Ерлі-зайыптылардың өміріне бөгде адамның араласуы отбасылық өмірдегі үлкен проблемаларға жол ашады. Әсіресе, қайын әпке мен қайын сіңлілердің араға от салуы қазіргі қоғамда жиі кездеседі. Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы барлық қайын әпкелер мен қайын сіңлілерді ұйып отырған отбасыға іріткі салмауға шақырды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

“Қадірлі қайын әпкелер, қайын сіңлілер! Ағаңыз немесе ініңіз үйленді ме, одан әрі олардың өміріне араласпаңыз. Олардың отбасылық проблемасынан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Себебі, ерлі-зайыптылардың арасына от салып, бір-біріне айдап салғаныңыз үшін қияметте жауап бересіз. Күйеуге шығып кеткені бар, шықпағаны бар, қайын әпке-қайын сіңлілердің інісіне немесе ағасына бұйыра сөйлейтін кездері көп. Әсіресе, әйеліне қатысты әңгімелер жиі айтылады. “Әйеліңе ие бол, әйеліңді бүйтіп тәрбиеле, сенің әйелің ананы сөйтіп қойды” деген сыңайдағы “команданы” қойыңыздар. 

Дүниедегі ең жақсы әрі ең бақытты адам – өз отбасын өзі сүйреп, өз жанұясының жақсылығы үшін еңбектенген адам. Сондықтан, лажы болса өз отбасыңызды алға бастаңыз. Қазақ та қыз баланы қонақ деп айтқан ғой. Сол қонақ болып келіп-кетіп, әрнәрсеге тиіспей, келіннің әр қадамын аңдымай жүрсеңіздер, болды. Тіпті, бауырыңызға ет-жүрегіңіз елжіреп, соншалықты мейіріміңіз тасып бара жатса да, ешкімнің отбасына араласпаңыз. Өйткені, ер мен әйелді құдай қосады. Демек, бір-біріне теңдей қосылған адамдар. Сіз өз өміріңізге, өз жанұяңызға жауаптысыз. Сондықтан, басқалардың өміріне араласпағаныңыз дұрыс”, – деді имам.

 

kaz.nur.kz

 

Рубрика: