АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қапшағайдағы шу. Жұмысшылардың еңбегін жегендер жауапқа тартылады[:]

[:kz]

Алматы облысының басшылығы шу шыққан Қапшағайдағы «Алтын Алма» және «Алма сити» ойынханаларының жұмысшыларымен кездесті, — деп хабарлайды меншікті тілшіміз.

2018 жылдың 12 маусым күні Қапшағай қаласының әкімдігіне,  Алматы облысы Қапшағай қаласында орналасқан («Penson Group» және «The Alma City» ЖШС-тері) жұмысшыларынан аштық жариялайтыны туралы хат келіп түскен.

Ақпарат түскен күннен бастап облыс әкімдігімен нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған мүдделі мемлекеттік мекемелерінің басшылары ойынханалардың жұмысшыларымен кездесіп, орын алған мәселеге қатысты жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында жұмыстар жүргізді.

Кездесу барысында, ойынханаларда барлығы 420 адам жұмыс істейтіні анықталды. Қызметкерлердің айтулары бойынша олардың бейресми еңбекақылары 120-400 мың теңге көлемінде болған. Ойынхана басшылары  жұмысшыларға еңбек ақыны ресми бухгалтерия бойынша 40-50 мың теңге шамасында, қалған қаражатты конвертке салып төлегені анықталды. Олардың ішінде, жалақысын бейресми қосымша конвертте алатын 260 адам. Ойынханалардың осы азаматтарға берешегі шамамен 130 млн.теңгені құрап отыр.

«Мен казинода жеті жыл жұмыс істеп жүрмін. 2015 жылдан бері директорлар жиі өзгеріп, жалақы төлеуге байланысты мәселелер басталды. Казиноға қарыз ақшамызды сұрап келгенімізде басшылық бізден салық тексерісі жүріп жатқандығын хабарлап, бізді кіргізбей, бұл жерден кетуімізді талап етті.  Жұмысшылардың үлкен тобы жиналғанда, барлығымыз ғимарат ішіне кіріп кеттік. Біздің ақшамызды бермейінше, бұл жерден кетпейміз», — деді Фарида Сейдалимова.

Қалыптасқан жағдайға байланысты 2018 жылдың 14 маусым күні Талдықорған қаласында құқық қорғау саласының, мемлекеттік ұйымдарының, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіподақ ұйымының басшыларының және де «Penson Group» және «The Alma City» ЖШС құрылтайшыларының сенімді өкілдерімен аштық жариялаған топтың белсенді мүшелерінің қатысуымен облыстық дағдарысқа қарсы штабтың кезектес тыс  отырысы өткізілді.

Штаб отырысы барысында, ойынхана құрылтайшылары 2018 жылдың 15 маусым күні ойынхана қызметкерлеріне бастапқы 10 млн.тенге жалақы қарыздарын төлеу жөнінде міндеттеме алды. Қапшағай қаласының әкіміне 14 маусым күні ойынханалардың құрылтайшыларымен кездесіп жұмысшылардың қалған қарызын қысқа мерзім ішінде төлеп беру мақсатындағы нақты шешімдер қабылдау туралы және аталған жағдайды мысалға келтіре отырып қалған ойынхана қызметкерлеріне еңбек шартына отыруға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді.

«Казино екі бухгалтерия жүргізген. Яғни, қосымша табысты жасырып отырған. Тексерісті әрі қарай жүргіземіз. Қанша ақшаны жасырып үлгерді, одан бюджетке қандай шығын келді бәрін анықтаймыз», — дейді Алматы облысы еңбек инспекциясының басқарма жетекшісі Керімбек Жаншабай.

Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша төмендегідей тапсырмалар берілді:

— Алматы облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасына жұмысшылар тарапынан айтылған заңға қайшы фактілер бойынша заңға сәйкес тексерулер ұйымдастыру;

— мемлекеттік кірістер департаментіне белгілі болған жасырын бухгалтерия мен салықтан жалтару фактілері бойынша заңға сәйкес тексеру жұмыстарын ұйымдастыру;

— құқық қорғау органдарына (облыстық прокуратура, ІІД, ҰҚК) жағдайдың  ушығып кетуіне жол бермеу мақсатындағы жұмыстарды заңға сәйкес ұйымдастыру тапсырылды.

Отырыс нәтижесі бойынша ынталы топ мүшелерімен аштықты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Аталған жағдай облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Abai.kz

[:]