“Билік басына келген мына екі азаматты бүгінгінің патриоттары, батырлары деп ашық айтуымыз керек! Біздің ел шығарған вакцина нәтижелі болып, екі батырымыз еліне, халқына аянбай қызмет жасап жүре беруін тілеймін!” – деді Айгүл Орынбек, Аймағамбетов пен Қаринді мақтап-мақтап келіп.

Заңгер Айгүл Орынбек ең алғаш қазақстандық вакцинаны өздеріне салдырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен президенттің көмекшісі Ерлан Қаринді жер-көкке сыйғызбай мақтап, “халық батырына” теңеп отыр. Ал белсенділер біреуді мақтаса қосамжарлана мақтап, даттаса жаппай даттап, пост авторының ыңғайына жығыла салатын желі қолданушылар да заңгердің сөзін құптауда, деп жазды paryz.kz.

“Билік басында қазақ тілінде сөйлейтін осы екі азамат соңғы кезде біраз орысқұлдарға ұнамай жүр! Ең бірінші Ресейден келетін вакцинаны Мамин қабылдасын деген едім. Тіпті дамыған Америка вакцинасын қабылдаған азаматтардың қисайған беттері, қабылдап болған соң өліп қалған видеолары тарап жатыр! Соның бәрін көріп отырып, халықтан бұрын вакцинаны өздеріне салдырған мына екі азамат ерледі! Мойындауым керек, ең алғашқылардың бірі болып мен жазған едім, биліктегілер бірінші өздері қабылдасын шығарған вакцинасын деп! Алғашқы қадамды жасы келген азаматтар жасар деп күткен едім. Сөйтсем, ең бірінші болып Білім министрі Асхат Аймағамбетов қабылдапты. Ал кешелі бері орыстілді қауым вакцина салдырған Ерлан Қаринді мазақ қылуда!” – деп бастады Айгүл Орынбек жазбасын.

Айтуынша, бұл биологиялық соғыста халықтан бұрын вакцинаны өздері салдырып, тексеріп көру патриоттыққа жатады екен. Бұл тұрғыда екі шенеунік жауға жалаң шапқан баһадүр іспетті көрінеді.

“Себебі вакцина кері әсер беріп, қабылдаған адам өліп кетуі де мүмкін. Бұл жауға кеудесін ашық тосып шапқанмен бірдей! Билік басына келген мына екі азаматты бүгінгінің патриоттары, батырлары деп ашық айтуымыз керек! Біздің ел шығарған вакцина нәтижелі болып, екі батырымыз еліне, халқына аянбай қызмет жасап жүре беруін тілеймін!” – деп, мақтау-мадақтың бәрі әуелі Құдайға, сосын осы екі азаматқа тиесілі сияқты етіп қойған.

Алайда, ол вакцинаны Айгүл Орынбек әзір өзіне салдырғысы келмейді екен.

“Бірінші әбден тексерілсін, сынақтан өтсін, сосын барып өзіме салдырам. Оған дейін мен де қарсымын!” – дейді.

Осының бәрін оқып отырған журналист Тоқтар Жақаш бәрібір Қариннің екпе алып қарық қылғанына сенбейтінін білдірді.

“Басқасы басқа, дәл Қарин бізден шыққан вакцинаны салдырды деген енді шылғи өтірік! Әшейін, пиар!” деп жазды ол.

Рубрика: