АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Хабибтің қолынан көлік алған бойжеткен[:]

[:kz]

Аралас жекпе-жек бойынша Әлем чемпионы, ресейлік спортшы Хабиб Нұрмагомедовтің ақтөбелік аруға «Toyota Camry» көлігін сыйға тартқанын естіп, алғашқыда сенбеген едік. Сонау Мәскеуде өткен ұтыстың әлем бойынша ойнатылып жатқанын ескерсек, Қазақстанның бір түкпірінде тұратын бойжеткенге көлік қайдан бұйырсын дегенбіз. Бірақ бұл ойымыз бекер екен. Кешегі жексенбіде ақтөбелік Сәуле Болатбаева Хабиб Нұрмагомедовтің қолынан көлік кілтін алып қайтыпты.

 

Бұл айрықша жаңалықты естімеген көпшілік үшін қысқаша түсініктеме беріп өтейік.

 

Жаңа жыл қарсаңында танымал спортшы Хабиб өзінің «Іnstagram» парақшасында «гив-байқау» ұйымдастырып, байқау шартын 100 пайыз орындаған оқырмандарына бағалы жүлде қорын өз қолымен ұсынатынын жаз­ған. Жер шарындағы миллиондаған адамдар бағын сынап, спортшы қой­ған талаптарды орындауға кіріседі. Ұтыс­қа Хабибтің қолтаңбасы қойыл­ған бес кітап, «іPhone» және «Samsung Galaxy» ұялы телефондары, 10 мың рубль, арнайы лагерьде жаттығу жолдамасы мен тағы басқа сыйлықтар тігілді. Ең басты ұтыс – «Toyota Camry» көлігін тізгіндеу үшін Сәулеге бұйырыпты. 24 жастағы ару  мыңдаған сандарды анықтаған компьютердің жүлдегерлер тізіміне еніпті.

 

Біз үлкен жүлдені қанжығаға байлаған Сәуле Болатбаеваны тауып, өзімен сөйлескен едік. Өзінің мұндай сыйлыққа ие болғанына түс көргендей әлі сенбей жүрген аруды тыңдасақ.

 

«Мен 1994-жылы 7-желтоқсанда Ақ­төбе қаласында дүниеге келдім. Осында мектеп бітіріп, қазір сауда-саттықпен айналысамын. Ата-анам, бауырларыммен тұрамын. Уақытымның көп бөлігі жұмысқа кететіндіктен әлеуметтік же­лілерде онша белсенді де емеспін. «Уатсап», «Іnstagram», «Вконтакте» желі­леріне тіркеліп қойғаныммен өзімді көрсету мақсатында немесе жұмыс барысында қолдана бермейді екенмін. «Инстаграмда» осыдан 4 жыл бұрын «saule_br» деген жеке парақша ашсам да санаулы ғана достар мен суреттерім бар. Құрдастарым секілді «Инстаға» аса бір құлшыныс танытпаймын.

 

Танымал спортшыға достықты ол Конор Макгрегорды жеңгеннен кейінгі сайысты көрген соң ұсындым. Содан бері ол кісінің парақшасын бір рет те қарамаппын.

Тек Хабиб мырзаның  ұтыс ойнататын күні әйтеуір «Инстаграмға» кіріп қалып, байқауға қатыс­қым келді. Сөйтіп оның талабы бойынша «Подписки» бөліміндегі 119-120 демеу­шісінің барлығына жазылып шықтым.

Ойын 29-желтоқсан күні сағат 20.00-де тоқтатылып, 30-ы күні Хабиб жеңім­паздарды анықтап, есімдерін атайтын болған. Содан оған дейін әлі бірталай уақыт бар, бұйырса көре жатармын дедім де, өз шаруаларымды істеп жүре бердім. Мүмкін тіпті ұмытып та кетер ме едім, егер 30-желтоқсан күні  кешкі 22.00-ден аса құрбымның ағасы телефон соғып, сүйінші сұрады.

Ол уақытта біз құрбым екеуміз жаңа жылға да­йындық жасап, сауда орындарын аралап жүргенбіз.

Ағасы мән-жайды тү­сіндіріп, менің қатысқанымды және көлік ұтып алғанымды қуана жеткізіп жатты. Мен онша сеніңкіремей, «Инстаграмға» кірдім.

 

Хабибтің ойын парақшасындағы тікелей эфирі аяқталып қойған екен. Бірақ байқау оның «storіes»-інде сақтал­ған болатын. Сөйтіп видеоны қарадым. Расында менің аккаунтым бас жүлде «Тойота Камриді» ұтыпты. Сондағы әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл жаңалықты таныс-туыстар мен достар сол сәтте-ақ біліп, құттықтап жатты.

Жүлделі болғанға дейін менің парақшамда 500 ғана дос болса, санаулы күндердің ішінде ол 5000-ға бір-ақ жетті. Құттықтап, ақ тілегін жаудырғандар мен күндеу­шілерден пікірлер әлі де толастар емес.

 

Сол күні түн ортасынан ауғанша құт­тықтауға келген достарыммен сыртта көп сөйлестік. Бірде сеніп, бірде күмәнді ойларымызды ортаға салып, ұзақ отырдық.

Бейнежазбаны бірнеше рет көрдік-ау. Сөйтіп үйге кіріп, ұйқыдағы ата-анамды оятып, айтуды жөн көрдім. Олар да бір қуанып қалсыншы деген оймен айтып едім, жүздерінен сенбей тұрғанын байқадым. Мұнысын білдіргісі келмей, құтты болсын деді де, жатып қалды. Ал менің көзім ілінер емес.

Таңға жуық ұйықтадым ба дегенде телефон безілдеп қоя берді. Жан-жақтан қоңыраулар түсіп, ата-анам мен сіңлілерімнің де ұялыларына тыным болмады.

«Рас па, ұтты ма, қалай, қашан» деген сауалдар осы жақында ғана тоқтады. Өйткені менің бас жүлдегер екенім жаңа жылға дейін анықталғанымен бір жарым айға дейін сыйлықты алу күні белгіленбеді. Мұнан соң әркімнің ойы әр түрлі өзгерді ғой. Өтірік дегендер мен Хабибтің шыншыл адам екеніне сеніп, алдамайтындығын алға тартқандар да болды.

 

Осылай 17-ақпанда ойынды жүр­гізген ұйымдастырушылар бізді көлікті алып кетуге шақырды. Әкем, әкемнің жолдасы және менің досым біздер төрт адам болып Мәскеуге ұштық.

Бұл кезде Хабиб Нұрмагомедов басқа елдегі шаруаларын шұғыл аяқтап, бері келе жатыр екен.

 

Сол кезде уақыт тым жылдам өтіп кеткендей көрінді маған. Спортшы бізді жеке қабылдап, көліктің кілтін табыс етті. Сосын елге қайттық.

Содан бері үйімізден кісі үзілген жоқ. Әкем мен анам «Қуған – жетпейді, бұйырған – кетпейді» дегенді қонақтар­ға қуана айтып отыр», – дейді ерекше толқыныспен ақтөбелік бойжеткен.

Міне, ертегі секілді көрінген ұтыстың басты жүлдегері бір сәтте осылайша жұлдыз болып шыға келді. Біз Сәулеге шын жүректен жүлде құтты болсын дейміз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

zamana.kz

 

 

 

 

[:]