5a8aa42a5bef87361280d3ccda0ba656Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектептің төңірегінде қарбалас көбейеді. Жұрттың әдетте баласын 1-сыныпқа беру үшін мектеп іздеп қиналатыны белгілі, ал қызылжарлық кейбір ата-аналар болса тоғыз жыл оқып келген білім ордасы ұл-қыздарын қабылдамай қоя ма деп қорқып отыр. Үлгерімі төмен оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге кіргізбеу соңғы жылдары белең алып келеді. Мектептің беделіне кір келтіреді деген желеумен 9-сыныптан кейін топырлатып колледждерге жіберу үрдісі биыл да орын алды. Бірақ бұл жолы ата-аналар балалардың құқығына қол сұққан ұстаздар қауымымен келісе қоймады.

Қызылжарда мектеп оқушылары мен ұс­таздар арасында араздық туды. Қаладағы №4 мектептің 9-сыныбында оқитын оқушы­лардың ата-аналары шарасыздықтан көшеге шықты. Айтуларынша, мұғалімдер 9-сыныпты бітірген бірқатар оқушыға мектептен кетіп, колледжге түсуге «кеңес» берген екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуде қажет ұпайды жинай алмайтын­дарын айтып, тезірек табандарын жалтыратуды өтінген.

Ал ақылы оқуды қалтасы көтермейтіндер енді не істерін білмей дал. Баласын ақылы кол­леджде оқыта алмайтындардың бірі – Наталья Похумова. Оның қызы Элизаветта Қызыл­жардағы №4 орта мектепте оқиды. Биыл 9-сы­ныпты аяқтапты. Арманы – 11-сыныпты біті­рісі­мен дәрігерлік оқуға түсу. Алайда оған ме­­­ди­циналық академияға түсу түгіл, мектепті бітіріп шығу қиынға соғайын деп тұр. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қал­ғанда білім беру мекемесі аяқастынан ата-аналар жиналысын өткізген. Наталья Поху­мованың айтуынша, жиналыс барысында мұғалімдер оқушылардың құжаттарын алып кету туралы талап қойыпты.

Наталья ПОХУМОВА, ата-ана:

– Балам жиналысқа кіргенде мұғалімдер «сен ары қарай оқи алмайсың» деп бірден бас салған. «Сенің үлгерімің нашар, 10-11 сы­ныпты оқи алмайсың, қалсаң, оқу­ың­ды одан сайын қиындатып жібе­реміз» деп қоқан-лоқы көрсеткенін естідім. Бұған қоса, «дәл қазір бар да, кол­леджге түс» деп бұйырыпты. Ал біз мек­тепте қаламыз деп шештік. Бірақ ұстаз­дардың бұл қылығынан кейін баламның енді оқуға ынтасы да жоқ.

Ата-аналардың айтуынша, ұстаздар­дың бұл озбырлығына шыдамаған кей балалар білім ордасынан құжаттарын алып та үлгеріпті, бүгінде ақысы арзандау деген колледждерді жағалап жүр. Ал айлықтары шайлықтарына онсыз да әрең жетіп жүрген ата-аналар балаларын енді қайда оқытатындарын білмей шырылдап отыр.

Оксана КОВИХОВА, ата-ана:

– Мен жиналысқа келгенде мұға­лім­дер маған бірден «балаң оқуды жал­ғастыра алмайды» деді. Біз олар­дың оқуға кедергі келтіреміз, құжаттарың­ды алып, басқа жерге түсіңдер деген сы­ңай танытты. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Бүкіл жерде қымбат. Енді Борки кентіндегі колледжге түсіп көре­міз. Уақыт та аз қалды.

Ал мектеп басшылары болса балаларға еш қысым көрсетілмегенін айтып, ат-тон­дарын ала қашты. Орта мектепті бітірмеген бала бірден жоғары оқу орнына түсе ал­майды. Ал колледждің дипломымен жұ­мыс беруші кез келген қызметке қабылдай бермейді. Сондықтан ертеңін ойлаған оқушы шамасы жеткенше орта білім алып шыққысы келеді. Және Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу-қатыспау мәселесі тек оқушының қалауымен ғана шешіледі. Мұғалімдердің араласуына тыйым салынған.

Ғафура БӨСТЕКОВА, мектеп директоры:

–10-сыныпқа қабылдамау жайын­да менің өз атымнан еш бұйрық болған жоқ. Сондықтан бүгін оқығысы келген барлық балалар 10-сыныпқа қабылда­нады. Жиналыс жайында мен айта ал­маймын. Өйткені мен болған жоқпын. Мүмкін, мұғалімдердің өздері жасап жүрген жұмыс шығар. Бірақ мен өзім ол жұмыс туралы білмеймін.

Нәзия БАЙБЕКОВА, мектеп мұғалімі:

– Біз балаларға қысым көрсеткен жоқпыз. Жиналыста тек олардың қай­да оқуға түскендері мен жұмысқа тұр­ғандары жайлы сұрап білдік. Негізінен, 9-сыныпта 65 бала оқыды. Әзірге 28-і ғана қалды. Яғни 10-сыныпта бір-ақ сынып болады. Сәйкесінше, біздің сағат­тарымыз азаяды. Балалардың кеткені бізге тиімсіз болып тұр.

Мектептердің білім деңгейін Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша бағалау басталғалы ұстаздар мен ата-ана­лар арасындағы мұндай дау-жанжал бір үзілген емес. Еліміздің кез келген қала­сындағы немесе ауылындағы мектепте осындай жағдай. Көбі жұртқа жария бола бермейді. Әйтпесе ұстаздар қолдарынан келгенше балаларды 10-11-сыныптарға қалдырмауға тырысатыны белгілі. Сон­дықтан мектептердің білім деңгейін баға­лауда тестілеуден басқа естілеу бірдеңе ойлап тапқан жөн болар. Бала білімсіз болып тумайды, сол себепті оны сабағың нашар деп кеудеден итергенше, тоғыз жыл бойы дұрыстап білім беру қажет еді.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

http://alashainasy.kz/politics/45319/

 

Рубрика: