Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік түлегі Ақназар Қажымұраттың мәйіті табылды. Ол ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында ең жоғары ұпай жинаған болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ақназардың туған-туыстары бүгін әлеуметтік желіде Ақназарға іздеу салған болатын. Ол 3 қарашада із-түзсіз жоғалып кеткен. Сол күні кешкі уақытта әжесімен телефон арқылы сөйлескен ол одан кейін байланысқа шықпапты.

 

Алматы қалалық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, 4 қарашада Ақназар Қажымұраттың жоғалуына байланысты арыз түскен. Содан арнайы іздеу тобы құрылды.  

Бүгін криминалдық полиция қызметкерлері жас жігіттің денесін Бостандық ауданынан тапты. Денесінде зорлық-зомбылық іздері жоқ. Қазіргі кезде Ақназардың өліміне себеп болған жайттар анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетері, 2018 жылы Ақназар Қажымұраттың есімі әлемнің жас дарындары арасында кеңінен танылды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары көрсеткішке — 36-дан 36 және 2400-ден 2400 алған. 

Соның арқасында Американың кез келген үздік жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алған. Ол Гарвард университетінің грант иегері еді.

 

Рубрика: