Осыдан бірер күн бұрын (5.11.2014) газеттер Үкімет отырысында алдағы жылы болатын мерекелер жайлы қаулы-қарар қабылданғанын сүйіншілеген еді.  Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтілмек, сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Конститутциясының 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қамтылмақ. Бәрекелді! Ләкін, бізге «Әй, қап!» дегізіп отырған жәйт – ұлы Абайдың 170 жылдығы мүлде ұмыт қалғандығы. Ау-у, Абай қайда?! «Абай – дара, Абай – дана» деп жар саламыз, іс істерге келгенде тартынып, тарыла қалатынымыз қалай?!

Естуімше, жеке тұлғалар датасы мемлекеттік деңгейде – 170 емес, 175 жыл толса ғана аталады-мыс. Солай-ақ болсын, бірақ Абайдың аты Абай емес пе! Ренессанстық дара тұлғамыз қай қалыпқа, қай қағидаға сыяды?! Кезінде М.Әуезов: «Қазақ деген халық Абайға белшеден қарыздар» деп талай ескерткентұғын. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық тойын тойлау кезінде еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деп атап айтқан болатын. Мұны жұртшылық қайтіп ұмытсын.

Әрине, әңгіме көп шығынданып, ұлан-асыр той ұйымдастыру жайлы емес. Мәселе басқада. Егер Абай тойы қатар тойланар болса, жоғарыда аталған таза саяси мерекелер  мән-мағынасы жағынан толысып, рухани астар тереңдемей ме? «Ұлытау ұлағаты» делінген Елбасымыздың өрелі ойлары Абайдың асыл сөздерімен қамшының өріміндей қабыса табыспай ма? Сол сияқты ұлы ақынын ардақтау, еңбегін таныту барысында бүгінгі қауым өзін толғантқан талай мәселелердің жауабын табар еді-ау (Абайды оқымаудың, оқыса тоқымауды салдары айтпасақ та белгілі).  Бұдан бөлек, Абайды тойлау бәсеңдеп қалған абайтану ғылымына серпін береді. Мектеп қабырғасында оқытыла бастаған «Абайтану» пәні туралы да осыны айтамыз.

Алаш арысы Міржақып Дулатов осыдан тура 100 жыл бұрын: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. … «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар», – деп келешекке зор үмітпен қарағантұғын. Абай рухы халқына өз өзінен жақындамайды. Кемінде бес жылда бір серпіліс, яки бүкіл халық болып зиярат ету шарт. Әйтпесе жоқ.   Міне, 170 жылдықты кеңінен атау, тойлау, ең алдымен, сол үшін қажет.

Қорытып айтқанда, ұлы Абайдың 170 жылдығын алдағы жылы мемлекеттік деңгейде мерекеленетін ісшаралар қатарына енгізген абзал. Үкімет пен Мәдениет және спорт министрлігіне исі алаштың, қала берді, абайсүйер қалың қауымның атынан осынау өтініш-тілекті жеткізгім келеді.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Abai.kz 

Рубрика: