «халықты, әсіресе, билікті тұтасымен үстеме қарызбен байлап-матап алған еврейлер еді» деп жазады тарихшылар. Олар ағыл-тегіл ақшаның күшімен биліктің ғана емес, халықтың ділін де, тіптен, дінін де өзгерте алды. Сөйтіп, халықтың өр мінезі аз уақытта азып-тозып, ақшаға толық айырбасталып кеткен еді… Соңы мемлекеттің күйреуімен және жойылуымен тынды…

Ал автордың мына сөзімен келіспеске болмайды: «Ерте кездегі азат, тәуелсіз Қазақ Елінде батырлар, билер, басшылар өте көп болған, себебі қазақтың әр ата-ауыл-руларының жауапкершілік ортасы өздерінің зиялы тұлғаларын өмірге алып келген… Артында қалың қауым елі бар және қандастарының алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімен сезінген ақылды ТҰЛҒАЛАР  ұлттық жауапкершілік ортаны қалыптастырып, өз ішінен Төле би, Қазыбек би, Айтеке би, Әбілқайыр, Абылай сынды кемеңгерлерді іріктеп шығарған…»  Өте орынды сөз! Бұл, әсіресе, дәл қазіргі кезде өзекті бола түскен мәселе! Осы жерде «Қазақ болу оңай ма екен?» деген сұрақты қайталап өтудің  реті келіп тұрған сыңайлы…

Енді «қазақ болуға» кедергі келтіріп тұрған біршама «мінездерді» атап өтейік. Олар:  1) Құлдық психология. (Бұл жерде біреудің басыбайлы құлы емес, «құлқынның», «арақ пен есірткінің», «дүние-мүліктің», «байлық пен биліктің», «секталардың» және т.б. құлы сөз болып отыр); 2)  «Қазақ болуға» деген салғырттық, жауапсыздық, немқұрайлылық. (Мұның көрінісін күнделікті көріп келеміз. Әсіресе, ата мен немере байланысының әлсіреуі ұрпақ арасындағы сабақтастықты үзіп, ұлттық болмыс таяздалуда).

Сондықтан ата жолын ұмытқан, өзгенің ақылымен  жүрген, жетегінде кеткен, ұлттық болмысы өзгерген қоғамды іштен жегідей жейтін жемқорлық жайлап алады.Осындай ортада өскен қазақ баласы енді «қазақ болуды» емес, алдымен «коррупционер» болуды ойлап жүрсе – оған таң қалмасаңыз болады…

Мінеки, бастапқыда елеусіз ғана айтылған «қазақ болу» тіптен де оңай шару болмай шықты… «Қазақ болу»  − атом электр станциясын салудан қиын секілді…  Мүмкін, космосқа ұшумен шамалас шығар…

Abai.kz

Рубрика: