Елордалық Рысмахан Айтбаев оқырмандарға жақсы таныс. Жақында ол бес жасар қызын емдету үшін елден көмек сұрап, портал қолданушылары жалғызбасты әкеге қол ұшын созған болатын. Халықтың көмегімен қызын оңалту орталығына апарған Рысмахан сүйікті жарын да кездестіріп үлгерді. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Рысмахан сал ауруына шалдыққан әрі тілінің шығуы кешеуілдеген бес жасар қызы Інжуді жалғыз өзі асырап келді. Ішкілікке жақын бұрынғы әйелі екі айлық сәбиді күйеуіне тастап, отбасынан бөлек кетіп қалған.

Содан бері ол кішкентай қызы Інжумен бірге өмір сүріп жатыр. Бес жылдан бері қызын жалғыз бағып отырған Рысмахан жақында Нұрсая атты келіншекпен бас қосты. “Ең алдымен халқыма рахмет. Бүгінге дейін ешкімге қол жаймаған едім. Бірақ қызымның денсаулығы үшін бәріне бардым. Осы портал арқылы көмек сұрағанымда, 400 мың теңгедей қаражат жиналды. Дереу сол ақшаны алып, қызымды Алматыдағы оңалту орталығына апарып емдеттім. Бес жасар қызым Інжу аяғын дұрыс баса алмайды. Сондықтан, қолыма кішкентай тиын-тебен түссе, қызымның еміне жұмсаймын. 

Оңалту орталығына Арқалықтан келген Нұрсая деген келіншекпен таныстым.

Оның екі қызы бар. Бірінші некесі сәтсіз аяқталып, екі қызын жалғыз өсіріп отыр екен. Танысып, бір-бірімізді ұнаттық. Ең бастысы – қызыма қатты ұнады. Нұрсаяның екі қызына еріп жүре бастады, сөйлей бастады”, – дейді ол.

Рысмахан қызын екі айлығынан бастап өзі баққан. Өткен сұхбатында ол өзіне жақсы жар, қызына жақсы ана болатын адамды әлі кездестіре алмай жүргенін айтқан болатын. “Бүгінге дейін үйленбей жүруімнің себебін жанымдағылар жақсы біледі. Мен бірінші кезекте қызымды жылатпайтын, қызыма жақсы ана болатын адам іздеген едім. Құдай сол тілегімді қабыл қылып, Нұрсаяны кездестірдім.

Ата-анасының алдынан өтіп, батасын алдық. Олар екі қызын жылатпай, аялап өсіруімді сұрады. Мінеки, бүгінде үш қызымызды қасымызға алып, өмір сүріп жатырмыз. Жақында менің жатақханама Нұрсаяларды көшіріп алдым. Барлығы үшін шүкір. Балаларымыз аман болсын”, – дейді қуанышымен бөліскен Рысмахан.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: